«Орал қаласында санитарлық-дезинфекциялық талаптарды орындамаған 1 саябақ, 1 кафе, 2 сауда үйі және 3 қоғамдық көлік маршруты жұмысын уақытша тоқтатты» деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Батыс Қазақстан облысында карантин режімі тоқтатылғанымен, санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі халыққа қызмет көрсететін барлық нысандарға ескертілген болатын. Өйткені өңірде індет әлі өршіп тұр. 4 маусым күні таңертең жаңадан тағы 22 адам вирус жұқтырғаны белгілі болды. Барлығы да Орал қаласы тұрғыны. Осылайша өңірде коронавирусты жұқтырған адам саны 754-ке жетті.
Өңірде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін ведомствоаралық комиссия отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов та ескерткен болатын.
«Жергілікті әкімдіктер санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қатаң қадағалауы тиіс. Егер бизнес нысандары оны сақтамайтын болса, уақытша жауып, тәртіпті қалпына келтіру қажет. Бұл біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін керек» деген еді Ералы Тоғжанов.
Өңірде осы талаптардың орындалуын бақылау үшін Батыс Қазақстан облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, Орал қалалық басқарма қызметкерлері, қалалық әкімдік мамандары және полиция қызметкерлерінен құралған мониторингтік топ нысандардың карантин жағдайында санитарлық талапқа сай жұмыс істеуін тексеріп, күн сайын рейд жүргізіп келеді.
- Батыс Қазақстан облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша, ауданы 2000 шаршыметрден асатын сауда нысандарында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар және эпидемияға қарсы іс-шаралар сақталуы тиіс. Яғни жеке қорғану құралдары – бетперде, қолғап, санитайзер, антисептик саны жеткілікті болуы, үй-жайға дезинфекция және желдету жүргізілуі, кемінде бір метр ара қашықтықты сақтай отырып 5 адамнан артық кезектің пайда болуына жол бермеуі тиіс. Сондай-ақ келушілердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу үшін нысандардың кіре берісінде қашықтық термометрия (қол тепловизоры) болуы тиіс, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әдемі Ғибратқызы.
Ал мейрамхана-асхана секілді қоғамдық тамақтану орындарында келушілер саны бір мезгілде 30 адамнан аспауы, келушілер арасында бір метр ара қашықтықты сақтау, 5 адамнан артық кезектің пайда болуына жол бермеу, үстелдердің арасындағы қашықтық кемінде 2 метр болуы, бір үстел басында отырушылар бір отбасын қоспағанда 4 адамнан аспауы тиіс деген сынды талаптар қадағалануда.
Осындай тексеру барысында Орал қаласындағы кейбір нысандар көрсетілген талаптарды орындамайтындығы анықталған. Осылайша, рейд барысында бетперде тақпаған және санитарлық-дезинфекциялық режим талаптарын сақтамаған 1 дәмхана және келушілердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу үшін қол тепловизорын алмаған, адамдардың бір жерге көп жиналуына, кезекте арақашықтықтың сақталмауына, келушілердің бетпердесіз кіруіне жол берген және қызмет көрсетушінің өздері де бетперде тақпаған 2 сауда үйі уақытша жабылды. Облыс тұрғындарының сүйікті демалыс орны – орталық саябақ та уақытша жабық. Сондай-ақ қалалық №3, 10, 35 бағыттағы қоғамдық көлік маршруты кемшіліктерін жойғанша жұмысын уақытша тоқтатты.
Батыс Қазақстан