• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Маусым, 2020

Тойымсыздық – тас жолдың соры

401 рет
көрсетілді

Былтыр елімізде «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» деп атал­ған республикалық мемлекеттік кәсіпорын құрылып, әр облыста оның фи­лиал­дары да ашылып, жұмыс істей бастады. Жаңа мекеменің мақсаты бел­гілі. Өзінің атауы айтып тұрғандай, жолдарды салу, қайта құру, жөн­деу және күтіп ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұ­м­ыстар мен материалдардың сапасын сараптау. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәсіпорынды экономикамыздың тарам-тарам тамырына айналған ірі­лі-ұсақты жолдардың нағыз жанашыры деуге болады.

Ал қыруар қаржыны жайынша жұ­­та­­тын жол құрылысында мәселе деген шаш-етектен. Жұмысты жоба­лау­­да жіберілген кемшіліктер, мерді­гер­­лердің арзанқол, сапасыз құрылыс ма­­териалын пайдалануы өз алдына, қазір күн тәртібінде тұрған тағы бір шетін мәселе бар. Ол – ауыр жүк кө­лік­терінің жаңадан салынған немесе жөн­делген жолдарды аяусыз таптап, біт­кен шаруаның бәрін рәсуа қылып жүр­­гендігі.

Мысалы, «Жол активтері сапа­сын­ың ұлттық орталығы» РМК Қара­ғанды облыстық филиалының басшысы Айбол Бидайбековтің айтуынша, жүк көлік­те­рінің жолмен жүрудің шектік талабы бір білікке деп шаққанда 13 тонна­дан аспауы тиіс. Ал қазір өңірдегі аудан­аралық, облысаралық жолдарда 25-40 тонналық ауыр жүк көлік­тері бұл талапқа пысқырып та қара­май, тас жолдың асфальтын саз бал­шық­ша илеп, тыным таппай жортатын көрі­не­ді.

«Көлік және коммуникация ми­нис­­трі көлік қозғалысына қатысты арна­йы шектеулер бекіткен, – дейді А.Бидайбеков. – Онда бір білікке түсе­тін жүк салмағы 13 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін ауа температурасы 25 градустан жоғарылағанда, республикалық маңызы бар автожол­дар­да жүруге шектеу қойылған. Мы­са­лы, Қарағандының маңайы IV-V жол-кли­маттық аймаққа жатады. V – аймақ Балқаш – Жезқазған өңірлері, IV жол-климаттық аймақ – облыстың қалған өңір­лері. IV жол-климаттық аймақ үшін, яғни, 23 наурыздан 1 мамырға дейін, V жол-климаттық аймақ үшін 1 наурыздан 1 сәуірге дейін шектеу­лер бар. Бұл арада табиғаттың ауа температурасы, жауын-шашыны бәрі ескеріледі. Соған сай шектеулер де қойылуда. Әйтпесе, жолдың бұзылу қаупі жоғары. Ауа температурасы жо­ғары аймақта асфальт ондай ауыр сал­мақты көтере алмайды. Қар көп түсіп, көктем шыға жауын-шашыны кө­бейетін IV жол-климаттық аймақ та тап сондай жағдай».

Жол құрылысы жоғары жауап­кер­шілікті талап ететін маңызды шаруа. Мысалы, арнайы институттар жо­­балау жұмыстарын жүргізгенде жол­­ға қандай қажетті материалдар жұм­­салатынын толық тізімдеп, олар­дың сапасы мен деңгейіне қатты мән береді. Әлбетте, жұмыс көрсетілген та­лап­тарға сай жүргізілсе, сапасыз дүние болмас еді. Осы орайда, өзі­міз­де өн­дірілетін битумның сапасын да халық­арлық стандарттарға сай қы­лып шы­ғару күн тәртібінде тұрған ма­ңызды мәсе­ленің бірі.

«Технологияның озықтығын ерек­­ше атауға тиіспіз. Ең бастысы, жолдың астыңғы қабатын зерт­теу­­ге баса мән берілуі тиіс. Олай ет­пейін­ше, жолда сапа болмайды. Жол құрылысын жобалауда қателікке жол жоқ. Оның төменгі қабатының ерек­шеліктерін ежіктеп талдаудан өт­кізу – міндет. Әйтпесе, жолдан кіл­типан шыға береді. Бәрі алғашқы зерт­теу­дің негізіне байланысты», дейді А.Бидайбеков.

