• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2020

Жамбыл облысы: Кенеге қарсы жұмыстар қыза түсті

443 рет
көрсетілді

Бүгінде Жамбыл облысында ветеринариялық іс-шараларды 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар атқарады. Мекемелердің құрамында 160 ветеринариялық пункттер бар.

Бұл мекемелерде арнайы орта және жоғары білімді 844 ветеринар мамандар жұмыс істейді. Ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырысқа сәйкес, жануарлардың аса қауіпті 14 түрлі ауруына қарсы вакцина егу, 2 аурудың түрі бойынша аллергиялық тексеру және мал арасынан 25 түрлі жұқпалы ауруларды анықтау бойынша диагностикалық іс-шаралар жоспар бойынша орындалуда. Қажетті барлық ветеринариялық препараттар алынып, аудандардағы уақытша сақтау орындарына жеткізілген. Аудандардағы ветеринариялық кәсіпорындарда препараттарды  уақытша сақтайтын қоймалар да бар. Диагностикалық зерттеулерге жүргізілген талдау бойынша малдар арасында созылмалы бруцеллез ауруына шалдығу жылдан жылға төмендеуде.

Дей тұрғанмен, жаз мезгілі келе салысымен кенеге қарсы жұмыстар қыза түседі. «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл, Талас, Мойынқұм, Сарысу аудандарының елдімекендерінде аурудың алдын алу шаралары жүйелі түрде жыл сайын жүргізіледі. Жыл сайын облыс әкімдігінің алқа отырысында аталған ауру бойынша эпизоотиялық және эпидемиологиялық жағдай қаралып, облыс әкімінің қаулысымен табиғи ошақта атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітіледі. Кенеге қарсы іс-шаралар жыл басында алдын ала жоспарланған жоспарға сәйкес және табиғи ортадағы кененің белсенділігіне қарай көктем мезгілінде екі кезеңде, күз мезгілінде бір рет жүргізіледі. Биылғы жылы облыс аумағында Байзақ ауданында 4, Жамбылда 2, Мойынқұмда 12, Таласта 8, Сарысуда 18 және Тараз қаласында 5, барлығы 49 елдімекенге залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде», дейді Жамбыл облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанатбек Қартабаев.

Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен кешенді іс-шараларды өткізуге арналған кенеге қарсы дезинфекциялық дәрі-дәрмектер сатып алуға 78 миллион 484 мың теңге қаражат бөлінген. Малдар мен мал қораларын дезинфекциялық дәрілеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 57 миллион 270 мың теңге бөлінген. Бүгінде көктемгі бірінші кезеңнің жұмыстары эндемиялық аудандарда толық аяқталған. Нәтижесінде, көлемі 4 403 610 шаршы метр болатын 16228 қора-жай және көлемі 232 089 шаршы метр болатын 273 буферлік аймақ залалсыздандырылып, барлығы 556448 бас ауыл шаруашылығы жануарлары кенеге қарсы дәріленген. Қазіргі таңда, екінші кезеңінің жұмыстары жүргізілуде екен. «Табиғи ошақтағы эпизоотиялық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақты түрде ұстап, ауру деңгейін төмендету шараларын жүргізуде ветеринария және медицина, жергілікті әкімшіліктердің қызметкерлерімен бірге тұрғындардың да өз үлестерін қосуы арқылы іс-шараларға оң септігін тигізуде. Облыстың мекемелерімен тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде», - дейді Қанатбек Қартабаев.

 

Жамбыл облысы