Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын командалар біріншілікті қорытындылап, үмітті ақтамаған ойыншыларымен және бапкерлерімен қоштасып жатыр. Енді бірі алдағы маусымға жоспар құрып, өткен маусымда көзге түскен үздік хоккейшілерді өз құрамында көру үшін трансфер базарын қыздыруда. Ал елорданың «Барыс» клубы әзірше жаңа маусымға жоспар құруға асығар емес.
Дәл қазіргі уақытта қазақстандық жанкүйерлерді «Барыстың» тізгінін кім ұстайды деген сұрақ мазалауда. Өйткені сәуірден бері бас бапкерсіз қалған «Барыс» екі ай бойы жаттықтырушы таба алмай жүр. Бәлкім, бұған команданың алдағы маусымдағы бюджетінің бекітілмегендігі себеп болуы мүмкін. Өйткені жылдық шығынды есептемей, жаттықтырушымен келісімшарт жасай алмайтыны белгілі. Қазақстандық БАҚ өкілдерінің жазуынша, «Барыстың» басшылығы жаңа бас жаттықтырушының есімін келесі айдың басында жариялауы мүмкін. Себебі командалар шілдеден бастап жаңа маусымға жаттығу жиындарын бастауы керек.
Елорда ұжымына бапкер болып келетін кандидаттардың ішінде Ресей, Финляндия, Канада, Беларусь және Қазақстанның мамандары бар екені айтылуда. Сондай-ақ «Барысқа» келген маман міндетті түрде Қазақстан ұлттық құрамасын да жаттықтыруы керек. Ал көп жағдайда жаттықтырушылар «екі кеменің басын ұстауға» келісімін бере бермейді.
Спорт сарапшылары «Барысты» баптауы мүмкін деген жаттықтырушылардың ішінде негізгі үміткер – қазақ жанкүйерлеріне есімі жақсы таныс финляндиялық Ари-Пекка Селин екенін айтып жатыр. Фин маманы елорда командасын бұған дейін 2013/2014 жылғы маусымда жаттықтырып, біраз жетістікке қол жеткізген. Селиннің қол астында «Барыс» Чернышев дивизионында бірінші рет топ жарып, Гагарин кубогы жарыс жолында плей-офф бәсекесінің екінші кезеңіне шыққан.
Ал команданы кейінгі екі жылда басқарған 49 жастағы Андрей Скаелка «Барыспен» бірге тәуір нәтиже көрсетіп, Ари-Пекка Селиннің жетістігін қайталағанын айта кетейік. Өйткені екі маусымда да жерлестеріміз Чернышев дивизионында топ жарып, Шығыс конференциясында екінші орынға табан тіреді. Екі ретінде де плей-офф додасының екінші кезеңіне шықты. Тіптен, биыл Гагарин кубогында одан да зор көрсеткішке қол жеткізуге шақ қалған еді. Бірақ коронавирусқа байланысты «Барыс» бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Жұмыс орнын Нұр-Сұлтаннан Ярославль қаласына ауыстырған Беларусь маманы қазақтың «қуыс үйден құр шықпа» деген мақалын ұстанды ма екен, өткен маусымда «Барыс» құрамында үздік өнерімен көзге түсіп, команданы өрге сүйреген екі бірдей ойыншыны өзімен бірге «Локомотивке» алып кетті.
Атап айтар болсақ, канадалық қақпашы Эдди Паскуале мен финляндиялық қорғаушы Атте Охтамаа ҚХЛ-дің келесі маусымында теміржолшылардың намысын қорғайды. Екі хоккейші де өткен маусымда «Барыстың» негізгі құрамдағы ойыншысы еді. 2019 жылы елорда ұжымын толықтырған тағы бір канадалық хоккейші Корбан Найт Омбының «Авангардының» шабуыл шебін күшейтеді деген үмітпен сол жаққа шақырту алды.
Келесі маусымда «Барыс» жақсы өнер көрсетіп, жанкүйерлердің көңілінен шығу үшін командадан кеткен ойыншылардың орнын жоқтатпайтын тәуір ойыншылармен құрамды күшейту керек. Алайда, «Барыс» жаңа хоккейшілерді құрамға қосуға асығар емес. Өйткені трансфер базарындағы белсенділікті байқай алмай отырмыз. Қазіргі таңда сүйікті командамыз өткен маусымда келісімшарты аяқталған ойыншылармен жаңа келісім орнатып, клуб тәрбиеленушілерін негізгі құрамға қосудан қолдары босамай жатқан сияқты.
Мәселен, өткен аптада екі бірдей ойыншымен келісімшартын ұзартты. 2016 жылдан бері «Барыс» клубында ойнап келген қорғаушы Егор Шалапов елорда командасында тағы екі жыл өнер көрсететін болды. ҚХЛ-дің өткен маусымында 60 ойынға қатысқан Шалапов бір шайба соғып, 10 рет нәтижелі пас асырған. Сонымен қатар қақпашы Хенрик Карлссонмен біржақты келісім жасалды. Хенрик 2021 жылдың 30 сәуіріне дейін «Барыс» қақпасын қорғайды.
Ал 2017/18 және 2018/19 жылғы маусымда «Барыс» құрамында ойнаған шабуылшы Мэтт Фрэттин клубқа қайта оралды. Ол да 2021 жылдың 30 сәуіріне дейін елордалықтар қатарында болмақ. 32 жастағы канадалық спортшы кезінде Ұлттық хоккей лигасында да ойнаған. Нақтылап айтсақ, 2011/13 жылдары «Торонто Мейпл Лифс», 2013/14 жылдары «Лос-Анджелес Кингз», 2014 жылы «Коламбус Блю Джекетс» клубтарының намысын қорғады. Биылғы маусымды «Ақ Барыстың» сапында өткізіп, 60 кездесуден кейін 33 (11 гол+22 пас) ұпай жиды.
Сонымен қатар бұған дейін «Барыс» сапында өнер көрсетіп келген шабуылшылар Аркадий Шестаков, Роман Старченко, Никита Михайлис және қорғаушы Егор Шалапов келісімшарттарын екі жылға ұзартқаны белгілі болды. Жуырда клубтың ресми сайты «Барыстың» екінші командасы саналатын «Номад» клубында жасындай жарқылдап, көзге түскен бірқатар ойыншылармен еңбек келісімшартын жасағанын хабарлады. Атап айтар болсақ, ҚХЛ-дің алдағы маусымында қақпашы Денис Каратаев, шабуылшылар Саян Данияр, Антон Некряч және Иван Верещагин «Барыстың» намысын қорғайды.