Орал қаласындағы Достық үйі ғимаратының жанынан Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға жалпы салмағы 12 тонна гуманитарлық көмек аттанып кетті.
Қайырымдылық жүктің ішінде Батыс Қазақстан этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, кәсіпкерлер мен Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан Халық Ассамблеясы еріктілері жинаған азық-түлік, күнделікті қажет бұйымдар, құрылыс материалдары, киім-кешек және басқа тауарлар бар.
Бұл көмекті ұйымдастырып, қаражат пен керек заттарды жинауға Ақ Жайық өңірінде тату-тәтті тұрып жатқан татар, әзірбайжан, ұйғыр және армян этномәдени орталықтары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы, «BIRLIK» еріктілер тобы, «Достық» қазақ-вайнах клубы, «Patriot» спорт клубы, «Кадыргалиев Т.А.» жеке кәсіпкерлігі, «UralskRunners» желаяқтар клубы ерекше үлес қосты.
Гуманитарлық көмекті артқан көптонналық жүк көлігін Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері сәт-сапар тілеп, шығарып салды.
Айта кетейік, батысқазақстандықтар Мақтаралдағы су тасқынынан зардап шеккен халыққа бұдан бұрын да бірнеше мәрте жәрдем жіберген болатын.
Батыс Қазақстан