• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Маусым, 2020

Жол жауапсыздықты көтермейді

661 рет
көрсетілді

Тұрғындар үшін жол мәселесі әрдайым өзекті. Бүгінге дейін жол азабын тартып отырған ауылдар бар. Дегенмен, көптің көкейінде Жамбыл облысында жолдың сапасы сын көтере ме деген сауал тұр.

Халықаралық, республикалық көлік дәліздері туралы айтпаған­ның өзінде Жамбыл облысы орта­лығындағы кейбір көше­лер­дің көне заманнан келе жатқан­дай елестейтіні шын. Тараз қала­сын­дағы басты көшелердің бірі – Абай даңғылының жөндеуді қажет ететіні жыл сайын айтылады. Ал көп жағдайда бүгін салынған жол­дың ертең тесіліп жатқанын көре­міз. Оны қанша жамап-жасқаған­мен, бәрібір сапаның сын көтер­мейтіні бірден көзге ұрып тұрады.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасының мәліметінше, өңір­де автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі 9989 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1152 шақырым – республикалық, 1987 шақырым – облыстық, 1188 шақырым – аудандық және 5662 шақырым жол ауылдық көшелерге жатады.

Жол саласына жалпы 30,2 м­лрд тең­ге бөлінген. Жыл басы­нан бе­рі жалпы 122 жобаның іске асы­­рылуына республикалық және жер­гілікті бюджеттерден 10,7 млрд теңге бөлінсе, қосымша «Ауыл – Ел бесігі» бағдарла­ма­сы аясында 84 жобаға 2,4 млрд теңге қарастырылған. Аталған басқарманың басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесін 85 пайыздан 90 пайызға жеткізу межеленіпті. «Бұл тұрғыда облыс әкімі мен аудан әкімдері арасында, басқарма мен аудан әкімдері арасында межелері белгіленген тиісті келісімдер жасалды. Жол жөндеу жұмыстарының сапасы бас­ты назарда. Бұл тұрғыда, сапаны жаңа құрылған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесі тұрақты тексереді. Бұған бюджеттен 66,6 млн теңге бөлінген. Бүгінде бірлесіп нысандарға шығу кестесі бекітіліп, тиісті жұмыс­тар жүргізілуде», деді Б.Жәнібеков. Мәселен, облыстық жолаушы­­лар көлігі және автомобиль жол­­дары басқармасының мәліметінше, былтыр аталған кәсіпорын 125 жерге зерделеу жүргізіп, 283 сынама алған екен. Нәтижесінде, 68 кемшілік анықталып, оларға ескерту берілген. Кейіннен олар жобаларды іске асыру барысында жойылған.

 Бүгінде мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлініп, өңірде жүздеген шақырым жол салынуда. Дегенмен, салынғанына көп өтпей-ақ кейбір тұрғындар сапасының нашарлығын айтып шағымданып жатады. Өт­кен жылы ел Үкіметі тарапынан «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мем­ле­кеттік кәсіпорны құрылған болатын. Аталған мекеме жұмыс пен материалдардың сапасына сараптама жүргізіп, жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылайды. Яғни жолдың сапасына тексеріс жүргізеді. Бұл бір жағынан жұмыстың сапалы орындалуын қадағаласа, екінші жағынан бюджет қаражатын үнемдеуге үлес қосады. Жыл сайын бүлінген жерді жөндеуге қаражат бөлгенше, басынан бастап сапа мәселесін қадағалайды. «Жұмыстың да, пайдаланылған материалдардың да сапасын бақылау жұмыстары жаңадан құрылған сапа орталықтарына жүктеледі. Орталық тек республи­ка­лық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жұмыстар мен материалдар сапасына сараптама жүргізіп қана қоймайды, сонымен қатар жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекендердің көшелерін де қамтиды. Құрылған орталықтар мамандармен және қажетті жабдықтармен, сондай-ақ мамандандырылған жылжымалы зертханамен толық жабдық­тал­ған», дейді «Жол активтерінің ұлт­тық сапа орталығының» Жам­был облыстық филиалының директоры Мырзахмет Ибрагимов.

