Сурет
Алдыңғы күні табиғат аясында түскен суретін жариялаған. Спорттық костюм киген жігіт ағасы жалғыз өзі жасыл шөпте малдас құрып отыр. Даланың перзенті екендігі есіне түскендегі жайбарақат, жайсаң кейіп. «Тұмса табиғат құшағында» деп жазып қойыпты.
Кеше лентадан кеңсенің ішінде түскен суреті айналды. Сіресіп киініп, галстугына қылғына жаздап тұрғаны аздай, көзілдірігінің ар жағынан шытынап қарайды. Қызметінің де, өзінің де маңыздылығын көпке көрсеткісі келетін түр.
Бүгін таңертең үй ішіндегі бейнесіне көзайым болдық. Тағы да өзі отыр. Аз-аздап, құнарлы ас жеу керектігі туралы шағын ғана жазбасы бар.
Ертең ол әлеуметтік желіге мейрамханада түскен суретін жариялайды. Мүмкін ол суретке бір жыл бұрын түскен шығар. Ол уақытпен санасып жатпайды. Оның сол жерде болғаны айдан анық. Мүмкін ол әлдебір маңызды жиынға қатысқанын көрсетер? Әлде досының үйіне қонаққа барар? Қайтсе де жалғыз өзі түскен суретін осында салады. Оған мен шүбә келтірмеймін.
Өзгеріс
Саған өзгеру керек. Білесің бе, сені өзгертетін кітаптар бар. Оларды оқыған соң айналаңа мүлде басқа көзбен қарай бастайсың. Табиғи, еркін, батыл, қайырымды, ең бастысы, саналы жанға айналасың. Өмірің өзгеріп, табысың артады, сый-құрметке ие боласың. Тіл табыса алмай жүрген қарсыластарыңмен арадағы барлық мәселе өз-өзінен шешіледі. Өміріңнің сапасы артады. Сен енді күнкөріс үшін емес, ұлы мақсаттар үшін жұмыс істейтін боласың.
Саған өзгеру керек. Ертеңге қалдырма, бүгіннен баста. Мықты кеңесшілермен байланысып, олардың жиындарына қатыс. Мүмкіндікті барынша пайдалан. Оларға көпшіліктің не үшін қызығатынын біліп ал. Олардың өмірлік тәжірибесін зертте. Ең басты мақсатың – өзіңді өзгерту. Сондықтан ең бірінші неден бастау керектігіне мән бер.
Саған өзгеру керек...
Құлағым сарсыды, көзім тұнды. Осыдан қашып құтыла алмайтын сияқтымын. Достарым соңымнан қуып жүріп осыны айтады, туыстарым осындай мағынадағы хат жолдайды, таныстарым қалай өзгергенін айтып мақтанады. Түсімде де мінезі жұмсақ, өңі жайдары, уайымы жоқ әмбебап адамдар «саған өзгеру керек» деп жымиып тұратын болды...
Құбылыс
«Таңғажайып талант. Тау суындай сұрапыл сөздердің иесі. Алты құрлықта кездеспеген құбылыс».
Әдеби кеңістікте қалықтап жүрген осы сөздер жас сыншыға әжептеуір әсер еткен. «Бұл неғылған құбылыс, мен неге ол жайында жазбаймын» деп төсегінде біраз күн дөңбекшіді. Сосын ешқандай дау тудырмайтын, уақыт сынынан сүрінбей өткен мықтыларды қаузай бермей, бір ауық «жаңа құбылыс» туралы да «әу» деп қоюды ойластырған. Бірақ ол оған үлгере алмады. Өйткені олардың қатары көбейіп кетіп еді. Әдебиетке енді келген, болашағынан үміт күттіретін жастардың бірталайына осы «анықтама» оп-оңай үлестірілді. Газет-журналдар олардың аты-жөнінің қасына «құбылысты» қойып басып жатты. Телеарнадан «құбылыс» деген бағдарлама ашылды. Сөйтіп жұрт құбылыстың бастапқы мағынасын ұмытып қалды. Сыншы да ұмытты.