Өткен ғасырдың 70-жылдары әдебиетке келген буынның ішінде көзге жарқ етіп көрінген қаламгердің бірі – Дулат Исабеков. Қай шығармасын оқысаңыз да есте қалады. Есте қалатын себебі, кейіпкер таңдаудағы талғамы мен оны сомдаудағы ерекше қабілетінде болса керек. Мейлі ол «Гаухар тастағы» Қайыркен болсын, «Дерменедегі» Омар не «Тіршіліктегі» Қыжымкүл кемпір болсын, қай-қайсысы да өз мінез-құлқымен, болмыс-бітімімен көзге ұрады, көңілге орнайды.
Тіршіліктің мың түрлі иірімі бар дейтін болсақ, қаламгердің құдіретті қаламы оқырманды ойша сол иірімдердің бастауына жетелейді. Әдебиет зерттеуші, академик Р.Нұрғалидың әдебиетке 60-70-жылдары келген буын туралы айтқан мынадай бір тамаша сөзі бар: «Балалық, бозбалалық шағы соғыс кездерінің қылышынан қан тамған қаһарлы, жаралы жылдарымен дөп келген ұрпақ өкілдерінен шыққан қаламгерлердің баршасына ортақ қасиеттер бар: ең алдымен бұлардың қай-қайсысы да, өмірдің қара қазанында қайнап піскен, тіршіліктің тас диірменінде тартылған адамдар. Қаламнан өмірге келмеген. Өмірден қаламға келген. Творчестволарындағы басты сипат, басты құнар – өмірдің лебі, тіршіліктің бояуы». Бұл артық-кемі жоқ сөз. Өйткені өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары қазақ әдебиетінің көркею дәуірі екенін көпшілік біледі. Көркем әдебиеттің бұл кездегі басты нысаны – адам болатын. Тек қазақ әдебиетінде ғана емес, дүниежүзі әдебиетінде жаңғыру жүріп жатты. Қоғамды «меңдеген» соцреализмге білдірмей-ақ, түрлі «измдердің» бой көрсете бастағаны да осы тұс. Әсіресе философиядағы экзистенциализм бағыты әдебиетті терең өнер ретінде биікке көтерді. Адамның өзіндік «Менін» тануға ұмтылуын, өмір мен өлімнің мәнін, еркіндіктің мағынасын түсінуге, өзінің қоғамдағы орнын анықтауға талпынысын қаламгерлер шебер бейнелегені сонша, енді оның алдындағыдай өз заманынан асып туған не ақылы мен білімі тең, не мансабы жоғары, болмаса ерекше сұлу адамдар ғана емес, кәдімгі өзімізбен ғұмыр кешіп жүрген кез келген жұмырбасты пенде бір шығарманың бас кейіпкері бола алатын жағдайға жетті. Соның ішінде Дулат Исабеков кейіпкерлерін ерекше атауға тұрарлық. Өйткені осы жазбаның басында айтқанымыздай, ол қарапайым кейіпкерлердің өзін даралай білген.
* * *
Жалаңаш денесіне киген түйе жүн шекпенін қысы-жазы үстінен тастамайтын қушиған молашы шалдың аянышты тағдыры повеске арқау болғаны анық. Жазушының бұл кейіпкері сөзге өте сараң. Шығарма басталғаннан соңына дейін оның айтатын сөзі санаулы ғана. Сол санаулы сөздердің ішінде «Иманды бол деңіз» дегенді үш рет айтады. Өзіне жақсылық тілеп, жақсы сөз арнаған адамдарға айтқаны. Яғни «бұл өмірде ештеңенің керегі жоқ, тек өлгенде иманды болсам жеткілікті» дейтін ниет. Көр қаза жүріп, күніне қаншама адамның арғы дүниеге аттанатынын көре жүріп жеткен өз шындығы. Сүйекші – бұрын-соңды қазақ әдебиетінде болмаған кейіпкер. Оны Дулат Исабеков алып келді десек қателеспейміз. Повестің атының «Сүйекші» аталуы да тегін емес. Бас кейіпкердің мына өмірдегі ақырғы аялдамасы моланың маңы еді. Ол ешқашан көр қазушы болуды армандамаған шығар? Бірақ тағдыры оны көр қазушы етті. Егер адамның өмірге келудегі мақсатының бар екенін айдай ақиқат деп қарастырар болсақ, көр қазушы өзінің миссиясын бейсаналы түрде толық орындады. Оның «түйе жүн шекпенінің» өзінің символдық мәні бар. Бұл сүйекшінің тақуалығының белгісі.
