Атақты балет бишісі Майя Плисецкая Алматыға келгенде «Ағаштардың саясында тыныстап тұрған мұндай қаланы алғаш көруім!» деп тәнті болған екен. Шынында, ару қаланы өзге шаһарлардан ерекшелейтін, көркіне көрік қосатын ерекшеліктерінің бірі жасыл желегі десек қателеспейміз. Биыл да шаһарда 265 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Абаттандыру ісінде алдымен қаланың облыспен шектесетін Наурызбай және Алатау аудандарына ерекше назар аударылып отыр.
Кейінгі жылдары Алматыда ағаштардың азайып кеткеніне, ауасының ластануына байланысты мәселелер жиі көтеріліп келгені мәлім. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін атқарылып жатқан жұмыс та аз емес сыңайлы. Қаланың Жасыл экономика басқармасының мәліметі бойынша былтыр #JasylAlmaty акциясы аясында 135 мың жасыл желек отырғызылған. Көшеттер көпшілік жиналатын аумақтарға, оның ішінде мектептердің, ауруханалардың айналасына, Болай тауының, Көктөбенің бөктерлеріне, Атакенттің, Атлеттер ауылы мен «Алатау» театрының алаңдарына егілді.
Салыстырмалы тұрғыдан қарасақ, мегаполистегі ең жасыл елді мекен Медеу ауданында 472 мыңнан астам ағаш бар екен. Ал Наурызбай және Алатау аудандарында шамамен 202 мың және 179 мың ағаш өсіп тұр.
Жасылдандыру бойынша одан кейінгі орынды Түрксіб ауданы иеленген, мұнда ағаш саны – 431,5 мың түп. Ағаш саны бойынша үздік үштікке Бостандық ауданы да кіреді. Мамандар мұндағы 380 мың түп ағашты санап шықты. Әуезов ауданындағы ағаштар саны 100 мыңға кем, яғни 255 мыңға жуық. Жетісу ауданында 220 мыңнан астам, ал Алмалы ауданында 213 мың ағаш бар.
Осы арада ағаштар отырғызылу көрсеткішіне көпшілік орындар ғана ілігіп отырғанын айта кетелік. Бұл қатарда жеке аумақтардағы, зираттардағы, республикалық маңызы бар жерлердегі жасыл желектің аумағына тоқталған жоқпыз.
Бүгінгі таңда қалада барлығы 2 352 мың ағаш бар. Оның ішінде жақында егілген шағын көшеттер мен «ауырып» тұрған ағаштардан бөлек, жапырағын кеңге жайған ауқымды ағаштардың саны 1,8 млн. Сондықтан ағаштарды зиянкестерден қорғау және сауықтыру жұмыстары жүруде.
«Жасыл желекті өңдеу жұмыстары қорғаудың биологиялық, қажет болған жағдайда химиялық әдісімен жүргізілуде. Алдымен 5-7 күн бойы зиянкестердің даму фенологиясына, таралуына мониторинг жасалып, содан кейін ғана жұмысты бастадық», дейді Жасыл экономика басқармасының өкілдері. Жасыл желекті өңдеу түнде жасалатынын айта кетейік.
АЛМАТЫ