• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Маусым, 2020

Еурокубокта ең көп топ жарғандар

488 рет
көрсетілді

Футболдан УЕФА аясында ұйымдастырылатын Чемпиондар лигасын (бұрынғы Еуропа чемпиондарының кубогы) айтпағанның өзінде, Еуропа лигасы (УЕФА кубогы), УЕФА Суперкубогы мен Кубок иелерінің кубогы секілді додаларға жанкүйерлердің ықыласы ерекше (соңғысы 1999 жылдан кейін ұйымдастырылмаған). Тіпті еуропалық командалардың өзі бұл турнирде топ жаруды алдына мақсат қояды. Бірақ қос құлақты кубокты басынан асыра көтеру кез келген клубқа бұйыра бермейді. Еуропа клубтарының тарихына зер салсақ, жоғарыда аталған төрт турнирде тек бес қана команда жеңімпаз атанған екен.

 

Өткен ғасырдың басында құрылған Нидерланд командасының айы 70-ші жылдары оңынан туды. Ринус Михелстің қол астында жаттыққан команда үш жыл қатарынан Еуропа чемпиондарының кубогында (1971, 1972, 1973) қарсылас шыдатпай, кубогты ешкімге берген жоқ. Кейін тоқырауға тап болған «Аяксты» Йохан Кройфф құтқарды. Команданың аңыз ойыншысы болған ол клубқа бас бапкер боп келген соң 1987 жылы Кубок иелерінің кубогында жасындай жарқылдап, команданың еңсесін қайта тіктеді. Ал 1992 жылы Луи ван Галь Амстердам ұжымымен УЕФА кубогында және 1995 жылы Еуропа чемпиондарының кубогында жеңіс тойын тойлады. Сондай-ақ «Аякс» 1972 жылы УЕФА Суперкубогын жеңіп алған.

 

«Аякс» Еуропа чемпиондарының кубогында үш мәрте топ жарған соң эстафетаны «Бавария» клубына «жолдады». Бундестим командасы 1974, 1975, 1976 жылдары аталған турнирде үш дүркін жеңімпаз атанды. Бұған дейін «Бавария» тек Кубок иелерінің кубогында ғана жеңіске жеткен-ді. Ал 1996 жылы УЕФА кубогында дара шықты. «Бавария» жаңа ғасырды да үлкен жетістікпен бастады. 2001 және 2013 жылы Чемпиондар лигасында бас жүлдеге қол жеткізіп, қажырлы еңбектің арқасында сол жылы (2013) Суперкубогты жеңіп, УЕФА аясындағы барлық турнирде бас жүлдені иеленген команда атанды.

Ағылшын коман­да­сы Еурокубок бәсеке­лерін­де­гі ең алғашқы жеңісіне (Еуропа чемпиондарының кубогын) 1968 жылы қол жеткізді. Ал кейінгі жетістіктерге команда тіз­гінін Алекс Фергюсон ұстаған соң­ жете бастады. Мысалы, 1991 жылы­ Кубок иелерінің кубогы мен УЕФА Суперкубогында, 1999 және 2008 жылы Чемпиондар лигасында же­ңім­паз атанды. «Манчестер Юнайтед» коман­дасына УЕФА-ның барлық турни­рін жеңген команда атану үшін тек Еуро­па лигасының кубогы жетпей тұр еді. «МЮ» бұл жетістікке 2017 жылы Жозе Моуринью басқарған уақытта жетті.

«Челси» клубы XXI ға­сырға Кубок иелерінің кубогын (1971, 1998) және УЕФА Суперкубогын же­ңіп қадам басты. Лондон клубы кейінгі жүл­десіне 2012 жылдан кейін ғана қол жет­кізе бастады. Сол жылы Чемпиондар ли­гасында жеңімпаз атанса, келесі жылы Еуропа лигасында жұлдызы жанды. Осы­лайша «Челси» УЕФА-ның барлық кубок коллекциясын жинады. Сондай-ақ был­тыр да  Еуропа лигасында үздік шықты.

«Ювентус» жоғарыдағы командаларға қарағанда УЕФА-ның төрт «тапсырма­сын» орындаған алғашқы команда. Ту­рин клубы Еурододағы бірінші кубогын 1977 жылы УЕФА кубогында жеңіп алды. Сондай-ақ аталған турнирде 1990 және 1993 жылдары да дара шықты. 1984 жылы Кубок иелерінің кубогы мен УЕФА Суперкубогында үздік деп танылды. Ал 1985 жылы Еуропа чемпиондарының кубогында бас жүлдені олжалап, мерейлі межеге бірінші болып жетті. Сонымен қатар «Ювентус» 1996 жылы Чемпиондар лигасы мен УЕФА Суперкубогында екінші рет чемпион атанды.

Бұл атаққа қандай командалар жақын тұр?

Барлық турнирде топ жарған алтыншы команда атануға «Атлетико» клубы өте жақын тұр. Ол үшін Мадрид ко­мандасы тек Чемпиондар лигасын­да жеңімпаз атануы керек. Ал қалған же­тістіктің бәріне жетіп қойған. Сон­дай-ақ «Андерлехт», «Парма» және «Валенсия» командаларына да жоға­ры­дағы клубтардың қатарына қосылу үшін де Чемпиондар лигасының кубогы жетіспейді.

Былтыр «Тоттенхэм» командасы барлық мәселесін шешіп тастауға екі қадам қалғанда сүрінді. Лондон клубы Чемпиондар лигасының финалында «Ли­вер­пуль» командасын жеңіп, кейін УЕФА Суперкубогында қос құлақты кубогты иеленгенде барлық мәселені шешіп қояр еді. Сондай-ақ элиталы командалардың қатарына қосылуға «Милан» мен «Барселона» да бір табан жақын тұр. Екі командаға да Еуропа лигасының кубогы жетпей тұр. «Милан» бұл турнирде жыл сайын бақ сынаса, «Барса» ең кейінгі рет 2003-2004 жылғы маусымда 1/8 финалда «Селтиктен» жеңілген-ді.

Ал «Реал», «Ливерпуль», «Интер» және «Порту» командалары Кубок иелерінің кубогында жеңіске жете алма­ға­ны үшін жоғарыдағы командалардың қатарына енді мүлде қосыла алмайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл турнир 1999 жылдан бастап өз миссиясын аяқтаған.