• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Коронавирус 28 Мамыр, 2020

Теңіз кенішіндегі 90% жұ­мыс­­шыда індет симптомсыз болған

835 рет
көрсетілді

Атырауда дәл бұлай болар деп кім ойлаған? Қазір бұл өңірде жаһан жұрты шоқ басқандай үрейленіп, атын айтуға қорқатын қауіпті індет өршіп тұр. Әсіресе мол мұнайымен әлемге әйгіленген Теңіз кенішінде тіркелуі тоқтар емес. Өңірлік жедел штабтың дерегіне сүйенсек, 26 мамырда Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 923 адамға жетті. Оның ішінде 809 пациент – Теңіз кенішінің жұмысшылары. Ал Атырау қаласында – 75, Жылыой ауданында – 17, Құрманғазыда – 8, Мақатта – 7, Исатайда – 5, Махамбетте – 1 және Индер ауданында 1 дерек тіркелген. Науқастардың арасынан әзірге 233 адам ғана қауіпті індеттен жазылып шыққан.

Рас, Атырауда корона­ви­рус­тың таралуын тоқтату үшін сақтық шаралары қолға алы­нып-ақ жатыр. Карантин мерзімі 8 маусымға дейін ұзар­ты­лып, тұрғындардың түнгі сағат 23:00-ден таңғы сағат 6:00-ге дейін жүруіне шектеу қо­йылды. Дәрігерлер, әсіресе облыстық жедел жәрдем стансасы мен №2 инфекциялық аурухананың ұжымы отбасына бармастан күні-түні індетпен арпалысып жатыр. Қазір қа­уіп­ті індетпен күреске 650 меди­ци­на қызметкері тартылып отыр. Ал Теңіз кен орнындағы мердігер мекемелердің жұмыс­шы­­ларын тұрғылықты мекенжайына жеткізу қолға алын­ды. «Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және жұрт­шы­лық­пен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Арты­ға­лиев­тың айтуынша, наурыз айынан бері кен орнынан 18,5 мың жұ­мыс­шы шығарылған.

– Теңіз кенішінен жұмыс­шы­ларды шығару үшін 40-тан астам коммерциялық әуе рейсі, «Теңізшевройлдың» «Dash 8» ұшағымен 211 арнайы рейс ұйым­дастырылды. Сондай-ақ олар мекенжайларына автобуспен (170) және темір жол тасымалымен (16 пойыз) жеткізілді, – деді Рзабек Артығалиев.

Оның мәлім етуінше, жұ­мыс­­шы­лардың 90 пайызында індет симптомсыз болғаны анық­талған. Теңіз кен орнында ПТР талдауларының саны 8 мыңнан асты. Орташа есеппен күн сайын 400-ге жуық талдау жасалады. Бұл тәсіл арқылы нау­қастармен байланысқан тұл­ғаларды анықтау статис­ти­ка­ға айтарлықтай әсер еткен. «Нәтижесінде, коронавирус бо­йынша оң нәтижелер санының өсуін көрсеткен. Жаппай сынақтар жүргізу барысында вирус белгілері жоқ адамдарда да індет табылып отыр.

«Теңізшевройл» мен мер­ді­гер ұйымдар санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен бірге нұсқауларға сәйкес тесті­лер­ді жинау, індет жұқтырған адам­дарды анықтау, жеке адам­дарды оқшаулау бойынша іс-шараларды жалғастыра береді. Теңіз кен орнындағы инфек­ция­лық стационар коронавирус инфекциясының жұмсақ және сим­птомсыз түрімен ауыратын науқастарды қабылдайды. Мұнда, арнайы қабылданған хаттамаларға сәйкес 376 адам ем қабылдап жатыр. Сондай-ақ оқшаулау, әлеуметтік қа­шық­тық, бетперде кию, жеке гигие­на­лық шаралар қатаң сақталған.

– Біз барлық мердігер мен олардың қызметкерлерінен осы шараларды орындауды сұ­раймыз. Олай болмаған жағ­дай­да, келісімшарттар мен еңбек шарттарын бұзуға дейін баратын қатаң шаралар қол­да­нылады. ТШО-ның қауіп­сіздік қызметі Жылыой ауда­ны­ның әкімдігімен, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіп­сіз­дігін бақылау және полиция департаменттерімен бірлесіп, Те­ңіздегі ауысымдық лагерлерде осы стандарттардың орындалуын үнемі қадағалап отырады, – деді Р.Артығалиев.

Бірақ «Теңізшевройл» ЖШС басшылығы вахталық тә­сілмен еңбек ететін қыз­мет­кер­лердің коронавирус инфекциясына байланысты жұмысқа шыға алмағанына қарамастан, олардың жалақысы толық сақ­та­латынына сендіріп отыр. Ал кен орнындағы вахталық жұ­мысы мерзімінен асқан жұмыс­шы­лардың жалақысына 1,5 коэффициент қосылады екен.

Бас менеджер Рзабек Арты­ға­­­лиевтың айтуынша, Аты­рау об­­лы­­сында індеттің қоғам­дық ортада таралмауы үшін кө­­­мек ретінде 4,6 млн доллар бөлді. Сондай-ақ наурыз айында жалпы құны 1,3 млрд тең­ге­ге бағаланған ме­ди­цина­лық құ­рал­дар мен жаб­дық­тар­ды сатып алып, тиісті орындарға тар­ту етті. Бұл – медицина қыз­мет­кер­леріне арналған бір реттік костюмдер, бетперде, респираторлар, реанимациялық және рес­пи­раторлық құрылғылар, екі же­дел жәрдем көлігі, теплови­зор­лар, зарарсыздандыру құ­рал­дары және био­ло­гия­лық ма­териалдарды тасымалдайтын арнайы контейнер­лер. Ал «Ұлт­тық сараптау орта­лы­ғының» Атырау филиалына COVID-19 ви­русын анық­тай­тын құрылғы мен тестілеуге қа­жет­ті материалдар жеткізілді. Орта­лыққа қай­тарымсыз тарту етіл­ген құ­рыл­ғының құны 500 млн теңге тұ­рады.

–  Әлеуметтік жауапкершілік – ТШО-ның қабылдайтын ше­шім­­дерінің ішіндегі маңыз­ды қағидаларының бірі. Кез келген кәсіпорын үшін қа­лып­ты жұмыс ырғағының сақ­талуы маңызды. Сол себеп­тен ком­­панияда жұмыс істей­тін әр­бір қызметкердің қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз етуге назар ау­дар­дық. Сонымен бірге мың­­­даған адамды құтқарып, қа­уіп-қатерге бас тігіп жүрген д­ә­рі­гер­­лерге көмек көрсетуге де күш салдық, – дейді ол.

Тегінде төрткүл дүниенің тынысын тарылтқан қауіпті індет сақтық шараларын сақ­тау­мен, әлеуметтің жауап­кер­­ші­лікті жете сезінетін ком­па­ния­­лардың қолдауымен ғана тоқ­тайтыны даусыз. Бірақ ка­ран­­тиндік шектеулердің тала­бы бейқамдықты да, қыды­рым­паздықты да көтермейді. Тіпті екі жеп, биге шығатын пы­сықайлық та бүгінгі талап үдесіне сай келмейді. Ең ма­ңыз­дысы – сақтық. Өйткені сақ­танған адам ғана сау жүрері даусыз.

 

Атырау облысы