Ұлттық музейде Жеңістің 75 жылдығына орай «Жеңіс жаңғырығы» атты жоба қолға алынған болатын. Қашықтан өткізілетін акция аясында қан майданнан оралмаған қаншама боздақтың хаттары мен соғыс қимылдарын бейнелейтін фотосуреттер табылып, Ұлттық музей қорына 11 хат, 69 фотосурет пен 95 құжат келіп түскен.
Екінші дүниежүзілік соғыс туралы естелік-шежірені толықтыратын солдат хаттары сұрапыл сұм соғыстың ауыр тынысын сездіреді. Сарғайған сағынышқа толы жазбаларда соғыс туралы әңгіме мен өлеңдер, фотосуреттер көрініс тауып, жақынының жанына жылылық ұялататын сөздер жазылған, ең бастысы, сындарлы сәтте от пен оқтан тайсалмаған қайсар жандар өмірден ешқашан үмітін үзбеген. Соның бірі – қан майданда хабарсыз кеткен Юсуп Хакимовтың сүйіктісіне жолдаған үшбу хаты еді.
«..Аса қымбатты Ася, енді екеуміз қашан кездесер екенбіз? Өкінішке қарай, бұл әзірге тек қиялдағы арман ғана. Мұздай қаруланған жауға қарсы төтеп беру бізге де оңай соға қоймайтынын сеземін, әрине. Соған қарамастан халқымның тағдыры мен азаттығы үшін бәріне дайынмын... Қазір шайқас басталады. Одан қорқып отырғаным жоқ. Тек жаныма жақын өзіңді қимаймын. Сұм соғыс арамызды алыстатып тастағанмен өзіңмен жүздесетін күнді аңсаймын! Кездескенше қош бол, аяулы Асяжан, өзіңнің Иосифің. 19 мамыр, 1941 жыл», делінген солдат хатында.
Ұлттық музей баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, акция аясында хаттармен бірге соғысқа қатысушылардың атына жазылған түрлі сипаттағы марапат қағаздары жинақталған. Мысалы, осындай мұралардың ішінде 1941 жылы Семей облысы, Жаңа Семей әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанған гвардия аға сержанты Ақмал Қыстаубаевтың (1915-1954) «Қызыл Жұлдыз»,«III дәрежелі Даңқ», «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендері және «Ерлігі үшін»,«Жапон соғысында жеңіске жеткені үшін», «Будапешті алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін» жауынгерлік медальдары, сондай-ақ «Үздік жүргізуші» белгісі мен Сталиннің қолынан алған мақтау қағазы бар.
Соғысқа дейін Макинка ауылында (Көкшетау өңірі) тракторшы-машинист болып жұмыс істеп, 1941 жылдың маусымында соғысқа аттанған Иван Назаренко (1911-1978) Еуропаны неміс басқыншыларынан азат ету, Берлинге шабуыл жасау сияқты соғыс қимылдарына қатысып, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жж Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» жауынгерлік медальдарымен марапатталған. Соғыс аяқталған соң, ол «Прогресс» кеңшарында механизатор болып жұмыс істеп, 1978 жылы 67 жасында қайтыс болған.
Қан майданда ерлігімен көзге түскен майдангер аға ұрпақтың тағдыры мен тарихын баяндайтын мұндай материалдар кейінгі өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор құнды құжаттар саналады. «Жеңіс жаңғырығы» жобасы жылдың соңына дейін жалғасады деп күтілуде. Екінші дүниежүзілік соғыс туралы шынайы мағлұмат алғысы келген кісі үшін мұның өзі әлі толық игерілмеген тың һәм қомақты қор іспетті.