• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Маусым, 2020

Қазақстандық теннисшілер Бурабайда жаттығады

208 рет
көрсетілді

Теннистен Қазақстанның ұлттық құрамасы мен дарынды жастардан жасақталған отандық команда өздерінің оқу-жаттығу жиынын Ақмола облысы аумағында орналасқан Бурабай курортында өткізеді.

Бурабайға сапар шеккендер арасында Ярослава Шведова, Елена Рыбакина және Зарина Диас сынды шеберлер бар. Бұл ойыншылардың барлығының да есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Мәселен, кезінде әлемдік рейтингте 25 сатыға жайғасқан 32 жастағы Шведова жұптық жарыста Уимблдон мен АҚШ-тың ашық біріншілігінде жеңімпаз атанды. Жекелеген сайыста «Үлкен дуылға» санатындағы турнирлердің ширек финалына дейін жетті.

26 жастағы Диас қатарынан екі мәрте Уимблдонның төртінші кезеңінде өнер көрсетті. Осыдан бірер жыл бұрын үздіктер тізімінде 31 орынды еншілеген ол бұл күндері 64 сатығы табан тіреді.

Ал 20 жастағы Елена Рыбакинаның қазіргі қарқыны тіптен күшті. Былтырғы жылдың шілде айында алғашқы жүздікке енген ол биыл бірқатар дүбірлі додаларда табысты өнер көрсетіп, әлемдік рейтингте 17 орынға көтерілді. Еленаға дейін осы спорт түрін серік еткен бірде-бір жерлесімізге бұл белес бағынбаған еді. Міне, осындай хас шеберлермен бірге жаттыққан жас теннисшілердің де шеберлік деңгейі өсетіні сөзсіз.

Екі аптаға созылатын Бурабайдағы оқу-жаттығу жиынынан кейін қазақстандық теннисшілер әлемнің әр қиырында өтетін бірқатар халықаралық додаларға қатысуды жоспарлап отыр.