Жамбыл облысы шаруашылыққа қолайлы аймақ болғандықтан, өңірде асыраушы саланы дамытуға айрықша мән беріледі. Дегенмен, көктем келіп, күн жылыған сәттен бастап шаруалар үшін су мәселесінің өзектілігі артады.
Жоғары өнім алу тұрғысынан да су шаруашылығының маңыздылығы жоғары екені білінеді. Негізінен ауылшаруашылық дақылдарына су беру мәселесінде Жамбыл облысы көрші Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» су қоймасымен тығыз байланыста. Мемлекетаралық су қоймасының жобалық көлемі 550,0 миллион текше метрді құрайды.
«Киров» су қоймасы мемлекетаралық ірі нысандардың бірі. 1973 жылы салынған нысанды пайдалану мерзімі шамамен 100 жылды құрайды екен. Жыл сайын бұл жерден жамбылдық жергілікті шаруалар тиісінше су алады. Мәлімет бойынша, 2011 жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымы еуропалық экономикалық комиссиясының қолдауымен Қазақ Шу-Талас су шаруашылық комиссиясының тексеруі кезінде сыртқы күштердің және салмақтардың әсерінен бөгеттің құрылыс бөлшектерінің бұзылуы, ауытқулардың пайда болуы сияқты қауіпті жағдайлар анықталмаған. Барлық гидротехникалық құрылғылар қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. «Су қоймасы ауыл шаруашылығына қажетті суды жинау және пайдалану үшін ғана емес, сонымен қатар алдын ала көлемді тасқын суларды қабылдау, апаттарды болдырмау үшін құрылған. Дегенмен, бөгеттің гидротехникалық құрылғылары қауіпті нысанға жатады. Гидротехникалық құрылыс нысаны бола тұра, ол өте көп су қорын жинап, динамикалық үлкен қысымды күштерге төтеп береді. Бөгет қабырғасы бұзылған жағдайда, үлкен көлемдегі толқын пайда болып, Талас өзені ағысының төменгі жағында орналасқан елді мекендер зиян шегеді.
2000 жылғы Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасы арасындағы келісімге сәйкес, Мемлекетаралық Шу-Талас бассейніне мемлекеттік су шаруашылық нысандарын жөндеу бірлесіп қаржыландырылады.
Аталған су қоймасының толтырылуы және су қорының мониторингі күнделікті жүргізіледі», - дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетіне қарасты Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашева. Бүгінгі таңда қоймаға жиналған су көлемі 443,2 млн текше метр болса, түсуі секундына 6,8 текше метрді, ал тасталуы секундына 51,0 текше метрді құрайды. Соның ішінде Қазақстанға секундына 36,0 текше метр су тасталады екен. Аталған инспекцияның басшысы суармалы кезеңнің басталуына байланысты «Киров» су қоймасы су тастау режімінде жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Бүгінгі таңда «Киров» су қоймасынан болатын су тасқынынан ешқандай қауіп жоқ.
Десе де өңірде су мәселесі әлі өзекті. Жуырда ғана Меркі ауданында қайта қалпына келтірілген «Аспара» гидроторабы мен қосымша сумен қамту трактісі іске қосылған болатын. Жамбыл облысы жер үсті су ресурстарының 80 пайызына жуығын Шу мен Талас трансшекаралық өзендері арқылы алады. Шекаралас мемлекеттер арасында суды өзара бөлісу осы тұрғыда арнайы бекітілген Ережелер негізінде жүзеге асырылады. Алайда соңғы жылдары өңір вегетациялық кезеңінде суару ылғалының тапшылығын бастан кешіруде. Ағымдағы жылы Орталық Азия аймағында да ылғал тапшылығы сезіледі деген болжам бар. Мамандардың айтуынша, бұл шаруалардың ойдағыдай өнім ала алмауына әсер етуі мүмкін.