2019 жылы аталған мекеме тарапынан 300 іссапар жасалып, 312 сынама алынған. Оның 4 үлгісі еліміздің сапа туралы және жобалық сметалық құжаттарына сәйкес келмей, 92 ескерту жасалыпты. «Алматы – Ташкент – Термез» тасжолының бірқатар шақы­рым­дарын­да алынған үлгіде асфальт қалыңдығы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес келмейтін болып шықты, 355-393 шақыры­мын­да төселген бетонның төмен­гі және жоғарғы қабатында жарық­тар болған. Сонымен қатар «Алматы – Ташкент – Термез» тасжолының Қордай асуы­ның айналма жолындағы асфальт­бетон жабындысындағы ақау­лары жойылмаған. Аталған көлік дә­лізінің 350, 437 және 576-шақы­рым­дарынан анықталған торлы жарықшақтар сияқты ақаулар қалпына келтірілмеген. «Жұмыс істеу барысында облыс әкімі Бер­ді­бек Сапарбаев бізді қолдап отыр. Әкім өңірде 21 асфальт зауы­тының бар екенін айтып, маған сол нысанның бәрін аралап шығуды тапсырды. Сонымен қатар абыройдың бәрімізге ортақ екенін жиі айтып, жұмысымызға қолдау білдіреді», дейді Мырзах­мет Ибрагимов. Дегенмен, «Жол ак­тив­терінің ұлттық сапа орта­лы­ғының» жергілікті филиалы­ның мәліметінше, орташа жө­н­деу бойынша да бірқатар кемші­лік­тер анықталған. Қордай ауданы­ның аумағындағы «Бетқай­нар – Соғанды» жолының 25-28 шақырымында мердігер ком­пания резервтегі материалды пай­далан­ған болса, Т.Рысқұлов ауданы аума­ғындағы «Шолақ-Қайың­ды – Тереңөзек» жолындағы жиек­тердің асты төмендетілген және ені жобалық-сметалық құжат­тарға сәйкес келмейтін болып шыққан. Сонымен қатар Жуалы ауданының аумағындағы «Б.Момышұлы – Көлтоған – Қошқарата – Қызтоған» тасжолының 15-33 шақырымында өндіріс технологиясы бұзылған. Талас ауданынан Мойынқұм ауданына қарай жалғасатын «Ақкөл – Ойық – Ұланбел» жолындағы жұмыстың жобалық-сметалық құ­жат­тамадағы материалға сәй­кес еместігі анықталған. Мұндай көп­теген кемшілік талай жылдан бері «жыры» бітпей келе жатқан «Меркі – Шу – Бурылбайтал», «Алматы – Ташкент – Термез» және Ресей Федерациясының ше­ка­ра­сынан бері «Нұр-Сұлтан – Қа­рағанды – Алматы» бағытын­дағы автожолдарда да кездеседі екен.

Ауыр жүк көліктерінің бақы­лаусыз жүруінен жергілікті ма­ңы­зы бар автожолдардың мерзімінен бұрын тозуы басты мәселе болып тұр. Әсіресе «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлі­зі­нің бойы­нан жүк тиеген ауыр жүк көлік­терін жиі кездес­тіруге бо­лады. Жамбыл облыс­тық жо­лау­шылар көлігі және авто­мо­биль жолдары басқарма­сы­­­ның мәлі­­метінше, бұл тұрғы­да осы жыл­дың үш айын­да облыс­тық кө­лік­тік бақылау инс­пекция­­сы­­мен бірлескен рейдтерде 1872 авто­көлік тексерілген. Нәтижесінде, 360 әкімшілік хаттама толтырылып, ие­леріне 9,5 млн теңге айыппұл са­лын­ған. Об­лыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды рет­теу бас­қармасымен бірлесе оты­рып, жүк­ті автожолдар арқылы тасы­мал­дайтын 50 кен орынының ие­лері­мен жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарт жасалды. Рұқ­сат етілген жүктемеден асатын жүк тиеуге тыйым салатын қо­сым­ша келісімдер бар. Соның ішін­де, заң бұзушылықтар жылына 2 рет қайталанған жағдай­да жер қой­науын пайдалану келісім­шар­тын біржақты бұзу шаралары да қарастырылған», дейді Б.Жәні­беков. Сондай-ақ Жамбыл об­лысы әкімдігінің тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына HOWO, SHACMAN және тағы да басқа Қытай өндірісінің өзі аударғыш жүк кө­лік­терінің карьерлерде жүк тиеу мен тасымалдауға арналған көлік­тер екенін алға тарта отырып, бұл жүк көліктерінің жалпы пай­да­ла­нымдағы автожолдарда жүруі­не заң жүзінде тыйым салу талап­тарының қабылдануына ықпал жасау бойынша хат та жол­данған екен. Әйтпесе жаңа салын­ған жол­­дың тез бүлініп, тозу көрсет­кі­ші арта бермек. Жолды жауапсыз сал­­ған мердігерлердің де әрекеті әш­­кере болып, кемшіліктер анық­тал­са, олар да жол салуда жауап­сыз­дық­тың жүрмейтінін түсінер еді.

 

Жамбыл облысы