Бұл туралы Филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақова «Egemen Qazaqstan» газетінің ұйымдастыруымен өткен қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Ғасыр зұлматы» атты онлайн дөңгелек үстелінде айтты.
«Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін екі бөлек белгілеу керек. Жастарға түсіндіру, насихат жүргізу мақсатында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ашаршылық құрбандарына арналған арнайы орындар болуы керек. Алашорда – тұңғыш саяси элитамыз. Қолдары байлаулы заманда-ақ Ленин бастаған Совет үкіметіне Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермековтер бастап барған комиссия шекарамызды бекіткеніне биыл тамызда 100 жыл толады. Осы сынды ұлт тарихы үшін маңызды оқиғаларды еске алып, мәселелерді «Egemen Qazaqstan» газетінің көтеріп отырғаны құптарлық», - деді Айгүл Ісімақова.
Оның айтуынша, дәл қазіргі кезде бізге кімнің үстінен кімнің қандай хат жазғаны емес, әр қазақтың Отанға қандай еңбек сіңіргені, сіңіре алатыны маңызды. Алашорда туралы айтқанда да тек өткен шақта айтамыз. Олардың бүгінмен байланысы жоқ. «Алаш» дегеніміз – Отанға қызмет. Сондықтан ұлттық кодтарымызды да Алашпен байланыстыруымыз керек.
«Қазір ғалымдарымыз еңбектеріне қолдау күтеді. Ал арыстарымыз абақтыда жатып-ақ еңбектерін жазды. Мәселен, Мағжан Жұмабаев айдауда жүрсе де қазақ педагогикасына елеулі еңбек сіңірді. Бүгінгі ғалымдарға отаншылдық жетпейтін секілді. Халел Досмұхамедов өзінің «Аламан» атты мақаласында қазақтың бөлінетіні туралы жазған. Оның айтуынша, жік жақсы дүние емес. Ал отанға қызмет ету алаштықтардың басты міндеті еді. Ашаршылықтың қолдан жасалғаны, Голощекиннің жоспары болғаны белгілі. Жастарға дәл осы тұрғысынан айтып, жеткізуіміз керек. Сондықтан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін бөлек белгілеу қажеттілігі бары анық», - деді филология ғылымдарының докторы, профессор.