• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Сәуір, 2010

МҰНАЙДЫ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТТАР НЕ ДЕЙДІ?

1320 рет
көрсетілді

Жыл басы Наурыздың келуімен еліміз­де көктемгі қарбалас та басталып кетеді. Қазір оңтүстік облыстарда егіс жұмыс­та­ры­на әзірлік қызу жүріп жатса, басқа өңір­лерде техниканы дайын­дау қолға алынған. Жыл сайын көктемгі егіс жұмыс­тары кезінде оған қажетті жанар-жағар май мәселесі туындап, үш мұнай өңдеу зауыты біресе бірлесе жөндеуге тұрып, біресе өңдеу жұмыстарын тоқ­та­татыны әдетке айналғандай болып, ша­руа соляркадан, дизель отынынан, жа­нармайдан тапшылық көретін. Былтыр ғана Үкіметтің тікелей қадағалауы ар­қа­сында мұндай келеңсіздік­терге жол бе­рілмегені белгілі. Ал биыл қалай бола­ды? Үш облыстағы меншікті тіл­шілерге осы тұрғыда тығыз тапсырма беріл­ген болатын. Павлодардан – Фарида БЫҚАЙ: Көктемгі егіс жұмыстарына ар­нал­ған кеңесте облыс әкімі Бақыт­жан Сағынтаев жанар-жағармай бағасы бақылауда болатынын, әзір­ге алаңдаушылық жоқ екендігін мә­лімдеді. Яғни, шаруалар көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынының бір литрін 55 теңгеден алатын болады. Осы отырысқа қатысқан “Павлодар мұнай-химия зауыты” акционерлік қоғамының бас директоры Шухрат Данбайдың жа­нар-жағармай бағасын бір тең­ге­ге көтеру жөніндегі ұсынысы қа­был­данбады. Нарық бағасы жоғары екені белгілі, мұндайда шаруалар­дың өзі жанармайды қайта сатып пайда көруі мүмкін дегенді алға тартып еді, облыс басшылығы мұ­най өңдеушілерге арзандатылған жанар-жағармайдың бағасы 55 теңге деп белгілеген Үкімет шешімін орындауды талап етті. Отырыста сонымен қатар көк­темгі егіс жұмыстарына кірісетін шаруаларға жанар-жағармайды мұнай базаларынан тездетіп әкету жө­нінде кеңес берілді, себебі, ма­мыр айында жанармай бағасы қым­баттауы да мүмкін. Ал зауыт бас­шылығының мәлімдеуінше, бүгін-ертең дәл көктемгі, науқан қызған уақыттарында мұнай-химия зауыты жөндеу жұмыстарына тоқтайды деген ешқандай сөз жоқ. Жалпы жұртшылық Павлодар мұнай-химия зауытының 58 пайыз­дық үлесі мемлекет меншігіне бе­ріл­генінен хабардар. Облыс орта­лы­ғындағы мұнай өңдейтін алып зауыт бұған дейін индонезиялық “Централ Азия Петролеум” ком­па­ниясының қарамағында болды. Өткен жылы зауыт акциялары ин­донезиялық компаниядан тиімді шарттармен сатып алынды. Бұл мұнай өңдейтін өз зауытымыздың бір бөлігін өзімізге қайтарып, мем­лекет меншігіне айналдыру жөнінде жылдар бойы айтылатын әңгімеге нүкте қойғандай болды. Енді ұлт­тық компания бас болып, мұнай өң­деу зауытының алдында еліміз аумағын жанар-жағар маймен қам­тамасыз ету, мұнай өнімдерінің сапа­сын еуропалық стандарттарға жеткізу міндеттері тұр. Жаңа салық кодексіне сай шикі мұнай ішкі нарыққа сату үшін өндірілсе, оған салынатын салық та екі есе тө­мендеп, соған сай жанар-жағар­май­дың да бағасы арзандайды делінген. Атақты мұнай зауыты өз қолы­мыз­ға көшті деп алақайлағанмен, Пав­лодар мұнай-химия зауыты құбыр арқылы Ресейден келетін мұнайды өңдейтіні белгілі. Әлемде мұнай бағасы өсе бастаса, онда шекара асып келетін шикізаттың да бағасы қымбаттайды деген сөз. Өз зауы­ты­мызға өзіміздің елдің мұнайын жет­кізіп, оны өңдеп, іске жаратқанша да біраз уақыт бар сияқты. Бұл күндері зауыт 2010-2014 жыл­дары аралығында жүзеге аса­тын өндірісті жедел дамыту бағ­дарламасын әзірледі. Кешенді жоба Үкіметтің мұнай өңдеу саласында былтырғы жылы қабылдаған жос­пары негізінде жасалды. Бағдар­ла­ма екі кезеңнен тұрады. Мұның алғашқысы, зауыт