Коронавирустың кесірінен еліміздегі бірқатар мекеме жұмысын онлайн режімде жалғастырып жатыр. Мәселен, кеше сағат 12.00-де Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласының Достық үйі Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейінде тікелей эфирде онлайн-экскурсия ұйымдастырды.
Бұл музей 2001 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылыпты. Алғашында мемориалдық кешен бұрынғы емханасында орналасса, кейін 1933-1935 жылдары мыңдаған тұтқынның қолымен тұрғызылған ҚарЛАГ басқармасының ғимаратына көшіріледі. 2011 жылы жаңадан ашылған музейдің кеңейтілген экспозицияларының тұсаукесері өтіпті.
Бүгінде ғимараттың жалпы ауданы – 3326,6 шаршы метр. Келушілердің назарына музейдің 3 қабатында орналасқан 17 экспозициялық зал ұсынылады. Олардың қатарында «Қазақстандағы ашаршылық», «ҚарЛАГ-тың қалыптасу тарихы», «ҚарЛАГ-тың шаруашылық жұмыстары», «Әйелдер мен балалар», «Халықтар депортациясы» және тағы басқалар бар. Музейдің тұрақты экспозицияларында саяси қуғын-сүргін тарихының мұрағаттық құжаттары, хаттар, фотосуреттер, ҚарЛАГ тұтқындарының жеке бұйымдары мен түрлі экспедиция кезінде табылған еңбек және тұрмыс құралдары орналастырылған. Сонымен қатар лагерь тұтқындарының қолымен жасалған өнер туындылары да бар.
Музейдің төменгі қабатында орналасқан тергеу изоляторының инсталляциясы: карцер, ер адамдар мен әйелдердің камералары, тергеушінің кабинеті, азаптау бөлмесі және тағы басқалар экскурсия келушілердің назарын аудартады. Бұл жерде тұтқындардың қапастағы жағдайы, оларды тергеу және жеке істерін толтыру сәттері бейнеленген. Тергеу изоляторының инсталляциясы тұтқындардың, оларды бақылаушылар мен тергеушілердің гипс пен балауыздан сомдалған мүсіндерімен толықтырылыпты.
– Коронавирустың салдарынан қызметімізді түрлендіруге тура келді. Алайда жұмыс тоқтап қалған жоқ. Жоспарланған көрмелерді онлайн режім арқылы ұсынып отырмыз. Қызығушылық танытқандарға түрлі материалдарды, құжаттарды таныстырамыз. Осы онлайн режімдегі жұмысты келушілерге музей есігі ашылған кезде де жалғастыра беруді көздеп отырмыз. Себебі мұражай аралауға, арнайы келуге көп адамның мүмкіндігі бола бермейді. Жаңа технологиялар ғасырында өмір сүріп жатқан соң, оның игілігін де пайдалануымыз қажет. Сондай-ақ жыл сайын өткізілетін «Қайта оралған есімдер» акциясын да осы аптада ұйымдастырамыз, – дейді мұражай басшысы Светлана Байнова.
Музейге келушілердің саны жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана 32 мыңнан астам адам келіпті. Олардың арасында шетелдік қонақтар да бар. Жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары келіп, музей қызметкерлерімен түрлі мәлімет алмасып жатады. Қандай да бір тұлғаның өмірбаяны зерделеніп, соның нәтижесінде музей қоры да толыға түседі.
Сонымен қатар музей қорында депортацияға ұшыраған П.Реченский, Л.Андреюк, Л.Гамбургер сынды суретшілердің сирек кездесетін туындылары сақталған. Сондай-ақ 1932-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде Моңғол және Қытай елдеріне көшіп кеткен жергілікті халықтың тұрмыстық заттары, тұтқын әйелдердің қолымен тігілген кестелер, сол заманның музыкалық аспаптары, тұтқындардың жөндеу-механикалық зауытта дайындаған құралдары, қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке заттары, тағы басқа да құнды жәдігерлер бар.