Қазақ оқырманы Әуезовтің атын естігенде ең алдымен «Абай жолы» романын еске алады. Ұлы ақын мен даңқты жазушының есімдері бір ғасырдың бедерінде біте қайнасып үлгерді. «Абай жолын» ешқашан оқымаған, оқымайтын оқырман да Абай өмірінің әр кезеңін Әуезовке «сүйеніп» айтып бере алатын жағдайға келсек, бұл қос алыптың халық жадында әлі талай ғасырлар бойы бірге сақталатынының кепілі. Бірақ өз басыма қазақтың классик жазушысының «Абай жолына» дейін жазған шығармалары жақын. Жиырманың о жақ, бұ жағында не ой баққызған отызында жазған әңгіме, повестерін соншалықты тұщынып оқимын. Оның ішінде «Қаралы сұлу» мен «Қорғансыздың күні», «Көксерек» пен «Қараш-Қараш оқиғасы» қатарлы мәңгілік өлмейтін шығармаларының жөні бөлек. Қаралы сұлудың құмарлық билеген жаны мен Ғазизаның тапталған ары, Құрмаштың жазықсыз өлімі мен Бақтығұлдың қайтпаған кегі әдебиет дейтін сиқырлы әлемге емес, өмір атты тылсымның нақ өзіне жетелейді. Жазушы өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын, адамдардың болмысын, мінез-құлықтары мен әдеттерін, тұрмысын хас суреткерге тән реалистік әдіспен жасаған. Ол бергі дәуірдің данышпандары сияқты «цитаталарды сапырып» отырмайды. Өз дәуіріне өз көзімен қарайды. Буырқанған мың бояулы тіршіліктің ішінен өзіне керек бояуларды таңдап алып сөзбен сурет салады. Сол үшін оның кейіпкерлері тірі сияқты. Шынында да «Кінәмшіл бойжеткен» бір қалада жалдап алған пәтерінде әлі де өмір сүріп жатқандай. «Сөніп-жанудағы» әйелін өзіне тең көрмей тастап кеткен тәкаппар Сыздық қалада жеңілтек бикелермен ойнап-күліп өмір сүріп жүр ме екен! Солардың ішінде бізге кейіпкерлері дәуірмен бірге жасаса беретін сияқты көрінетін бір әңгіме – «Оқыған азамат».
«Оқыған азамат» біздің заманымызда да өзекті. Екі мыңжылдықтың асуынан аттап өткен біз де оқу-білімге қатты мән береміз. Техника мен технология ғарыштық жылдамдықпен дамып, әлеуметтік психология күрделі өзгеріске түскен, негізгі құндылықтардың бірі ретінде оқу-білім алдыңғы қатарға шыққан осы қоғамның да «тірегі» – мансабы бар, шама-шарқынша ақпаратпен қаруланған, бірқанша тіл білетін, жан-жағына жұғымды оқыған азамат. Оның жеке басының азаматтығы, адамгершілігі, иманы екінші кезектегі мәселе. Сол үшін оқыған азамат жайынан сөйлегенде біз ең алдымен оның Гарвардта ма, Оксфордта ма, әйтеуір бір жерде алған білімін, оның қоғамдағы «байланыстарын» айтуды жөн көреміз...