мамандарының айтуынша, шикі мұнайды өңдеудің жылдық өндірісін 6 миллион тоннаға дейін жеткізу болып отыр. Яғни, осы кезеңде зауыттың өн­дір­ген өнімі Еуро-2 халықаралық стан­дарттарына сай келуі тиіс. Одан кейінгісі мұнай өңдеудің жыл­дық үлесін 7,5 миллион тон­наға дейін арттыру, осының нәти­жесінде уақыттың өзі талап етіп отырған Еуро-4 стандартына толық көше алады. Атыраудан – Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ: – Мұнай өңдеу өнеркәсібінің өзіндік ерекшеліктері көп. Соның ішінде мұнай өңдеу зауытының технологияларын ұдайы тексеріп, бақылап отырмаса, күрделі техно­ло­гиялық үдерістер жұмысында кі­дірістер болуы мүмкін, – деп бас­та­ды әңгімесін Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Талғат Байтазиев. – Ал мұның зардабы мен залалын айтпай-ақ қояйық. Сол себептен жыл сайын жоспарлы шараларға сәйкес зауыттағы тех­но­логиялық үдерістер атқарылатын ар­найы қондырғыларда кезең-ке­зеңімен күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады. Биыл ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғысы кезекті күрделі жөндеу жұмыстарына 23 сәуірде тоқ­та­ты­ла­ды. Бұл – мұнайды бастапқы өңдеу үдерісі атқарылатын қон­дыр­ғы. Күрделі жөндеу негізінен бір айға созылатын жұмыс болғанмен, біздің мұны шамамен 25 күн ішінде толық аяқтауымызға мүмкіндігіміз жеткілікті деп сеніммен айта ала­мын. Өйткені, зауытта осындай күр­­делі жөндеу жұмыстары кезінде ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысымен мұ­най өңдеу жалғасады. Яғни, жо­ғарыда айтқан қондырғы жөндеу жұмыс­тарына тоқтатылғанда, дәл сол күні бұрыннан жұмыс жасап тұрған екінші қондырғымен мұнай өңдеу жұмыстары жалғаса береді. Демек, мұнай өңдеу техно­ло­гиясы тоқ­та­май­ды. Бұған қоса вакумдық блок­та жаңғырту жұ­мыс­тары жүр­гізілу­де. Мұнда бұ­рынғы пешті осы заманғы озық түрімен ауыстыру ат­қа­рылуда. Басты мақсат – тех­но­­логиялық үде­рістің қалыпты бо­луын, мұнай өңдеу технология­сы­ның сенімді жұмы­сын қамтамасыз ету, сонымен бірге, қоршаған ортаның тазалы­ғын сақтау. Атырау мұнай өңдеу зауытын­да­ғы жөндеу жұмыстарының осы кезеңге орайластырылуының басты себебі – үш мұнай өңдеу зауы­тын­дағы мұнай өңдеу үдерісін тоқтат­пау. Бұл тиісті министрлікпен ке­лісілген, солардың бекіткен тізбе­сіне орай атқарылады. – Биыл зауыт ауыл шаруа­шы­лығы жұмыстары үшін қанша тонна жанар-жағармай беруі қажет? Ауыл шаруашылығы құрылымдары жанар-жағармайды дер мезгілінде алуына зауыт тарапынан қиын­дық­тар туындап жүрмей ме? – Біздің зауыттан наурыз ай­ын­да көктемгі ауыл шаруашы­лығы жұмыстарына қажетті 3702 тонна жанар-жағармай босатыл­ды. Ал сәуір айының алғашқы төрт күнін­де 803 тонна жанар-жа­ғар­май жі­берілді. Тек осы мақ­сатқа ай сайын 40 мың тоннадай дизель отынын босатуға мүмкін­дігіміз бар. Жанар­май көлемі де осы ша­мада болады. Шаруа­шы­лық құры­лымдарынан түскен тапсырыс уақытында орын­да­лады. Зауыт тарапынан ауыл ша­руа­шылығы құрылымдарына бер­і­ле­тін жанар-жағармаймен қамту­да ешқандай қиындық туын­дамайды. Ауыл ша­руашылығы құ­рылым­дары тиісті жанар-жа­ғар­майды дер мез­гі­лінде алуына толық кепілдік бар. Шымкенттен – Бақтияр ТАЙЖАН: Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін кезінде диқан қауымы ара­сын­да алашапқын болады. Қыста және жаз айларында қалыпты жұ­мыс жасап тұрған мұнай өңдеу зауыттарында аяқ астынан жау шап­қандай асығыстық туып, жөн­деуге тұрады. Қордағы жанармай тау­сылуға айналғанда баға күрт ас­пандай жөнеледі. Үкіметтің жеңіл­детілген