«Мезгілі жетсе мұз да ерір» деген. Пандемиядан кейінгі әлем біртіндеп қалыпты өмірге қарай қадам басып келеді. Еуропа елдерінде ғибадат орындары, мейманханалар, сауда орындары есігін айқара ашып тастамаса да, келушілерді аздап болса да қабылдай бастады.
Кезең-кезеңімен түрлі қызмет орындары, кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылуда. Тіпті кейбір елдер туристік маусымға әзірленіп жатыр. Алайда барлығында сақтық шаралары қатаң сақталып отыр. Яғни ПТР тестілеуінің анықтамасы, дене қызуын өлшеу міндетті түрде қаралады, бетперде мен антисептик құралдарынсыз аяқ аттап баса алмайсыз.
Әлбетте індет індете жайылса да, жаһанға ортақ бір уәж – еңбектеп жылжысаң да ертеңге ұмтыл! Қазақстан да осы ұстанымнан тыс қалмақ емес. Елімізде 1 маусымнан бастап темір жол қатынасы кезең-кезеңімен қалпына келтірілмек. Күре жолдардағы блок-бекеттер де алынады. Яғни бұл барыс-келіске жан бітіретін бірден-бір қадам болғандықтан елімізде қозғалыс көбейеді. Кейбір жекелеген өңірлерде карантин шараларының созылғанына қарамастан жалпы ел аумағында сауда және қызмет көрсету орындары, кәсіпорындар жұмысын бастады.
Сойыл күшін басқа түскен біледі, бұл індеттің зардабын өзі бір аунап тұрған немесе жақынын жоғалтқан жандар түсінеді. Қазақстанда кешегі індет жұқтырғандар саны 11 мыңға жуықтады. Сәйкесінше ауыр сырқаттан айыққандар 5 мыңнан асты. Бұл да көңілге медет. Себепсіз аяққа тікен кірмейтінін ұмытпау керек. Мұны қазір халықтың көшеде қауіпсіздік шараларына немқұрайды қарауына байланысты айтып отырмыз. Яғни елімізде Мемлекет басшысының шешімімен карантин шараларының уақтылы қабылдануы қауіптің негізгі толқынын қайтарғанымен, қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Мамандар індеттің кез келген уақытта өршуін жоққа шығармайды.
Бұл ретте дәрігер-инфекционист Әбубәкір Омарәлиев карантин шаралары босаңсуының қажетті қадам екенін, десе де сақтық шараларын санадан шығаруға болмайтынын айтады.
– Біз карантиннің босаңсуына бәрібір келеміз. Яғни жұртшылық көптен күткен дүние. Төтенше жағдай жарияланып, карантин шаралары енгізілгеннен бері елімізде әртүрлі жағдай болды. Қазақстанда қазіргі кезде де ауыр хәлдегі науқастар бар. Бұл вирусты тасымалдаушылар әлі де көбеюі мүмкін. Біз оларды анықтауды жалғастыра береміз. Ауыр хәлдегі науқастар әлі де болып тұрады. Өйткені тәуекел тобындағы адамдар жұқтыруы мүмкін. Бірақ бұл індеттің басқа сырқатқа қарағанда пайыздық көрсеткіші төмен. Соған қарамастан жеке тазалықты сақтауымыз керек. Ауа арқылы жұғатынын ұмытпау керек. Қолды жиі жуып тұру, адамдар көп шоғырланған орындарда бетпердемен жүру немесе ғимараттың желдетіліп тұруына назар аудару қажет. Әлбетте, біз вирус жұқтыруды тоқтата алмаймыз. Дегенмен, оның көлемін азайтуға болады. Яғни жұқтырушылар әлі де бола береді. Сондықтан жеке гигиенаны сақтауды қатаң сақтаған ләзім. Карантин бар ма, жоқ па, оған қарамастан сақтық шараларына бейқам болмаған абзал. Жұмыс орындарында арақашықтықты сақтаған жөн. Әсіресе тұмау, жөтел белгілері бар адамдармен байланыста абай болуымыз тиіс, – дейді Ә.Омарәлиев.
Иә, түрлі-түрлі заман болады, заманына қарай амал болады, кеменің арбаға мінетін де, арбаның кемеге мінетін де кезі болады деген сөздерді бабалардың көкірек көзі көріп айтқандай. Күллі дүниені карантин тұмшалағаны індетке қарсы амал емей немене? Аталған аурумен алысқан ақ желеңді жандардың өзіне де қандай қатер төнгенін көрдік. Мемлекет тарапынан дәрігерлерге де, жұмысынан айырылған, табыссыз қалған азаматтарға да, берешегі бар тұлғалар мен кәсіпорындарға да қажетті қолдау дер кезінде көрсетілді.
«Сау болса жаным, сөз емес дүние-малым» деген елміз ғой, енді ел экономикасының дамуына үлес қосатын халық еңбекке бел шеше кіріседі. Әйтсе де санитарлық шаралар үйде де, түзде де тоқтамауы тиіс. Жұғын болатын жерде шыбын болатынын, шыбын болатын жерде шығын болатынын лайым ескеру керек-ақ.