Облыста ауыр жүк көліктерінен жапа шегіп жүрген бірнеше жол бар. Соның бірі – Қарқаралы ауда­нының шекарасы арқылы өте­тін республикалық маңызға ие «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз» авто­жо­лы­ның бір бөлігі. Міне, осы жол­мен жүк көліктері Қарағайлы кен байыту фабрикасынан және «Ал­тай­по­лиметалл» компаниясынан күні-түні тыным таппай кен тасиды. Бұдан кейін, мұндай ауыр салмаққа есеп­телмеген жолдың қандай күйге ұшы­рай­тынын көз алдына елестетудің өзі аса қиын шаруа емес.

Қазір Қарқаралы мен Матақ ауы­лы­ның арасындағы тас жолдың тас-талқаны шыққан деп батыл тұ­жы­рым жасауға болады. «Был­тыр ха­лық дабыл қаққаннан кейін, осы жолға орташа деңгейлі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Ауыр көліктердің жүруіне тыйым салынды. Қадағалау да күшейді. Сырт көзге жағдай реттелген тәрізді болып көрінген. Күндіз 10 тонналық көліктер ғана жүре бастады. Бірақ сайып келгенде, мұның бәрі көз алдау болып шықты. Бақсақ, ас­фальтта емес, кеніште жүруге ар­нал­ған қырық тонналық ауыр кө­лік­тер жүрісін тоқтатпаған екен. Тек, күндіз тыныстап, түнде жүруге көшіпті. Бұл, енді барып тұрған сора­қы­лық. Бұл жағдайдың биыл тағы қайталанбасына кім кепіл?», дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының маманы Асхат Шахаев.

Дәл осындай кепті аталған аудан­да­ғы «Қоянды – Егіндібұлақ – Бүркітті» бағытындағы жол да киді. Облыстық маңыздағы бұл жолға өткен жылы орта деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде осы жолдың басым бөлігінің ойран-ботқасы шықты. Жөндеуге кеткен есіл ақша ауыр жүк көліктерінің табанына тапталып, қор болды.

Мұндай мысалдарды кен өндіретін кәсіпорындары бар өзге де аудандардан кездестіруге болады. Мәселен, Жаңаарқа ауданындағы «Қаражал –Атасу» тас жолында да мөлшерінен артық жүк тиеген көліктер еш ке­дер­гі­сіз шаруаларын тындырып жүр.

«Ауыр жүк көліктері кен орын­да­рының маңайындағы жұмыстарға ғана арналған, дейді А.Бидайбеков. – Оларға тас жолмен жүруге тыйым салынған. Әрине жол салынып жат­қан кезде жүруіне рұқсат. Ал жол құ­рылыс жұмыстары аяқталған соң, тос­қауыл қойылуы тиіс. Әлбетте, жол көлік бақылау комитеті, басқа да құ­зырлы орындар қол қусырып қа­рап отырған жоқ. Дегенмен, алпауыт кәсіп­­орындардың ауыр жүк таситын көлік­те­рі тәртіпке атүсті қарап келеді. Осы бағытта жауапкершілікті арт­тырудың басқа да тетіктерін қарас­тыр­майынша, істің оңға басатын түрі көрінбейді».

Ең бірінші кезекте, ауыр жүк кө­лік­терінің ерсілі-қарсылы жөң­кіл­уі­не тоқтау салу керек деп есептейді филиал басшысы. Мәселен, жүк сал­ма­ғын асырып тиеген көліктерге ұдайы тексеріс жүргізіп, тәртіп бұзған­да­ры­на қатаң жаза қолданса, мұның өзі атал­ған мәселенің оң шешілуіне игі ықпалын тигізер еді.

Жалпы, жол құрылысында бес сатылы тексеріс бар екен. «Жол актив­те­рі сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалы республикалық мекеме ретінде таңдау тәсілімен тексеру жүргізеді. Мысалы, кесте бойынша, жылдың басынан бері республикалық маңыздағы жолдарға 799 тексеріс жүргізуге тиіс болатын. Бүгінде 240 тексеріс іске асырыл­ды. Биылғы қыстың аса қарлы, ауыр болғаны белгілі. Меке­ме мамандары жолға шығып, мер­ді­­гер­лер­дің қар тазалауға, жолды аршуға қатыс­ты жұмыстарын қада­ғалаған. Міндет­те­рі­не атүсті қара­ған­да­рына қатысты шара да қолданған екен.