жанар-жағармайын ала алмай сарсаңға түсіп жүретіндері қаншама. Ал биыл қалай болады? Бизнестің әлеуметтік жауапкер­ші­лігі аясында облыс әкімдігімен меморандумға қол қойған “Петро Қазақстан Ойл Продактс” ЖШС басшыларымен әңгімелескенде осы сауалдарды қойған едік. Оған ком­панияның президенті Вэй Юйсен мен бірінші вице-президенті Асыл­бек Кәрімбаев, коммерция жө­нін­дегі вице-президенті Азамат Ақы­шев қатысты. Менің сұрақтарыма олар кезектесіп жауап берді. Алды­мен компания президенті бастады. – Мұнай айыру зауыты әр ком­паниядан қабылдаған мұнайды өңдеп береді. Міндеті осы. Ал жа­нармай, жағармай алған компа­ния­лар бағаны өздері белгілейді, біз оған ықпал ете алмаймыз. Зауыт Үкімет алдында алған міндетте­ме­сін адал орындап келеді. Ауыл ша­руашылығы министрлігімен диқан­дар мен шаруаларға қажет уақытта арзан бағамен мұнай өнімдерін босату жөнінде жасалған кесте бар. Мәселен, келісім-шарт бойынша наурыз айында 22 мың 660 тонна дизель майын дайындауымыз керек еді, біз 24 мың тонна дайындадық. Міндеттемемізді 110 пайызға орын­дадық. – Жақсы екен. Науқанның қызу уақытында жөндеу жұмыс­та­рына зауытты тоқтатпайсыздар ма? – Көктемде тоқтатпаймыз. Ал күз айын­да министрлікпен келісе отырып уақытша тоқтататынымыз рас. Біз мұны науқанға орай пайда табумен емес, өз ішкі жұмыстары­мыз­­ды рет­теу үшін жүргіземіз. Зауыт әлем­дік бәсекеге қабілетті болу үшін модернизациялаудан өтуі керек. Бұл – Елбасының кәсіп­орындарға қойып отырған басты талабы. Компания басшылығы 2014 жылға дейін осы мақсатқа 1 млрд. 200 млн. доллар бөліп отыр. Біз бүгінде мұнайдың 65 пайызын ғана пайда­ланып отырмыз. Еуропада 1 тонна мұнайдың 95 пайызын игеріп, 93, 95, 98 жоғары маркалы бензин айырады. Біздің мақсат 89 пайызға көтеру. Мөлдір мұнай өнімдері арқылы біз олармен осылайша бәсекеге түсе аламыз. – Алдағы уақытта сіздер боса­тып жатқан бағаға өзгеріс ене ме? – Шикізат пен мұнай өнімде­рін өндеуде баға айырмашылығы болуы мүмкін. Бағаны бізге мұнай­ын айыруға өткізген компания­лар­дың өздері белгілейтіндігін айттық. Ал өз тарапымыздан келсек, сәуірде баға өзгермейді. Квотаға сәйкес береміз. – Бүгін облыс басшылығымен меморандумға қол қойдыңыздар. Зауыт стратегиялық нысан болға­ны­мен, экологияға тигізер зияны да бар. Әлемдік дағдарысқа байлан­ыс­ты сіздерде жұмысшылардың жал­ақысын азайту, қысқарту оқиға­лары орын алды ма? – “Петро Қазақстан Ойл Про­дактс” ЖШС облыс әкімдігімен биз­нестің әлеуметтік жауапкерші­лі­гін арттыру мақсатында әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін 150 млн. теңгеге меморандумға қол қойды. Дәл осындай қаржы өткен жылы да бөлінген болатын. Ал зауыт өміріне келетін бол­сақ, мыңнан аса жұмысшылары­мыздың барлығы дерлік оңтүстік азаматтары. Тек сырттан жеті шет­ел азаматы ғана жұмыс жасайды. Ком­пания еңбек шартында көр­се­тіл­ген міндеттемелерді адал орын­дайды. Айлық жалақы жоғары, жұмысшылар қысқарған жоқ. Оны өздеріңіз келіп, жұмысшылармен пікірлескенде көздеріңіз жетеді. Экологиялық мақсатқа бөлінген үлкен қаржы оның зардаптарын азайтуға жұмсалып келеді. Компания әлеуметтік жобаларға бөлген қаржыдан бөлек өз есебінен жетімдер үйі, қарттар үйіне, мүге­дек жандарға көмектесуді өз бо­ры­шына санап, қамқорлықтар жа­сауда. Қазақстандық компания бол­ған­нан кейін мемлекетіміздің түтіні түзу ұшып, өркениетті елдермен бә­секеге қабілетті болуы, азамат­та­рының баршылықта өмір сүруі біздің де мақсатымызға кіреді. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз.