• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Технология 09 Маусым, 2020

Invest Day: Стартаптар үшін тың мүмкіндік

378 рет
көрсетілді

Қазақстанда кезекті Invest Day шарасы өтеді. Бұл жолы дәстүрлі жиын онлайн режімде ұйымдастырылады. Басты мақсат – инвесторлар мен дарынды жас өнертапқыштарды тоғыстыру. Олар ерекше жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады.

Astana Hub бас директоры Джо­зеф Циглердің айтуынша, бола­шағынан зор үміт күттіретін жобаларды іздеген инвесторлар ұтымды бастамаларды жүзеге асыруға қы­руар қаражат бөлуге дайын. Осын­дай Invest Day шарасынан соң талай отандық тырнақалды бастама нарыққа шыға бастады.

«Біз жобаларды бірнеше бағыт бойынша бағалаймыз. Өнімнің өзі, оның тиімділігі, қоғамға пайдасы, қандай мәселелерді шеше алатыны, нарықтағы сұранысы, жетілдіруге қатысты көрсет­кіштері сыналады. Кейін команда тексе­ріледі. Жобаны құрастырушылардың кәсіби деңге­йіне мән беріледі. Сондай-ақ бү­гінге дейін саудаға шығарылса, сатылу көрсеткіші, тұтынушы саны, өнім өткізілетін нарығының географиясы, шет елдер аумағында тарату әлеуеті толықтай сараланады», дейді ол.

Өтінімдер үш апта бойы қабыл­данады. Басты талап – IT саласы бағытындағы технологиялық стартап болуы керек. Олардың арасынан 10 үздігі іріктеледі. Жобаны қорғауға 5 минут және тағы сонша уақыт қойылған сауалдарға жауап беруге беріледі.

«Қандай жобалар табысқа ие бо­лады? Әрине ең алдымен онлайн оқу, жалпы білім және денсаулық сынды қоғамдық салаларға қатысты бастамалар қызықты. Сондай-ақ электронды сауда, виртуалды шы­найылық бағытындағы стартаптар көбіне қаржылай қолдауға ие болып жатады. Былтырғы Invest Day шарасында бірқатар жобаларға 200 мың доллар шамасында инвестиция тартылды. Биыл да бұл межеден кем болмайды деп ойлаймыз», дейді Джозеф Циглер.

Astana Hub баспасөз қызметінің хабарлауынша алдағы маусым айы­ның 30 күні үздік жоба авторлары қа­зақстандық бизнес-періштелер, ин­вес­торлар және түрлі қор өкіл­­де­рімен жүздесетін болады.

«Біз Қазақстанның иннова­ция­лық экожүйесінің басты қатысу­шы­сымыз. Өйткені әр бағыттағы қаты­сушылармен тікелей тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Стартап үшін инвестицияның маңызы ай­рықша. Жақсы бір бастамаларға қар­жы құюға ниетті инвесторларға стартап тауып береміз. Жоба иеле­ріне өнер табысын жүзеге асыру үшін қаржы тар­туға көмектесеміз. Бұл барлығы үшін тиімд­і шара», дейді Astana Hub-тың бас директоры.