Солтүстік Қазақстанда тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты азайту, сыбайластыққа қарсы көзқарас тудыру, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімділігін арттыру мақсатымен «Қызылжар-адалдық алаңы» офисінің жұмыс істейтінін бұрын айтқан болатынбыз. Сол ұйымға Есіл ауданының алты ауылынан ауыз судың тапшылығы жөнінде шағым түскен болатын. Бұлардың қатарында Бұлақ, Тауағаш, Сарман сияқты іргелі қазақ ауылдары да бар. Соның ішінде Тауағаш ауылына құбыр жеткізілгенімен әлі күнге су бармай тұрған. Осы қатарда аудан орталығы Явленка селосының да болғаны ауыз су мәселесінің бұл аудандағы жайы барынша өткір екендігін көрсетіп тұр.
Аудан әкімі Алтынбек Абдуллаев «Қызылжар-адалдық алаңында» бұл мәселелер «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде шешілетін болып, 34 жоба бойынша 2,9 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінгенін жеткізді. Соның ішінде басқа да басымды инфрақұрылымдық жобалар бар. «Сумен қамту жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша 4 жоба іске асырылып, оған 69,9 млн. теңге бөлінді. Бұл ауданның 3 мыңнан артық тұрғынын сумен қамтамасыз етуге бағытталған жоба. Соның ішінде аудан орталығы Явленка селосының сумен қамту жүйесін жөндеуге 19,2 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыс мамырдың 5-нен басталып та кетті, аяқталуы тамыздың 30-нда болады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Ильинка, Волошинка ауылдарының су жүйелерін жөндеуге тиісінше 20,3 және 19,4 млн теңге бөлінді. Ал Тауағаш ауылына су жеткізуге 6 млн. теңге бөлінді», деді Алтынбек Абдуллаев.
Сонымен бірге ол «Қызылжар адалдық алаңында» аудан және селолық әкімдердің тұрғындармен 7 мыңнан артық адам қатысқан 50-ге жуық есепті кездесу өткізгенін және осы мәселелер сол жиындарда айтылғанын жеткізді. Оларда тұрғындар өздерін қатты алаңдататын мәселелер бойынша 106 ұсыныстар мен пікірлер білдірген екен.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Есіл ауданы