Кеше Мемлекет басшысы бірқатар заңға қол қойды. 2019 жылдың желтоқсанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент жария еткен саяси реформаларды әрі қарай дамытудағы, демократия жолындағы іс-шара ретінде осы екі заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігін жариялаған болатын. Көріп отырғанымыздай, реформалар жүзеге асып, өзгертулер енгізіле бастады.
2016 жылдың наурызында елімізде Парламент Мәжілісінің және мәслихат депуттарының сайлауы өтті. Республика Конституциясында депутаттардың өкілеттігі 5 жыл деп көрсетілген.
Сондықтан келесі кезекті сайлау 2021 жылдың наурыз айынан кешіктірілмей өтуі тиіс. Демек, саяси партиялардың ендігі сайлауына 10 айдай уақыт қалды. Келесі мәслихат депутаттарын сайлау ерекше болмақ. Өйткені депутаттар партия ұсынған тізім бойынша сайланады.
Осыған орай аудандарда, облыстарда, қалаларда сайлау өткізудің маңызы арта түседі деп ойлаймын. Бұған қоса, партия тізімін ұсынған кезде ондағы әйелдер мен 29 жасқа толмаған жастардың үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл әйелдер мен жастарға үлкен жол ашпақ.
Дәл осы заң жобаларын Парламент қабырғасында талқылау барысында партиялық тізімге енетін әйелдер мен жастардың үлесі 50 пайыздан асуы керек деген тақырыпқа қатысты да қызу пікірталас болды. Заңда әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайыздан шектелсін делінбеген. Бұл – ең төменгі көрсеткіш.
Олардың үлесі 34, 45, 55 пайыздан жоғары болса да шектеу қойылмайды. Меніңше, алдымыздағы сайлау өте қызықты өтеді. Оның ішінде мәслихат депутаттарының партиялық тізіммен сайлануы сайлауға жаңа серпін береді.
Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ,
Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы