Басында өмірлік мақсат, қоғамдық құндылық, айқын идея болмаса адами болмыс толық бола алмайтындығы сияқты, ұлттық идеясыз ұлт та (мемлекет деп те ұғуға болады – Ж.С) тарихи табысты, тұрағы нық қауымдастық бола алмайды. Осыны біздің халқымыздың даналары, Алаш көсемдері де үнемі айтып келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Абайдың «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», деп айтты өзінің «Абайдың «Толық адам» тұжырымы» атты мақаласында.
«Толық адамдардың» берік тұрағы болатын – ұлттың немесе мемлекеттің рухани тұғыры қалай қалыптасу керектігін осыдан үш жыл бұрынғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ашып көрсетті. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» делінген еді онда. Сонымен қатар мұнда «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген де жолдар бар. Одан әрі бағдарламада тағылымы мол тарих пен ұлттық салт-дәстүрлерімізді өркендеудің берік діңі еткен қазақстандықтардың санасын жаңғыртудың бірнеше бағыты атап көрсетілген.
Бұл тарихи құжатты еліміздің алдыңғы қатарлы азаматтарының бәрі қызу қолдап, іргелі істерге кірісіп кетті. Алайда ол еліміздің барлық түкпірлерінде бірдей ұғылып, талап етілген дүниелердің орындалуы, сөйтіп сананың жаңғыруы біркелкі болды деп айта алмаймыз. Соның ішінде Солтүстік Қазақстандағы рухани жаңғыру жоғары талаптың үддесінен шыға алмағаны көрініп тұр. Мәселен, мақалада «Туған жер» бағдарламасы қолға алынуға тиіс екендігі айтылған. Осы бағдарламаның шеңберінде ауқымды өлкетану жұмыстары жүргізіліп, жергілікті деңгейдегі тарихи орындарды зерттеп, орта мектепте туған жердің тарихын оқыту керек-ті. Сонымен қатар киелі жерлердің географиясын жасау ескертілген.
Осы талаптар Солтүстік Қазақстанда баяғы әдетпен немқұрайлы орындалған. Киелі жерлердің тізімі жасалған, тіпті оларға буклеттер де жазылыпты. Бірақ мектепте оқытылуға тиісті жергілікті тарихты зерделеген еңбектер жоқ. Тіпті бейнефильмдер де жасалмаған. «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығы» ашылып, онда бірнеше адам жұмыс істеп жатқанымен тұщымды дүние әлі күнге жоқ. Қызметкерлері тек: «Киелі жерлер энциклопедиясының төртінші томын дайындауға қатысамыз» деген сөздерді ғана айта алды. Қасиетті жерлердің тізімі де дұрыс жасалмаған, оған кейінгі жылдарда ғана бой көтерген мешіттер мен шіркеулер, ескерткіштер де енгізіліпті. Ал Солтүстіктің аса ірі мемлекет, қоғам, өнер қайраткерлері Қожаберген жырау, Есеней, Сегіз Сері, Тоқсан би, Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов және т.б. шыққан Гүлтөбе-Маманай өңірі де енгізілмеген...
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды талабы – тамыры тарихтың тереңінен бастау алатын рухани кодты сақтау болса, жер-судың, қала мен даланың ежелгі атауларын қайтару да зор міндет. Осы тұрғыдан алғанда Солтүстік Қазақстандағы ономастикалық жұмыстардың ақсап тұрғаны байқалады. Астанадан келе жатқан адам Қызылжарға жақындаған сайын Смирнов, Астраханка, Чапаев, Трудовая нива дейтін атаулардан аяқ алып жүре алмайды. Осының бәрінің де қазақы атаулары болған, бірақ солақай саясаттың кесірінен бәрі ұмытылған. Ал Петропавлдың ішіндегі кеңестік және халықаралық коммунистік қозғалыстың көсемдері мен жандайшаптарының атынан көз тұнады. Мысалы, Калинин, Клара Цеткина, Красин, Шмидт, Ульянов және т.б. Тіпті қазіргі Ресей мен Украинада патшаны өлтірмек болғаны үшін террорист деп танылған Халтурин сияқтылардың атында да әлі күнге көше бар. Ал Интернационал, Комсомол, Совет, Партизан, Косогор, Крепостной деген сияқты атаулар бұл қаланы қазақтан алыстата түсетін тәрізді. Шаһарда қазақтың ұлт болуы үшін табан тіреп күрескен, жандарын пида еткен Алаш арыстарының Мағжаннан басқасының бірде-біріне осы күнге дейін көше аты берілмеген. Туғанына 120 жыл толып отырған, қазақтың қайсар қайраткері, ұлттың мақтанышы, жерлесіміз Смағұл Сәдуақасовтың атында да көше жоқ. Қазақтың аса көрнекті ғалымдары мен қоғам қайраткерлері оның атымен өзі туған Ақжар ауданын атау керек деген ұсыныс жасаған еді, ол да аяқсыз қалды. Өзіміздің жерлесіміз, қазақтың тұңғыш рәмізтанушысы, қазақ ақыл-ойының антологиясын жасаған, ақын Ербол Шәймерденовтің есіміне де не мектеп, не көше атын бере алмай келеміз. Рәміздер күніне орай оның оқуларын өткізуді де білмейміз. ХХ ғасырдың басынан Сәбең, Ғабеңдермен қатар жүрген ақын ағамыз Ғалым Малдыбаевтың атына көше алып бере алмадық. Қазір, жалпы еліміздің аумағында Абылайдан қалған бір-ақ нақты ескерткіш бар. Ол – Қызылжардағы Абылайдың ақ үйі. Оны қалпына келтіргенімізбен ұлы ханның атына әлі күнге бір көше атын бере алмай отырмыз.
«Жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деген еді Елбасы өзінің мақаласында. Мынадай жағдайда біз кімнен нәр аламыз, ұрпақтарға кімнің есімін көрсетіп мақтана аламыз? Калинин, Шмидтермен мақтанамыз ба?
Мемлекеттің бір мақсаты – біздің өңірдегі ұлттық үлесті арттыруды көздеп отыр. Мұның өзі жұмыс күші артық аймақтардан Солтүстікке адамдарды көшіру арқылы елдің түкпірлеріндегі тұрғындар теңгерімін, тіпті қауіпсіздікті сақтауды діттейді. Осы мақсаттармен «Серпін» бағдарламасы арқылы оңтүстік пен батыс өңір жастарының Солтүстік Қазақстан университетінде білім алуына мемлекет үлкен қаражат бөліп, оларды тегін оқытып, жатақханамен қамтамасыз етіп, тіпті стипендия да төлеп отыр. Алайда солардың жерсінуіне, солтүстікке бекуіне бағытталған шаралар жоқ. Былтыр бітірген 125 түлектің тек 8 пайызы ғана терістікте қалды. Осы жастармен жұмыс істеп, оларды жерсіндіруге, жергілікті халықпен, соның ішінде жастармен тығыз араластыруға, шаруалар мен фермерлерді, киелі жерлерді таныстыруды мақсат еткен жұмыстарды іске асырмақ болған «Тамыр жаю» қоғамдық ұйымына мемлекеттік құрылымдар тарапынан ешқандай қолдау жасалмады.
Петропавлға тұтас қазақ даласы Қызылжар деп атайтын ежелгі атауын беру де кезек күттірмейтін мәселе. Оның негіздерін «Егеменге» де, жергілікті басылымдарға да талай рет жаздық.
Осындай жағдайда кеудемізде үміт оты жылт еткендей болды. Әрине, идеологиялық салада бұрын да бірқатар істер жасалған, бірақ оның ұлттық нақышы айқын емес еді. Енді жуырда біздің облысымызға әкімнің әлеуметтік және идеологиялық мәселелер жөніндегі жаңа орынбасары болып бұрын Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін басқарған білікті азамат Ғани Нығыметов тағайындалды. Сөйтіп, облыс әкімдігі идеологияға қуатты күш беретін кадрмен толықты.
Білімі терең, білігі мол, саясатты республикалық масштабта жүргізуге атсалысқан тәжірибесі бар азаматтың облысымызға келгені мұндағы ұлт жанашырларын бір серпілтіп тастады. Елмен, жермен танысуды Смағұл Сәдуақасовтың туған жерінен бастаған, одан өңірдегі ақсақалдарға сәлем беріп, олардың ақыл-кеңестері мен батасын алған жас басшының ниеті дұрыс, қадамы нық екені де сезіліп тұр. Енді тек алған бетінен қайтпай, мұндағы кертартпалардың ықпалына түспей батыл істерге батыл кіріссін деңіз. Азаматтың алғашқы істерінің бірі – Сәбит Мұқановқа жергілікті билік пен халық атауын берсе де сол істің жоғарыдан кешеуілдеп жатқанына мән беріп, оны бірден қолға алғандығы болып отыр. Қазір ауданға жазушы атын беру туралы ұсыныс жоғары билікке қайтадан кетті.
Келгеніне көп болмаса да ол аймақтың ағымдағы ахуалын шапшаң болжап, саралай келіп, ішкі саясаттың тиімділігін арттыру бойынша біраз жұмыстарды жедел қолға алу керектігін белгілеген. Соның ішінде мектеп бітірген жастардың жергілікті ЖОО мен колледждерге түсуін қамтамасыз ету жұмыстарын қолға алуды көздеп отыр. Ол үшін жастар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, елде қалудың тиімділігін ұғындыру қажеттігі қолға алынбақшы. Бұл жұмысқа облысқа белгілі адамдарды, жастар арасындағы көшбасшыларды тарту керектігі көзделген. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша жыл сайын квотамен бөлінетін 500 грантты толық қолданып, ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінетіндерін БҒМ-мен келісіп көбейту керектігі ұсынылған. Өйткені техникалық мамандықтарды бітіргендер бұл жақта жұмыс таба алмайды. Осы саладағы тағы бір қолға алуды қажет деп санайтын мәселе – әрқайсысы 550 орынды екі студенттер жатақханасының құрылысын қолға алу. Қазір жатақхана жетіспейтін болғандықтан, алыс ауылдардың балалары пәтер жағалап қиналып жүр.
Биылғы оқу жылының оң көрінісінің бірі – ҰБТ тапсыратындар саны былтырғымен салыстырғанда 16 пайызға артыпты. Бұл 2500 түлектің 75,2%-ы деген сөз. Демек осынша түлек өзіміздің ЖОО-ларға түседі деген үміт бар. Әрине, бұған биылғы пандемияның тигізген әсері де көп. Қалай десек те Солтүстік Қазақстан университеті студенттерінің саны соңғы төрт жылда өсу үстінде. Нақтырақ айтсақ, осы кезеңде 3861 адамнан 7200-ге дейін көтерілді.
Ғани Сақтағанұлы Рухани жаңғыруға байланысты шараларды да қолдап отыр. Ономастикалық мәселелерді сараптан өткізіп, санақ өткеннен кейін қараша-желтоқсан айларында 160 ауыл, 75 ауылдық округтің атауын, өңірдегі қалалар көшелерінің 1 мыңға жуық атын өзгертуді алдына мақсат етіп қойған.
Былтыр Ш.Уәлиханов ауданында табылған «Қызылоба» еліміздің солтүстігінде табылған Алтын Орда дәуірінің жалғыз ескерткіші. Осы нысанды және басқа да киелі жерлерді насихаттау үшін үгіт-насихат ұйымдастырудың қажеттігін идеолог бірден аңғарыпты. Нақты айтқанда «Ботай», «Қызылоба» және т.б. туралы халыққа тереңірек таныстырылуы қажет деп санайды.
Сонымен қатар аудандық және ауылдық мәдениет үйлерін қолданудың жаңа тұжырымдамасы жасалмақ. Енді басшылық оларды мәдениет қана емес, спорттық және интеллектуалдық даму орталығы ретінде қолданудың қажеттілігін іске асырмақшы.
Солтүстік Қазақстан облысы