Елімізде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың саны 8531-ге жетті (соңғы мәлімет бойынша 8969 - Ред.). Тіпті 23 мамыр күні бір тәулікте осынау індетті жұқтырған 403 адам анықталып, рекордтық жағдай тіркелді. Ал бұл кезде біздің қоғам әлі «Коронавирус бар ма, жоқ па?» деген мәселені талқылап, әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі әңгімелердің өрбуіне себеп болуда. Яғни халық әлі күнге осынау қауіпті індетке сенімсіздікпен қарап, күнделікті тіршіліктің күйбеңімен тәртіп пен тазалықты ұмытып кетіп жатыр.
Жасыратыны жоқ, Төтенше жағдайдың аяқталып, карантин талабының жеңілдеуі кейбір өңірде коронавирустың күрт өршіп кетуіне алып келгендей. 24 мамыр күні қауіпті індетті жұқтырған тағы 209 науқас тіркелді. Нақтырақ айтсақ, Алматы қаласында – 37, Қарағанды және Жамбыл облыстарының әрқайсысында – 33, Нұр-Сұлтан қаласында – 32, Батыс Қазақстан облысында – 28, Атырауда – 12, сонымен инфекция бас-аяғы 12 облыс пен екі қаланың тұрғындарынан анықталды. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысы карантин мерзімін 15 маусымға дейін, Атырау облысы мен Шымкент қаласы 8 маусымға дейін, Шығыс Қазақстан облысы 1 маусымға дейін созуға мәжбүр болды. Жамбыл облысында індеттің өсу қарқыны 12,7 пайызға жеткендіктен бұл аймақта да карантин талаптары қайтадан қатаңдатылмақ.
О баста бұл індет жасы үлкен жандар үшін өте қауіпті екені айтылған болатын. Сөйтіп кейбір мекемелер жасы 65-тен асқан кісілерді үйде отырып жұмыс істеуге жіберді. Бірақ жақында Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова вирус жұқтырғандардың 76 пайызы 18 жастан 49 жас аралығындағылар екенін айтты. 16%-ы 50-69 жас шамасындағы кісілер болса, 70 жастан асқан қарттар – 2%, ал балалар 6%-ды құрап отыр.
Бұдан Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері өтірік айтқан ба деп қалатының анық. Жоқ. COVID-19 инфекциясының қарт кісілер үшін өте қауіпті екеніне күмән жоқ. Бұл біздің елде 18 жастан 49 жас аралығындағылардың тәртіп пен тазалықты көбірек бұзатынын, содан бұл індеттің құрығына осы жастағылардың көбірек ілінетінін аңғартса керек. Мысалы, Қарағанды облысында аурудың 1 жағдайы 18 ошақтың пайда болуына себеп болды. Түркістан облысында да 1 пациент 8 ауру ошағын пайда қылып, 20 адамға жұқтырған. Нұр-Сұлтан қаласында бір отбасындағы 5 бірдей адам түгел сырқаттанды. Яғни ауызашарға барған пациент маңындағыларға инфекция таратқан. Бір адамның салғырттығы бүтіндей бір отбасының, бір әулеттің осынау індетке шалдығуына себеп болуда. Сондықтан әр адам тәртіпті өзі ғана сақтамай, жанындағылардан да талап етуі тиіс.
Тағы бір айтары, індетті жұқтырғандардың 62 пайызында аурудың белгілері байқалмайды. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов: «Вирус жұқтырғандардың санының өсуі халық арасында профилактикалық тесттің көбейгенімен байланысты. Тест нәтижесінде анықталған науқастардың 80-85 пайызы ауырмаған, симптомы жоқ» дейді. Яғни ел тұрғындары «жөтел, дене қызуым жоқ, бойымда коронавирустың ешқандай белгілері байқалмайды» деп арқаны кеңге салуына болмайды. Кез келген адам инфекцияны таратып жүргенін өзі де білмеуі мүмкін.
Бұл індетке бейжай қараудың салдары ғой, блок-бекеттерде тәртіп бұзу әлі күнге тыйылмай келеді. 25 мамырда таңғы сағат 05.26-да BMW маркалы көлігін жүргізуші Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай шағын ауданы Қожабеков көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Жаңа Ғасыр көшесінің қиылысында №4 блок-бекетке барып соғылып, инерциямен патрульдік көлікті барып ұрған. Көліктегі екі полиция қызметкері қайтыс болды. Арақ ішіп, машина айдаған жүргізуші қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полицейлердің біреуі – 42 жастағы аға лейтенант Жарас Жанғазиев алған жарақатынан жедел жәрдем жеткенге дейін қайтыс болды. Ол – Батыс Қазақстан облысының тумасы, ішкі істер органдарында 2001 жылдан бастап еңбек еткен. Үйленген, артында екі перзенті қалды. Ал 1994 жылы туған полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауруханада қайтыс болды. Үйленген, соңында туғанына бір ай болған қызы қалды.
Соңғы мәліметтерге қарағанда бұл індеттен жазылғандардың саны 4532-ге жетті.