• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Маусым, 2020

Колесовтың құтты қадамы

273 рет
көрсетілді

Осыдан дәл 58 жыл бұрын, яғни 1962 жылдың 21-27 маусым аралығында АҚШ-тың Толидо қаласында өткен әлем чемпионатында КСРО-ның грек-рим күресі шеберлері 3 алтын, 3 күміс және 1 қола медальді олжалап, жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастады. Екінші және үшінші орындарды Түркия (2 алтын мен 4 қола) мен Мажарстан (2 алтын) құрамалары иеленді. Тағы бір бас жүлде Жапония құрамасына бұйырды.

Аталған жарыс жайында біз бекер әңгімелеп отырған жоқпыз. Оның өзіндік себебі бар. 1904-1961 жылдар аралығында әлем чемпионатының жалауы 16 мәрте желбірегенімен, бірде-бір жерлесімізге сол бәсекелерде бақ сынау бақыты бұйырмаған еді. Ал дәл сол Толидодағы додада тұңғыш рет Қазақстанның күрес мектебінің түлегі өнер көрсетіп, нәтижесінде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол – Анатолий Колесов еді...

Анатолий Колесов 1938 жылдың 18 қаңтарында Қарағанды облысы Осакаров ауданының Есіл ауылында туып-өсті. Бозбала шағында күреске аңсары ауған ол Алматыға келіп, Қазақтың дене шынықтыру институтында шеберлігін шыңдады. Петр Матущактай білікті бапкерден тәлім-тәрбие алған балуан 1959 жылы Мәскеуде өткен КСРО чемпионаты мен КСРО Халықтары спартакиадасын ұтқаннан кейін алып мемлекеттің басты командасына қабылданды.

1962 жылы Анатолий әлем чемпионатына алғаш рет қатысты. Айтулы жарыста 78 кило салмақ дәрежесінде өнер көр­сеткен 24 жастағы жерлесіміз алты кездесу өткізді. Бесеуін ұтып, бір рет тең түсті. Даниялық Бярне Ансбоелге қар­сы өткен финалдық сайыста көз ілес­пес жылдамдықпен қатарынан үш мәр­те керемет әдіс жасап, бар-жоғы 45 секунд­та айқын жеңіске қол жеткізді. Нәти­жесінде Анатолий Колесов өзінің командалық әріптестері Сергей Рыбалко (52 кило) және Ростом Абашидземен (97 кило) бірге алтын тұғырдан қол бұлғады. Қазақстанның грек-рим күресі шеберлерінің әлемдік аренадағы даңқты жолы осылай басталған еді...

Кейіпкеріміз одан кейін әлем чемпионатында тағы екі рет топ жарды. 1963 жылы Швецияның Хельсинборг қаласында ол жеті бірдей қарсыласына жер сипатып кетті. Солардың арасында болгариялық Димитр Добрев пен германиялық Рудольф Веспер де бар еді. Алғашқысы – Рим Олимпиадасының жеңімпазы, Мельбурн Олимпиадасының күміс жүлдегері болса, екіншісі – болашақ Олимпиада чемпионы. Неміс спортшысы арада бірер жыл өткеннен кейін Мехикодағы додада дараланады. 1965 жылы Колесов дәл сол нәтижесін Ан­г­лия­ның Манчестер қаласында ұйым­дас­­тырылған дүниежүзілік додада қай­талай­ды. Сонымен қатар Анатолий­дің Олимпиада чемпионы деген атағы тағы бар. 1964 жылы Токиода алауы тұтан­ған төрт­жылдықтың басты жарысында жер­лесіміз КСРО-ның грек-рим күре­сі ше­бер­лері арасынан жалғыз өзі бас жүл­­дені олжалады. Мүйіздері қара­ғай­­дай өзге балуандарға ондай бақ бұйырмады.