Ал Әуезовтің «Оқыған азаматы» кім еді? Ол бір елге тірек болатын атпал азамат па немесе тектілігімен, адамгершілігімен көз тартатын сүйкімді бейне ме? Жоға. Тырнақшаның ішінде тұрғаны-ақ көп жайдан хабар береді емес пе? Бұл азамат ауырып қайтыс болған жолдасының әйеліне үйленіп алғаны аздай, оның шешесінің ажалынан бұрын өлуіне себепші болған Жұмағұл ғой. Оқиға былай болады: Әңгіменің басында Мақсұт атты жігіт ауырып жатады. Ол қаладағы оқыған азаматтардың бірі, мұғалім, әйелі – қаладағы ең бай кісі Қондыбайдың қызы Қадиша. Кемпір шешесі мен кішкентай Жәмила атты қызы бар. Мақсұт қайтыс болған соң оның жақын жолдастарының бірі Жұмағұл жас жесір Қадишаға үйленеді. Сол тойға олардың ортақ достары мен жолдастары да келеді. Жалғыз Мейірхан есімді жігіт «Бармау керек. Бұл нәрсіздік. Кеше Мақсұттың тойын тойлап, бүгін оның қатыны мен Жұмағұлдың тойын тойламақшымыз ба?» дейді. Қалғандары бұл жайында ойламайды. Әрі қарай оқиға желісі бойынша ерлі-зайыпты Жұмағұлдың ауылына кетеді. Жігіттің ата-анасы Әміре мен Қамария бұларды құшақ жайып қарсы алады. Өйткені екеуі де ұлдарының Қондыбайдың қызына үйленгеніне риза. Бірақ бұлардың өздері де малсыз адамдар емес. Сонда да болса «малға мал қосылса құт». Әуелі әкесі Әміре қыр қазақтарының ішіндегі әлділеу біреуге Қадишаның соңынан келген кішкентай қыз Жәмиланы атастыра жаздайды. Жәмила демекші, құныққандар осы құйтақандай ғана қыздан келетін пайданы есептейді. Олар қалаға қайтып барған соң Мақсұттың бүкіл жиған-тергеніне Жәмиланы заңды жолмен мұрагер етуді ойластырады.
Соңында Жұмағұл мен Қадиша қаладан іздеп жүріп жас баланың қамын жейтін кеңсені тауып, соған арызданады. Ақыры кеңсе Мақсұттан қалған мал-мүліктің бәрін «жас баласы – Жәмилаға ауысады, содан басқа ие жоқ. Ол ержеткенше «опекун» Жұмағұл болады» деген бұйрық шығарады. Содан жоғарыдан шыққан бұйрыққа сәйкес бұрынғы құдасы Қондыбай кемпірге кісі салып, «үй-мүлкін Жұмағұл мен Жәмиланың атына жаздырып, өзі солардың қолына кірсін»дегенді айтады. Кемпір «келін өзінің артынан келген дүние-мүлікті түгел әкеткен, мен күйеуімнен, баламнан қалған мүлікке ие боп отырмын» деп келіспейді. Соңында кемпірдің есі ауысады. Жұмағұл кемпірдің дүние-мүлкін тартып алмаққа милициядан үш солдат алып барғанда кемпір «дүниемді бермеймін» деп жүріп жаны үзіліп кетеді.
Асқан шеберлікпен жазылған осы әңгіменің астары қабат-қабат. «Оқыған азамат» оқымаған надан кемпірмен «алысып» жүр. «Оқыған азаматтың» жан әлемі жұтаң, есебі мықты. Соңында ол дүние-мүлікті тартып алып «жеңіске» жетеді. Оның жақтастары да көп. Жалпы, негізгі әңгіме осы жақтастарының көптігінде. Оларды бейне бір топан су дерсің. Жолындағыларды жайпап өтеді. Алдымен адамгершілікті ойлайтын «әлсіз» адамдарды олар «заңды жолмен» жеңіп шығады. Заң да осы «оқыған азаматтардың» жағында. Олар жалмауыз сияқты. Олар жалғыз, жетім кемпірді місе тұтпайды. Олар қолынан келсе жұмыр жерді жалмап қоюға даяр. Бастысы олар ешкімнен қорықпайды, ұялмайды, ешкімді аямайды. Жазушы бір кезеңге ғана тән олықылықты айтып тұрған жоқ. Мінездегі мін, санадағы кемістік, жүректегі ызғар адамды түрлі ауруға ұшыратады. Сол түрлі ауру қоғамды ірітеді. Дүниеқоңыздық та – дерт. Бұл дертіңді «оқыған» дейтін бетпердең жасыра алмайды...