«Қазіргі таңда біршама құрылыс мате­риалдарына зерттеу жүргіземіз. Бірақ біз 15 адаммен жолды күн са­йын қадағалай алмаймыз. Ол мүм­кін де емес. Ал негізінде, рес­пуб­ликалық жолдың сапасына тапсырыс беру арқылы тексеру жүргізе аламыз. Былтыр жергілікті жол көлік бас­қармасы 50 млн теңгеге келісімшарт жасасып, облыстық маңыздағы жол­дар­ды тексеруге тапсырыс берді. Қар­жы толығымен игерілді. Биыл да 50 млн теңгенің келісімі бар. Бұған қоса, облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен аудан­дар мен қала әкімдіктері біздің ұйым­мен келісімшарт жасаса бастады», дейді филиал басшысы.

Расында да, қазір аудан, қала әкім­­дері жолдардың сапасын тексер­ту­ге мүдделілік таныта бастады. Мұның себебі де түсінікті. Жергілікті әкім­дік­тердің сапасыз жол салған талай мер­дігердің шала ісінен опық жеп жүр­гені жасырын емес. Сапасыз са­лынған жолдың ешкімге абырой әпермесі белгілі. Сондықтан, әкім­дік­тер бұл шаруаға түсіністікпен қарап, ортақ істің оңды болуына құл­шы­ныс танытып отырғаны қуан­та­ды. А.Бидайбековтің айтуынша, бүгінге дейін облыстағы 18 аудан мен қала әкім­діктерінің тең жартысынан астамы «Жол активтері сапа­сының ұлттық орта­лығы» меке­ме­сі­мен келісімшарт жа­сасқан. Мамыр айының соңына дейін бұл іске қал­ған­дары да қосылмақ.

Былтыр «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» кәсіпорны мамыр айынан желтоқсанға дейін 575 сы­на­ма алыпты. Оның 423-інің рес­пуб­­ли­калық, 152-сі облыстық жолға қа­­тысты болған. «Соның ішінде, рес­­­публикалық жол сынамасының 74-і, облыстық деңгейдегінің 43-і нор­­­мативке сай болмай шықты. Сол не­­гізде хаттама беріліп, кемшілікті жою міндеттелді. Оның қайсыбірінде төсе­­­летін асфальттың тығыздығы сәй­­кес келмей жатады немесе төсе­ле­тін қиыршық тастардың сапасы нор­­ма­тив­ке сай болмай шығады. Лай­­дың, ма­териалдың құрамы дұрыс бол­­май­тын жайттар да кездеседі. Бұл сына­ма­ның заңдық негізіне соны өткіз­ген зертханашы жауап береді. Биыл төрт сы­намадағы қиыр­шық тастар бо­йын­ша ескертулер беріл­ді. Жал­пы, қазір жағ­дай біршама оңа­лып, жол құ­­ры­лы­сы саласындағы сапа да жақ­са­рып келе­ді», дейді А. Бидай­бе­ков.

Кеше салынған жолдың асфальты бү­гін жарамсыз болып жатса, кінә­ні мер­дігерден іздейтініміз ан­ық. Мер­ді­герді заңмен тұқыртып, кем-кетікті жойдыруға болады. Жамап-жасқап, жөніне ол да кетер. Ал тәртіпке бағынбай, бүтін дүниені тас-талқан етіп жүрген ауыр жүк көліктері үшін жа­уапты кім береді? «Сонда бұ­лар­­дың артында кімдер тұр?» деген заңды сұрақ туады. Әлбетте, олар­дың кім екені белгілі: құлқынның қамын ғана ойлаған тойымы жоқ жұ­мыс беру­шілер. Міне, осындай, пай­да­­ның жолында ынсапты тәрк еткен кә­­сіпорындарды тәртіпке салғанда ғана қара жолдың ғұмыры ұзарып, «Жол активтері сапасының ұлттық ор­талығы» сынды мекеменің үстінен ауыр жүк түсер еді.

 

Қарағанды облысы