Футболдан Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін Павлодардың ERTIS командасы қаржы және спорттық міндеттемелерді орындай алмайтынына байланысты 2020 жылғы OLIMPBET-футболдан Қазақстан біріншілігіне қатысудан бас тартты.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы мекеме басшылығына «ERTIS» футбол клубы атынан маусымды жалғастыра алмайтындығы және клубты чемпион ойындарынан шығару туралы өтініш келіп түскен. Регламентке сәйкес, Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартқаны үшін клубтың жастар командасы Екінші лигаға да қатыса алмайды.
1965 жылы құрылған Павлодар командасы ел біріншілігіне тұрақты қатысатын және бас жүлдеге үмітті ұжымдардың қатарында еді. ERTIS Қазақстан чемпионатында бес мәрте (1993, 1997, 1999, 2002, 2003) бас жүлдені олжалаған үш команданың бірі саналатын. Сондай-ақ Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына шығып, ел біріншілігінде 4 рет күміс, 6 рет қола медаль алған.