Қарағандылық Анатолий Колесов­тың жеңісті жолы өзге балуандарымызға жұғысты болды. Одан кейінгі байрақты бәсекелерде жерлестерміздің жасындай жарқырағаны жанкүйерлердің жадында. КСРО-ның туы астында өнер көрсеткен кезеңде Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері әлем чемпионаттарында мынадай нәтижелерге қол жеткізді:

Валерий Анисимов: 1965 жыл, Манчестер – алтын. 1966 жыл, Толидо – күміс.

Владимир Бакулин: 1967 жыл, Бухарест – алтын.

Анатолий Назаренко: 1970 жыл, Эдмонтон – алтын. 1971 жыл, София – күміс. 1974 жыл, Катовице – алтын. 1975 жыл, Минск – алтын.

Валерий Резанцев: 1970 жыл, Эдмонтон – алтын. 1971 жыл, София – алтын. 1973 жыл, Теһран – алтын. 1974 жыл, Катовице – алтын. 1975 жыл, Минск – алтын.

Анатолий Быков: 1975 жыл, Минск – алтын.

Шәміл Серіков: 1978 жыл, Мехико – алтын. 1979 жыл, Сан-Диего – алтын.

Жақсылық Үшкемпіров: 1981 жыл, Осло –алтын.

Игорь Ростороцкий: 1985 жыл, Кульботн – алтын. 1987 жыл, Клермон-Ферран – алтын.

Дәулет Тұрлыханов: 1987 жыл, Клермон-Ферран – қола. 1989 жыл, Мартиньи – алтын.

Міне, Кеңес Одағы тұсында Қазақ­стан­ның грек-рим күресі шебер­лері осындай биік белестерді бағын­дырды. Осы орайда, біз тек әлем чемпионаттарындағы жетістіктерді тілге тиек етіп отырғанымызды айта кетейік. Оның сыртында Олимпия ойындары мен Еуропа біріншіліктері және тағы басқа байрақты бәсекелер бар. Жасыратыны жоқ, КСРО дәуірінде еліміздегі бірде-бір спорт түрінің өкілдері дәл осындай ғаламат нәтижесімен мақтана алмайтын. Алып империя келмеске кеткеннен кейін де, жеңісті дәстүр үзілген жоқ. Енді Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақ елі өрендерінің әлем чемпионаттарында көрсеткен нәтижелеріне тоқталайық:

Дәулет Тұрлыханов: 1993 жыл, Стокгольм – күміс.

Юрий Мельниченко: 1994 жыл, Тампере – алтын. 1995 жыл, Прага – күміс. 1997 жыл, Вроцлав – алтын. 1999 жыл, Афины – күміс.

Бақтияр Байсейітов: 1995 жыл, Прага – күміс. 1998 жыл, Евле – алтын.

Мхитар Манукян: 1998 жыл, Евле – алтын. 1999 жыл, Афины – алтын.

Георгий Цурцумия: 2003 жыл, Кретей – қола.

Ермек Көкетов: 2005 жыл, Будапешт – қола.

Нұрбақыт Теңізбаев: 2009 жыл, Хернинг – қола.

Алмат Кебісбаев: 2010 жыл, Мәскеу – қола. 2011 жыл, Ыстанбұл – күміс. 2015 жыл, Лас-Вегас – қола. 2019 жыл, Нұр-Сұлтан – қола.

Нұрмахан Тыналиев: 2010 жыл, Мәскеу – қола. 2011 жыл, Ыстанбұл – қола. 2013 жыл, Будапешт – қола.

Досжан Қартықов: 2015 жыл, Лас-Вегас – қола.

Мейрамбек Айнағұлов: 2017 жыл, Париж – күміс, 2019 жыл, Нұр-Сұлтан – қола.

Демеу Жадыраев: 2017 жыл, Париж – күміс.

Айдос Сұлтанғали: 2018 жыл, Будапешт – қола.

Мейіржан Шермаханбет: 2018 жыл, Будапешт – қола.

Қорлан Жақанша:, 2019 жыл, Нұр-Сұлтан – күміс.