• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Маусым, 2020

Шағын бизнес салықтық жеңілдіктерге ие болды

257 рет
көрсетілді

Карантиндік шектеулер кезінде зардап шеккен кәсіпорындарды кешенді қолдау шаралары миллионнан аса ШОБ субъектілерін қамтиды, - деп хабарлайды Egemen.kz. 

Халыққа есеп беру кездесуі кезінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов хабарлағандай, салықтық жеңілдіктердің тек өзі ғана экономиканың 29 секторындағы ШОБ кәсіпорындарын қамтиды.

"ШОБ-ты дамыту - экономиканы әртараптандырудың, жұмыспен қамтудың, макроэкономикалық тұрақтылықтың, сондай-ақ, халыққа арналған қызметтер мен тауарларды өндірудің басты факторы. Өздеріңізге белгілі, қазіргі кезеңдегі карантиндік шектеу шаралары ШОБ-қа, әсіресе шағын бизнеске тікелей ықпал етті. Сондықтан, ШОБ-ты қолдау үшін салықтық ынталандыру жасалып, кредит беру көлемі ұлғайтылуда. Бизнес жүргізу шарттарын одан арғы жеңілдету шарасы қабылдануда", - деп атап өтті министр.

Атап айтар болсақ, салықтық ынталандыру шарасы ретінде 2020 жылғы 1 маусымға дейін шағын және орта бизнес субъектілерін барлық салық пен әлеуметтік төлемнен босату көзделген. Экономиканың әлсіз салаларындағы мүлік салығының ставкасы жыл соңына дейін жойылды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жер салығының мөлшерлемесі жыл соңына дейін жойылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өткізу және импорттаудағы ҚҚС 2020 жылғы 1 қазанға дейін 12%-тен ​8%-ке дейін азайтылды.

Экономиканың аса зардап шеккен салалары бойынша 2020 жылғы               1 сәуірден 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша салық мөлшерлемесі алынып тасталды.

Бұл  жалақыдан ұсталатын жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік салық және әлеуметтік төлем, міндетті медициналық сақтандыру жарнасы алынбайды деген сөз.

Жалпы алғанда, жеңілдіктер шағын және орта бизнестің 29 түрін қамтиды.

Сондай-ақ, министр микро- және шағын бизнес үшін Мемлекет басшысының өткен жылы микро және шағын бизнесті үш жылға (2020-2022 жылдар бойынша) кіріс салығынан босату туралы бастамасын жүзеге асыру маңызды қолдау болғанын айтты.

"Нәтижесінде, 1 млн-нан астам микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері 3 жыл ішінде салықтан 382 млрд теңге үнемдейді", - деп атап өтті Дәленов.

Сондай-ақ, бизнесті қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту жөніндегі кешенді шаралар қабылданды, себебі, кредиттер мен кепілдердің қолжетімділігі  - "ШОБ, әсіресе, микро бизнесті дамыту факторы болып табылады".

"Сондықтан, "БЖК 2025" мемлекеттік бағдарламасына "микро және шағын бизнесті микрокредиттеу" жаңа негізгі бағыты қосылады. Қаржыландыру  6%​-тен аспайтын мөлшерлеме бойынша субсидиялау арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі кезде мұндай кредиттер бойынша мөлшерлеме жоғары. Жаңа бағыт 6%​-тік мөлшерлемемен кредит алуға мүмкіндік береді. Кредиттер айналымдағы құралдарды толықтыруға - 5 млн теңгеге дейін, өндірістік қажеттілікке - 20 млн теңгеге дейін берілетін болады. Бұл микробизнес өкілдерін барынша кең көлемде қамтуға мүмкіндік береді", - деді Дәленов.

Сонымен қатар, кепіл ұсыну мәселесі де шешілуде. Даму қоры негізгі қарыздың 85%-іне дейін кепілдік беруді қамамасыз етеді. ​Министрдің айтуынша, микрокредиттеудің жаңа бағыты бір ай ішінде іске қосылады деп жоспарланған.