Кейде жұмыс бабымен, дәм тартып көршілес Ресейдің Орынбор, Астрахань қалаларында, Башқұртстан астанасы Уфа шаһарында болып жүрміз. Сонда «Күбілей» зауытының қалбырлары әрдайым алдымыздан шығады, дүкен сөрелерінде көзге оттай басылады.
– «Қазақстанда жасалған» тауар! – дейміз мақтанышпен.
– Біздің Оралдың өнімі! – дейміз одан сайын масаттанып.
...Астраханьда тұратын Рахмет досым да өзі ашқан азық-түлік дүкенінің ең көрнекті жеріне Қазақстаннан әкелген тауарларды қойып, қандастар арасында үнемі насихаттап жүреді. Шынын айтайық, алыс шетелді былай қойғанда, іргедегі ормандай орыс нарығының ортасынан ойып орын алатын, бәсекеге қабілетті өніміміз көп емес қой. «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауардың қарапайым тауар ғана емес, тұла бойына тұтас бір идеологияны сыйдырған ерекше қасиеті болатынын шекараның сыртында осылай сезіндік...
Табыс тарихы
«Күбілей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «туған» күні – 1992 жылдың 2 қарашасы. Одақ кезінде атағы алысқа кеткен Орал ет комбинатының өнімдерін көріп қалған халықтың ықылас-пейіліне ие болу оңайға түскен жоқ, әрине. Үш жылғы тынымсыз еңбектен кейін 1995 жылы консерві-қалбыр өндірісі игерілді. Еттен, балықтан және ет пен өсімдік өнімдерінен қалбырдың сан-алуан түрін шығаратын «Күбілей» бүгінде «Испат Кармет», «Agrimat export» «Roja», «Sokolow-export», «Воха Агро Сервис» сынды алпауыт компаниялармен серіктес болып, олардың қосалқы бөлшектері мен шикізатынан тамаша туындыларды тұтынушыға тарту етіп отыр.
Қазақ тілінде «тоқсан түрлі» деген анықтауыш «өте көп» деген мағына береді. Ал «Күбілейдің» конвейерінен шығатын өнім саны одан да көп. Бүгінде «Күбілей» сауда маркасымен 100-ден астам консерві халыққа жол тартады. Еліміздің бүкіл аймағын айтпағанда, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей жұрты «Күбілейдің» бұқтырылған еті мен балығының дәмін татып, бағасын бас бармағымен беріп қойған. Соңғы кезде дайын өнімді шығару айына 2 млн банкаға дейін ұлғайған екен.
– «Күбілей» консервілерінің сапасы жоғары. Оралдық өнімдер талай мәрте Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет дипломын иеленді. Азық-түлік тауарларын өндіру саласындағы ұлттық және халықаралық байқаулардың мәртебелі марапатын, медальдары мен жүлделерін де қанша рет жеңіп алды. «Күбілей» – уақыт сынынан өткен, тәжірибесі толыққан, дәстүрі мығым компания, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанна Бекқалиева.
Әрине кәсіпорынның төрт аяғын тең басып кетуіне мемлекет те барынша көмектесті. Елдегі индустрияландыру бағдарламасы аясында өңірдегі бірнеше кәсіпорын еңсесін тіктеп алды. «Күбілей» 2015 жылы ауысымына 400 бас ірі қара мен 700 бас қой-ешкі соятын цехы бар ет өңдеу кешенін іске қосты. 2018 жылы мал қалдықтарын қайта өңдеу цехы жұмысын бастады. Тері өңдеу цехының іргетасы қаланды. Бүкіл облыс халқы үмітпен күтіп отырған тері өңдеу жобасы биыл іске асырылмақ.
Сүйектен – ұн, теріден – құрым
– Біздің компания құрамында 500-ден аса жұмысшы істейтін екі зауыт бар. 1992 жылдан бүгінге дейін сатылап дамып, қазіргі дәрежеге үлкен еңбекпен жеттік. 2015 жылы іске қосылған ет зауытының ерекшелігі – мұздатылған, жаңа мұздатылған және жартылай фабрикат өнімдер дайындауға қол жеткіздік. Былтыр ішкі нарыққа 12 мың тонна өнім ұсындық. Ал Иран, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан секілді елдерге 1,5 мың тоннаға жуық өнім сатылды. Компаниямыздың соңғы өндірістік жетістігінің бірден-бір көрінісі – вакуумдық герметикалық қаптамадағы сиыр еті, қазы және субөнімдер. Қазіргі таңда Орал, Ақтау, Атырау қалаларындағы ірі супермаркеттер мен дүкендерде сатылымда, – дейді компания басшысы Талғат Берекешов.
Әрине әлемдік нарықта сапалы тауар ұсыну үшін заманауи технология, күрделі құрал-жабдық керек. «Күбілей» компаниясына қарасты екі зауыттың өнімін жоғары сапалық деңгейге жеткізген де осы еуропалық жаңа құрал-жабдықтар. «Халықаралық саудада бәсекеге қабілетті және тиімді болып қалу үшін біз қазір қалдықсыз өнім шығаруға күш-жігер салып жатырмыз» дейді компания басшысы.
