• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Маусым, 2020

Батыс Қазақстанда өткен тәулікте 40 адам вирус жұқтырған

248 рет
көрсетілді

Бүгін Батыс Қазақстан облысы тәулік қорытындысы бойынша елімізде коронавирусты ең көп жұқтырған өңірге айналды. Республика бойынша тіркелген 225 оқиғаның 40-ы – Ақ Жайық өңірінде анықталған.

Коронавирус инфекциясы анықталған 2 адам – Ресей Федерациясында жұмыс істейтін Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. Олар Ресей Федерациясымен шекарадағы «Сырым» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекет арқылы Қазақстан аумағына өткен. Сол жерде эпидемиолог мамандар байланыссыз термометрия жасап, сауалнама жүргізген. Осы кезге дейін қалыптасқан алгоритмге сәйкес, жедел жәрдем шақырылып, азаматтар карантиндік стационарға жатқызылды. Сол жерде жасалған анализ қорытындысы коронавирус белгісін анықтаған.

Дегенмен, аурудың негізгі көзі бұрын сырттан келушілер болса, енді ішкі қарым-қатынасқа ауып барады. Мәселен соңғы тәулікте анықталған 30 науқас өздеріне дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған. Тағы 5 адамның диагнозы профилактикалық мақсатта алынған зертханалық сынама кезінде белгілі болды.

Сонымен қатар, 3 адам – Атырау облысы Теңіз кен орнында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын Батыс Қазақстан облысының тұрғындары екен. Олар көрші аймақтан келуіне байланысты карантиндік стационарға жатқызылған болатын.

«Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда» деп мәлімдейді мамандар.

2 маусымның қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында коронавирусты жұқтырған 732 адам тіркелді, оның ішінде 319-ы індеттен жазылып шыққан.

 

Батыс Қазақстан