Батыс Қазақстан облысында тағы бір адам коронавирустық инфекциядан көз жұмды. Бұл туралы бүгін өңірдегі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Марқұм 1941 жылы туған әйел адам екен. 22 мамыр күні оның дене қызуы 38 граудусқа дейін көтеріліп, әлсіздік пайда болған. 3 дәрежелі гипотиреоз, артериялық гипертензия сияқты қосымша аурулары болса да, медициналық көмекке жүгінбей, үйде өздігінен емделген. 25 мамыр күні денсаулығы нашарлаған соң учаскелік дәрігерге жүгінген. 27 мамыр күні сағат 00:40-та облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөліміне түсіп, 7 маусым күні сағат 17:30-да қайтыс болды.
Қайтыс болған науқастардың өлім себебін зерттейтін арнайы комиссияның қорытындысы бойынша марқұмға "COVID-19 коронавирус инфекциясы, ауыр ағымы (26.05.2020ж. назофарингиальды жағындысы ПТР РНК SARS Cov-2 - оң нәтиже). Екі жақты полисегментті пневмония" деген диагноз қойылған. Бұған қоса "Гипотиреоз және ЖИА. Жүрек жетіспеушілігі (іркілісі) бар жүректі басым зақымдайтын гипертензиялық (гипертониялық) ауру" деген қосымша диагнозы да бар.
11 маусым күнгі мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясына шалдыққан адамдардың саны 878 адамға жетті. Соның ішінде 378 науқас вирусты облыс аумағынан тыс жерден жұқтырған. Бүгінгі таңда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 201 адам жатыр. Оның төртеуінің жағдайы ауыр, арнайы тыныс алдыру аппаратына жалғанған.
"Коронавируспен күресуге қажетті барлық дәрі-дәрмек, құрал-жабдық бар, мамандар жеткілікті. Уақыт өткен сайын тәжірибеміз де толысып келеді. Министрлік тарапынан да соңғы әлемдік медициналық зерттеулерге сәйкес нақты нұсқаулар келіп жатыр. Біз оның бәрін қолданып отырмыз. Күні бүгін Батыс Қазақстан облысы аумағында өкпені жасанды желдетуге арналған 130 аппарат бар", - деді журналистерге Болатбек Қаюпов.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында медицина саласының 107 қызметкері ресми түрде коронавирус жұқтырғаны анықталған. "Әрине, қатерлі дертпен күресте майданның алғы шебінде жүргендіктен, бірінші соққыны медицина қызметкерлері қабылдауы түсінікті. Бұл 107 адамның ішінде дезинфекторлар да, жүргізушілер де, лаборанттар да бар", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Сондай-ақ өңірде 199 адам коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған. Олар үй жағдайында оқшауланып, қабынуға қарсы және иммунитет көтеретін дәрі-дәрмек пен дәрумендер қабылдап жатыр екен.
Батыс Қазақстан