• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2020

Президент сөзі - біз үшін үлкен қолдау

386 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында адам капиталын дамыту, білім беру, денсаулық сақтау мәселелері ортаға салынып, талқыланды.

Мемлекет басшысы қандай да мемлекет үшін адам капиталының маңыздылығын атап өтті. Адам капиталы – мемлекеттің, оның экономикасы мен оның еңбекке жарамды азаматтарының бәсекеге қабілеттігін арттырудың қажетті ресурсы екені белгілі. Осы тұрғыда еліміздің экономикасының дамуында аса маңызды рөл атқаратын сала білім және ғылым жүйесіне тоқталып: «Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз»- деді.

Кеңес барысында қазіргі таңда қабылданған білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасындағы реформалар қайта қаралып, білім мен ғылымды дамыту үшін, білім саласына бөлінетін қаржы 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 7 есе өсетінін айтты. Бұл әсіресе осы маңызды сала қызметкерлері үшін аса жағымды жаңалық.

Мемлекет басшысы әрбір баяндамаларында педагог мәртебесіне көтеруге көп көңіл аударады. Алдағы төрт жылда мұғалімдер жалақысы екі есе өсіп, оларға қолдау көрсетілетіні айтылды. Сонымен қатар, білім сапасын арттыру мақсатында педагогикалық оқу жоспарларының 100 пайыз жаңартылуын, ІТ-құзыреттер, оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын енгізуді тапсырды. Педагог мұғалімдерді дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары болу қажеттілігін көтерді.

Ел экономикасын дамытуда заманауи, жан-жақты, креативті ойлайтын, сапалы білімді мамандардың қажеттілігі белгілі. Осындай мамандарды дайындайтын еліміздегі жоғары оқу орындары арасында бәсекелестікті дамыту, қаржыландыру мен басқару жүйесін жетілдіру қажеттілігі аталып өтті. Білім сапасын жақсарту үшін білім ордаларына талап күшейтілмек. Бұл орайда академиялық адалдық мәдениетін енгізу және оны тарату маңызды болмақ. Адалдық пен құқықтық мәдениеттілікті насихаттау,  жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыру және жаңа формациядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жас өкілдерін дайындау, жастар бойында патриоттық рухты, азаматтық белсенділікті, құқықтық мәдениеттілікті қалыптастыру әрбір жоғары оқу орны жұмысының маңызды бағыты болуы қажет.

Мемлекет басшысы жоғары білімнің қолжетімділігіне, мемлекеттік білім гранттарын бөлуде үміткерлердің оқу жетістіктеріне ғана емес, әлеуметтік жағдайына да назар аударуды табыстады. Ғылыми кадрлар дайындауға көп көңіл бөлінуде. Докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көтеруді, жас ғалымдар үшін гранттар саны алдағы 3 жылда 3 млрд теңгеге артатыны, жыл сайын кемінде 100 жас ғалымның шет елдік жетекші оқу орындарында тағлымдамадан өтуіне қаржы бөлуді қарастыруды тапсырды.

«Білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны үш есе артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, университеттердің материалдық базасын нығайтуға болады. Бұл – маңызды қадам. Өйткені грант құны 2011 жылдан бері өскен жоқ. Еліміздің 10 жоғары оқу орны әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керек. Жо­ғары білім беру сапасының негізгі көрсеткішінің бірі – осы. Бұл межеге 2025 жылы жетуіміз қажет. Қос дипломды бағдарламаларды, студенттердің, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамының ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлығының түрлі формаларын дамытқан жөн. Қазақстандық университеттердің базасында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының кампустарын ашу керек. 10 университетте академиялық басымдық деп аталатын студенттердің тұруына қауіпсіз әрі жайлы орталықтар құрылуы тиіс. Алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың жатақхана орны салынуы керек. Жатақхана өте өзекті әрі өмірлік мәні бар мәселе», - деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Үкімет басшысы жоғары оқу орны оқытушыларының еңбекақысын көбейту мәселесін қарастыруы керектігін де атап өтті.

Мұның бәрі мемлекет тарапынан білім мен ғылым саласын реформалау мен білім сапасын арттыруға, жоғары білім саласын дамытуға  жасалып жатқан үлкен қолдау деп қабылдаймыз.

Гүлсара ДЖОЛДАСБАЕВА,

Yessenov University,

«Бизнес және құқық» факультетінің деканы

Ақтау қаласы