Жыл сайын 25 мамырда айналамыз жүздері бал-бұл жанып, қолдарына гүл ұстап, мектепке асыққан оқушыларға толып кетуші еді. Соңғы қоңыраудан кейін мектеп бітірген түлектер иығына асқан көк ленталарын шешпестен көшеде алшаң басып ұзақ жүрсе, үздік оқыған оқушылар алған грамоталарын ата-анасына жеткізуге асығатын.
Ал биылғы соңғы қоңырау соғылмады. Әлемді әлекке салған коронавирус пандемиясына байланысты биылғы соңғы қоңырау ерекше жағдайда өтті. Бұл ел тарихында, білім саласында бұрын-соңды болмаған жағдай. Иә, еліміздің мектептеріндегі соңғы қоңырау шарасы онлайн түрде өткізілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында мектеп түлектерін «соңғы қоңырау» күнімен құттықтап, «Асыл армандарыңыз орындала берсін! Болашақтарыңыз жарқын болады деп сенемін! Жас ұрпақты ғажайып білім әлеміне жетелейтін ұстаздар қауымына қажырлы еңбектері үшін алғыс айтамын!» деп, түлектерге сәттілік тілеп, ұстаздарға ризашылығын білдірді.
Жалпы алғанда биылғы оқу жылы 4 миллионнан астам оқушы мен студенттің есінде қашықтан оқыту форматына көшумен сақталып қалатыны сөзсіз. Елімізде 7 412 мектеп бар, онда 3 349 069 бала оқиды. 9 сынып оқушыларының саны – 266 897, 11 сынып түлектерінің саны – 144 706. Әдеттегідей түлектердің санының көптігі жағынан Түркістан облысы алдыңғы орында тұр. Бұл аймақта биыл 24 мыңнан астам түлек мектеппен қош айтысты. Ал «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 8 506. Биыл ҰБТ-ға қатысу бойынша рекордтық жағдай тіркеліп, тестке 130 мыңнан астам түлек қатысуға бел байлап отыр. Оның ішінде 111 017-сі биылғы оқу жылының мектеп түлегі болса, 20 000-нан астамы колледж және өткен оқу жылдарының мектеп түлегі.
Карантинге байланысты қазақстандық оқушылар аттестатын 3-4 маусымда ашық алаңда алады. Оның да өз тәртібі бар.
Дегенменде бұл жағдай оқушылардың да, ұстаздардың да сағын сындырмайды, рухын түсірмейді. Қашықтан оқыту мен соңғы қоңырауды онлайн түрде өткізу қиын сәтте қолға алынған уақытша шаралар екенін ел жақсы түсінеді. Біз карантин кезінде темірдей тәртіпті сақтаудың арқасында қиындықты жеңеміз.
Бұл жағдай әсіресе, мектеп бітіруші түлектердің асыл арманына, алдағы жоспарына, жарқын болашағына ешқандай кері әсер етпеуі тиіс. Биылғы мектеп бітірушілер әлем тарихындағы ерекше түлектер. Олардың оқуға, ғылым-білімге деген таудай талаптарына ешқандай да қиындық қарсы тұра алмайтыны анық. Ендеше, арман қуған түлектеріміздің алар асуы биік болсын.