Осы мәселеге орай, 2018 жылы су тапшылығын ішінара шешу үшін аталған жобаның қолға алынғаны белгілі. Бүгінгі таңда 1928 жылы пайдалануға берілген «Аспара» су торабы толығымен қайта жаңартылды. «Аспара» қосымша сумен қамту трактісі» каналының 7,6 шақырымдық бетон жамылғысы ауыстырылды. Ол 3,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтуға негізделген. Сондай-ақ су жүретін арнаны, тұндырғышты, автожол көпірлерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп, автоматты су есептегіш жүйесі де толығымен жаңартылған. Нәтижесінде, «Аспара» қосымша сумен қамту трактісінің» өткізу қабілеті секундына жетіден тоғыз текше метрге дейін өсіп отыр. Нысанды іске қосу нәтижесінде «Аспара» жүйесінің арналарымен Меркі ауданының алқаптарын, сонымен қатар 2,5 мың гектарды құрайтын «Үлкен Шу» каналының батыс тармағының төменгі бөлігіндегі аумақты да сумен қамтуға мүмкіндік туған. Бұл орайда 1,5 мың гектар суармалы жер айналымға қосылады екен. Мәселен, жыл сайын облыс бойынша 170 млн текшеметрге дейін ылғал жетіспейді. Бұл орайда өңір шаруалары суармалы судың тапшылығын көреді. Бірақ бүгінде облыс әкімдігі суармалы жерлердің көлемін 200-210 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр екен. Сонымен қатар «Тасөткел» су қоймасын жөндеу, кем дегенде 3 шағын су қоймасын салу жұмыстары да жоспарлануда. Меркі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Құралбайдың айтуынша, ауданда 3,5 млрд теңгеге 41 арнаны қайта жаңғырту және 5,6 млрд теңгеге 46 ұңғыманы салу жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстардың да жергілікті аграрлық сектордың дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Ал өңірге келген сапарында еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Сергей Громов құны 922,4 млн теңге болатын жобаның тапсырыс берушісі – аталған министрліктің су ресурстары комитеті екенін айтқан болатын. Кейіннен бас ғимарат іске қосылып, канал арқылы алғашқы су ағыны жіберілді. Енді «Аспара» қосымша сумен қамту трактісі» және «Үлкен Шу» каналының батыс тармағының төменгі бөлігінде жерлері бар шаруалар ойдағыдай өнім ала алады.
Шалғайда жатқан Сарысу ауданы бүгінде су тапшылығын көріп отырған облыстағы бірден-бір аудан. Бүгінде өңірдегі алқаптарды тиімді пайдалануға су қоймаларынан шығатын тоғандар мен сужетектерінің тозығының жетуі шаруаларға үлкен қолбайлау болып отыр. Жалпы, ауданда 2 су қоймасы мен 16 ішкі су жүретін канал және 8 бөгет бар. Аудан аумағынан 6 өзен ағып өтеді. Бірақ су тапшы. «Жаңа Кәрітоған» арқылы су өтетін «Сарыөзек» су каналынан 5 ауыл егістікке су алады екен. Каналдың басынан 600 литр су салынса, су пайдаланушыларға дейін 200 литр су әрең жететін болып отыр. Каналды қалың қамыс, табиғи шөп басып, бұрынғы бетон арық әбден ескірген. Соның салдарынан 400 литр су шығыны болады. Бұл мәселені жою үшін каналдың табаны мен ернеулерін бетондау қажеттігі де айтылуда. «Сарыөзек» каналы арқылы Ұйым ауылының егістік алқаптарын суландыру үшін қазіргі таңда каналдың су өткізу мүмкіндігі бойынша қиындықтар туындауда. Ұзындығы 2500 метр болатын «Сарыөзек» каналын бетондау бойынша Жаңаталап ауылдық округі тарапынан жобалық-сметалық құжаты жасалып, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесіне ұсыныс беріліпті. Қазіргі кезде «Сарыөзек» каналын бетондау мәселесі облыстың бас жоспарына енген. «Кезінде 45 гектарға дейін бақша еккен Ұйым ауылының тұрғындары «Сарыөзек» тоғаны арығының бетондалатынын естіп, қуануда. Уақытында бұл тоғаннан Ұйым ауылының екі шетіне де бақша егіліп, осы ауданды пияз, сәбіз, қияр, қызанақпен қамтып қана қоймай, сонау солтүстік облыстарға дейін жөнелтетін. 30 млн текшеметр су жиналатын «Ынталы» су қоймасынан алынатын су Ұйым, Жаңаталап, Игілік, Өндіріс, Саудакент ауылдарының барлығына қара күзге дейін жететін. Алайда тоған бетондарының тозығы жеткен соң канал басынан шығатын 600 литр судың 200 литрі ғана Ұйым ауылына әрең жететін болды. Енді «Сарыөзек» су тоғанында кезең-кезеңімен бетондау жұмыстарының іске асатынына ауыл болып қуанып отырмыз», дейді Ұйым ауылының тұрғыны Сайлаубек Қалыбеков. Сонымен қатар Жайылма ауылдық округін сумен қамтамасыз етіп отырған «Бүркітті» су қоймасының «Бүркітті» лоток каналы бар. Бірақ әбден тозығы жеткен лоток отырған, жалғанған жерлері ашылған. Сол үшін тұрғындар «Бүркітті» су қоймасының жағалауын бекітіп, жаңадан бетондау керектігін айтуда. Ал ұзындығы 1548 метр болатын каналдың лотогын ауыстыру да басты мәселе екен. Дегенмен, аталған су қоймасының да жобалық-сметалық құжаты дайындалған. Сондай-ақ «Күлтөбе» каналы тазаланып, Саудакент ауылының 6 көшесіне бақша суы келіпті. Бұл да болса жергілікті шаруаларға үлкен көмек пен қолдау болса керек.