Қалдықсыз өнім демекші, 2018 жылы мұнда жануарлар өнімдерінің тағамдық емес қалдықтарын өңдейтін және ет-сүйек ұнын өндіретін жаңа цех іске қосылды. Бұл ет-сүйек ұны дегеніңіз – бройлер тауықтарды тез өсіретін, ал мекиендердің жұмыртқалағыш қасиетін арттыратын, жұмыртқа қабығының сапасын жоғарылататын нағыз минералды ақуыз екен! Содан да болар, бұл жемді құс фабрикалары таласа-тармаса алып кетеді. Ал баяғыда әжелеріміз құр сүйекті қайнатып, майын сүзіп алатыны, қара сабынға қосатыны туралы естіп пе едіңіз? Заманауи сабын өндірісінде де қолданылатын жануар майын алу жүйесі де солай реттелді.
– Бұйырса, биыл хромдалған былғары – «WET-BLUE» жартылай өнімін өңдейтін тері цехын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаны жолға қоюға италиялық мамандар көмектеспек. Қазір олардың Оралға келу мәселесін құзырлы мемлекеттік органдармен пысықтап жатырмыз. Бұл цех іске қосылғанда қосымша жаңа жұмыс орындары ашылады. COVID-19 індеті әлемді жайлап, жер-жерде қысқарту болып жатқан кезеңде бұл өте маңызды мәселе емес пе? Сонымен қатар жергілікті халықтан тері қабылдай бастаймыз. Италиялық құрал-жабдықтың қуаты бір ауысымда 600 теріні өңдеуге жетеді. Ал жартылай фабрикатты жергілікті нарықта да, Ресей, Қытай, Еуропа елдеріне де экспорттайтын боламыз, – дейді осы істің басы-қасында жүрген Зәуре Талғатқызы.
Отандық өндірісті қолдайды
Иә, елімізді индустрияландыру бойынша қолға алынған мемлекеттік бағдарламаның шарапаты «Күбілей» компаниясына да тиді. «Qazindustry» АҚ индустрия және экспорт орталығының мәліметіне қарағанда, оралдық «Күбілей» ЖШС-ның «технологиялық үдерістерін жетілдіру шығындарының бір бөлігін мемлекет көтеріп алған. Бұл дегеніңіз – 6 539 940 теңге. Аз қаржы емес, әрине.
– Мемлекет тарапынан көрсетілген жәрдем арқылы қалдықтарды қайта өңдеу цехының инвестициялық жобасын монтаждау бойынша шығындардың бір бөлігі өтелді. Бұл еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген жоба. Жалпы, төтенше жағдай кезінде тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары жұмысын тоқтатқан жоқ. Шама-шарқымызша елді тағам өнімдерімен қамтамасыз еттік. Әрине жұмыс барысында логистика және құрамдас өнімдерге байланысты бірқатар кедергі болғаны рас. Алайда өкілетті мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы барлық мәселе өз шешімін тапты, – дейді Талғат Берекешов.
Қазақстандағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ІІ бесжылдығында (2015-2019) Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында жалпы сомасы 93,9 млрд теңге болатын 36 жоба пайдалануға берілген екен.
– Биыл үшінші бесжылдық басталды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының III бесжылдығы аясында облыс бойынша 10 жоба іске асырылып жатыр. Бұған мемлекет тарапынан 170,8 млрд теңге қарастырылған. Аталған жобалар жүзеге асқанда өңірде жаңадан 659 жұмыс орны ашылады, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанна Бекқалиева.
Бұл он жобаның бесеуі бұйырса, биыл іске қосылмақ. Олар – Орал трансформатор зауытының қуаты 35-500 кВ трансформаторға арналған панельді радиатор өндірісі, «134» ЖШС-ның кірпіш зауытын салу, «Квант» компаниясының жиһаз фабрикасы, Орал құс фабрикасындағы кеңейту жұмыстары және «Intelligent Protective System» фирмасының дербес газталдағыштар өндірісі. Бұл жобалардың жалпы құны – 7,5 млрд теңге. Бәрі жоспардағыдай болса, 300-дей жаңа жұмыс орны ашылады.
Батыс Қазақстан облысы
P.S.: Жанна Бекқалиеваның айтуынша, алдағы жылдардың да жоспары айқын. Мәселен, 2021-2022 жылдары Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 163,3 млрд теңгеге бағаланған тағы 5 жоба іске асырылады. Ол жерде 361 адам жұмыс таппақ. Тарихтың таразысы үшін ол жобаларды да осы жерге таңбалай кетейік: «Ringo-Milk» ЖШС-нің тауарлы сүт фермасы, «АБС Мұнай» компаниясының мұнайды терең өңдеу зауыты, «BATYSTRAILER» фирмасының жартылай тіркеме техникасын өндіретін зауыт құрылысы, «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институтының шағын катерлердің кеме жасау өндірісін кеңейту һәм жаңарту жобасы және «Бисеналиев Т.А.» жеке кәсіпкерлігінің керамикалық бұйымдарын шығаратын зауыты туралы бір-екі жылдан кейін сүйінші сұрап жазу бұйырсын дейміз.