Ертегінің, ондағы архетиптік сюжеттің адам санасына, жан-дүниесіне ықпалы зор. Мыңжылдықтар бойы қалыптасқан даналық негізін бала танымына ықшамдап, оңай ұқтырып, бала бойында өмірлік мәселелерді шешудің жасырын қабілеттерін дамытады. Кезінде бала Абайға да алғаш тіл ұстартып, ертегі-аңыздардан бастап, қазақтың бай ауыз әдебиетімен таныстырған аяулы әжесі Зере мен анасы Ұлжан болатын. Осы орайда балалар өмірінде алатын орны зор таңғажайып ертегілер мекені – елордалық Қуыршақ театрының жөні бөлек. Ең бастысы «Қуыршақ театры баланың ермегі» дейтін жөнсіз түсінік жойылып, жыл өткен сайын көрермендер қатарында қазақ балаларының саны артып келе жатқаны қуантады.
Жасыратын жоқ, астанада алғаш қуыршақ театры ашылғанда, қазақ көрермендерінің қарасы аз болатын. Тіпті арнайы қуыршақ жасайтын мамандар тапшы болғандықтан, артистердің өздеріне қолдан қуыршақ жасауға тура келген. Уақыт өте келе, бұл мәселелер шешімін тауып, қоғам назары оңалып келеді. 55 жыл қазақ қуыршақ театрының өсіп-өну жолында қызмет атқарып жүрген жанашыр жанның бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құралай Ешмұратова шығармашылық ұжымның бүгінгі жағдайы мен көркем өнердің тынысы туралы аз-кем әңгімелеп берді.
Бүгінгі таңда елордалық қуыршақ театрының репертуарында «Қаңбақ шал», «Ер Төстік», «Мәңгілік бала бейне», «Атамекен», «Арыстан патша», «Орманда болған оқиға», «Менің салған суретім» «О, тоба», «Ана құдіреті», «Ағайынды гномдар», «Жалқаудың айласы» сынды отызға тарта қойылым бар. Мұның барлығы көркемдік кеңестен өткен айтары мол ертегілер. Бірі достықты дәріптесе, енді бірі адамгершілікті, адалдықты, анаға, жерге, елге деген сүйіспеншілікке үндейді. Мұнда балаларға ғана емес, ересектерге арналған қойылымдар да бар. Мәселен, халық жазушысы, қабырғалы қаламгер Сәкен Жүнісовтің «Атамекенін», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» туындыларын айтуға болады. Өкінішке қарай, қандай театр болмасын репертуар мәселесінде заманауи, озық қойылымдарға зәрулік әркез байқалған. «Бұл өзі екінің бірі еңсеріп кете алатын сала емес, қиын да күрделі жанр. Қалам тербейтіндер тым сирек», деп сарабдал театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, марқұм Әшірбек Сығай айтқандай драматургияға қатысты қуыршақ театрының өз заңдылықтары бар.
– Расында пьеса жазу ермек емес. Мәселен, драма театрына арнап жазылған пьесалар көлемді келеді. Ал қуыршақ театры ондай жүкті арқалай алмайды. Біздің көрермендер балалар болғандықтан, спектакльдегі оқиғалар жылдам ауысып отыру керек. Қуыршақ театрының қойылымдарында әрекет көбірек болуы шарт. Бір оқиғаны құр сөзбенен ұзақ баяндау немесе бір оқиға төңірегінде тапжылмай бірнеше минут тұрып алу кішкентай көрермендерді жалықтырады. Өкінішке қарай, қуыршақ театрының осындай заңдылықтарын көбі біле бермейді. Жалпы, қуыршақ театрына арнап пьеса-ертегі жазғысы келетін қаламгер ертегілер әлемімен етене жақын болып, зерттеп, зерделеп, қуыршақ театрын шын сүюі керек. Бізге пьесаларын ұсынып жататын жандар жоқ емес. Соның өзіне марқайып қаламыз. Бірақ көп пьеса сахналауға сай келмей жатады. Кейбірін автордың рұқсатымен 90 пайызға дейін өзгертеміз. Олай етпеске амал жоқ. Қуыршақ театрының ішкі жай-күйін, ғажабын сезінбеген, көрмеген адам оның сахнасына арнап мөлдір туынды жаза алады дегенге сенбеймін, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Құралай Халекетқызы. Десе де, қуыршақ театрына арнап ертегі-пьеса жазып жүрген жалынды жастар мүлде жоқ деп айтуға келмейді. Мәселен, театртанушы, талантты жас қаламгер Қуат Ежембектің бірнеше пьесасы сахналанып, көрермен тарапынан қошеметке ие болған көрінеді. Ал театр қабырғасында қызмет атқарып жүрген мамандардың өзгеше даралығы бар, олар тосыннан келетін ғажайыпқа сенеді.
– Біз балалармен жұмыс істегеннен кейін, өзіміз де бала сияқтымыз. Егер қуыршақ театрының артисі әлемге сәби көзімен қарай алмаса, онда ол қуыршаққа да сене алмас еді. Қуыршаққа сенбесе, оған жан бітіре алмайды. Біздің алдыңғы буын актерлер елуді еңсерді. Олар әлі күнге дейін қуыршақтармен ойнайды. Керемет емес пе? Сәби қалпыңды сақтап қалудан асып түсер бақыт жоқ деп есептеймін, – дейді Құралай Халекетқызы.
Елордалық қуыршақ театры шымылдығын түргелі бері, өзге елдің театрларымен берік шығармашылық байланыс орнатып келеді. Нұр-Сұлтан қаласында дүниежүзілік қуыршақ театрларының карнавалы және Қ.Ешмұратова атындағы «Құралай» қуыршақ театрының фестивалі өтті. Игі іс-шарада 50-ден аса елдің қуыршақшылары өнер көрсетіп, бүгінде олармен шығармашылық байланыс үзілген емес. Саналы ғұмырын саф өнерге арнаған жанның базынасы да жоқ емес. Карантин кезінде қосымша табыс болмағандықтан қаражатқа қатысты айлық жоспарды алып тастаса деген талап-тілегі бар.
Әлемдік шығармаларды ана тілімізде сахналауымен қатар, талантты артистер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің жаңа толқынын тәрбиелеп шығарған қуыршақ театрына биыл 10 жыл.