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келіп, өңірдегі су шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысқан еді. Бүгінде облыста суармалы алқаптарды 200 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылып отыр. Оның көлемі 110 мың гектарды құрайды. Ал суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарынан соң бұл көрсеткіш кем дегенде 180 мың гектарға дейін артады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы 3098 гектар алқап «Раис» магистральды каналына байланған шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналарынан келетін суға тәуелді болып отыр. Бүгінде аталған аудандағы 36 шаруа қожалық жоңышқа, жүгері және бақша дақылдарын өсірумен айналысуда. Дегенмен, 1332 гектар жер су тапшылығына байланысты пайдаланылмай отыр екен. Сол сияқты ұзындығы 8,4 шақырым болатын «Исмаил» магистральды каналындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда қолға алынған шаралар нәтижесінде 798 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріледі деп күтілуде. Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жақсарту жөніндегі жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру Жамбыл ауданының суармалы жерлерінің 5000 гектар алқаптағы мелиоративтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Жамбыл облысы бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің 24,7 млрд теңге несиесі есебінен су шаруашылығы және су бұру жүйелерінің 310 нысаны қайта жаңартылатын болады. Бұл мәселелер министр келгенде де көтерілген. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесі Жамбыл облыстық филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев «Қарақоңыз» су қоймасының сыйымдылығын 8,5 млн текшеметрден 18,5 млн-ға дейін ұлғайту, Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекеттің нашар жағдайы, «Химпарк Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тірек құрылысын жөндеу сияқты бірқатар мәселелердің бар екенін айтты. Ал Бердібек Сапарбаев каналдарды жөндеуден басқа құдықтар қазу ісінің де өзекті екенін, барлық қолданыстағы каналдарды бетондау қажеттігін жеткізген еді. Жоспар бойынша, каналдарды бетондау ұзақ шыдас береді және су шығынын айтарлықтай азайтады екен. Ал Мағзұм Мырзағалиев ел Президентінің алдағы 10 жылда суармалы жерлердің аумағын 1,6 млн-нан 3 млн гектарға дейін ұлғайту туралы тапсырмасы бар екенін айтқан еді. Сондықтан да өңірдегі мәселелерге министрлік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізген.
Сонымен қатар Талас және Байзақ аудандарының шекарасында сыйымдылығы 11 млн текше метр болатын «Ақмола» су қоймасын салу жоспарлануда. Жоба құны 4,8 млрд теңге. Жобаның мақсаты – Темірбек станциясының астындағы Талас өзенінің бойындағы жерлерді суару үшін кепілді сумен қамтамасыз ету. Егер жоба іске асқан жағдайда мұнда 500 млн текше метрге дейін ылғал жинауға болады екен. Сондай-ақ «Байзақ» магистральды каналының 21,9 шақырым болатын Түймекент, Дөңсары, Өтеген, Ұзын ішкі шаруашылық арналарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде, 1000 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріліп, «Сәмбет» магистральды каналының Отарбек, Болпан, Анар және Өтелбалық ішкі шаруашылық арналарын қайта жаңғырту жұмыстары 700 гектар суармалы жерді айналымға қосуға септігін тигізеді екен.
Бүгінде Жамбыл облысында су тапшылығы мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Жоспар көп, бірақ оның іске асуы да уақытқа байланысты. «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айдар Асамбаевтың айтуынша, өңірде бүгінде 106 су қоймасы бар. Биыл 15 су қоймасы жөндеуден өтуде екен. Ал Шу, Қордай, Меркі, Талас аудандарындағы 36 су қоймасы жөндеуден өтуі керек. Облысқа елордадан сала басшылары келгенде де өңірдегі су мәселесі жөнінде айтылған. Оның қаншалықты шешімін табатыны уақыттың еншісінде.
Жамбыл облысы