Тіршіліктен сый көрмеген, тек әділетсіздік пен қорлықтан жапа шегіп өмір сүрген қушиған шалдың азан шақырып қойған аты – Тұңғыш. Тоғыз жастан бастап кісі қолына аманатқа берілген соң «Аманат» аталады. Ешкім оны атымен атамайды. Әкесі абайсызда байдың ұлын өлтіріп алып, оған төлейтін құны болмаған соң, баласын уақытша байдың үйіне қалдырады. Оның әрі қарайғы өмір жолында ешқандай да жарық сәуле жоқ. Алдымен әкесі, іле-шала анасы қайтыс болады. Аманат бала сол күйі кісі есігінде жалшы боп қалады. Жазушы оны «Бала болса болған шығар, балалық шағы болған жоқ. Өзгелер құсап ол күлмейді, күлдірмейді. Қымыз ішіп қызара бөртіп жүргісі де, бозбала боп қызға қарағысы да келмейді» деп суреттейді. Бұл кезде оның аты «Үндемес» еді. Жылдар өте оған «Кеңкелес» деген ат қойылады. Бір үйір жылқыны жоғалтып алған соң бай оны ат құйрығына байлап, сүйретпекші болады. Осы кезде оны баяғыда әкесіне қысастық жасап, өтірік куә болған жігіттердің бірі құтқарып жібереді. Жалшылықтан босағанымен, барар жер, басар тауы жоқ жігіт дуана кемпірмен бірге біраз жыл жүріп, қайыр тілейді. Сол кезде оны адамдар «Дуана» деп атайды. Кейінірек, өмірінің соңына қарай мола қазады. Баяғыда оны аманатқа алып қалып, тағдырына қиянат жасаған Доскей байдың ұлы Үкітай қартайған шағында сүйекшіні іздеттіреді. Оған кеш те болса жақсылық жасауға ниеттенеді. Бірақ бәрі кеш еді. Сүйекші ауылына барар жолда қайтыс болады. Осы бір елеусіз, туғанда да әке-шешесінен өзге ешкім қуана қоймаған, өлгенде де оған қиянат жасаған бірді-екілі адамдардан басқа ешкім қайғырмаған, адам ретінде санатқа қосыла алмаған, өмірден орнын таппаған, тіршілік толқыны аямастан жарға соққылаған, адамдар о бастағы атын да ұмытып қалған Тұңғыш-Аманат-Үндемес-Кеңкелес-Дуана-Сүйекші бәрібір Алладан үмітін үзген жоқ. Ол күнә, қылмыс атаулыдан пәк күйінде, өзгеге де, өзіне де иман тілей жүріп, арғы дүниеге аттанды.
* * *
Исабековтің қаламынан шыққан, оқыған адамның санасында өшпестей боп таңбаланып қалатын тағы бір кейіпкер бар. Ол – меніңше, ерекше интеллектуал, ерекше қарым-қабілет иесі, ортасын жатсынып жүрген Жасын емес. Ол – Киеван шал. Көкнәрге деген құмарлығы үшін ауылдастары «Киеван» атандырған кәдімгі құмарпаз шал.
Оның әу бастағы аты Молдарәсіл еді. Оның да тағдыр-талайына жазылғаны жалшылықтың қамыты болатын. Бірақ «жаман адам жүрісімен құл болар» демекші, Молдарәсіл жазушының тілімен айтқанда «ен салмаған сыпайы малай». Көкнәрге құмартқан бозбала көкнәр үшін біреудің тірлігін істеп беруден еш аянбайды. Оған жарты қап көкнәр берсе, соның өзі үлкен қуаныш. «Бұлар маған неге тоқты-торым бермеді» деп ойланбайды. Бірақ ауылдастарының сол қылығына шындап ойлана бастаған кезде, бәрі кеш еді. Олардың көзіне бұл «көкнәр құмар жігіт» боп таңбаланып қалған еді. Олардың пікірін өзгерту мүмкін емес. Содан бұл да «үйреншікті өмірін» сүре береді. Жазушы адам тағдырына, әсіресе, өз ой-пікірі қалыптаспаған адамның тағдырына өзгелердің ықпалы туралы баяндаған. Олар Молдарәсілге көкнәрқұмар жас ретінде қарайды. Олар «Киеван» атандырады. Бұл сол «киеван өмірді» сүреді.