Жуырда «Ардагерлер туралы» көптен күткен заң қабылданып, азаматтарымыздың осы санатқа енген бөлігі біршама марқайып қалды. Заң жобасының 15 жылдан бері түрлі кедергілерге тап болып, әйтеуір биыл қабылданғанына «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының септігі тиді десіп, ардагерлермен бірге барлық санаттағы азаматтар қуанды.
«Ардагерлер туралы» заң қабылданбай тұрғанында-ақ Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілгендерге Үкімет арнайы қаулыларымен жеңілдіктер беріп келген. Енді сол заңмен бекітіліп отыр.
Бұл заңның тағы бір ерекшелігі, Ауғанстандағы және басқа да мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілердің ардагерлер санатына енгендігі. Соның ішінде 1988 жылғы Таулы Қарабақтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан 255, Тәжік-Ауған учаскесін күзетуде жауынгерлік міндетін атқарған 9635, 2003 жылы Ирактағы халықаралық «Қазбат» бітімгершілік операцияларына қатысқан 294 әскери қызметші ардагер ретінде Ұлы Отан соғысына қатысушылармен бірдей жеңілдіктер алатын болған. Жалпы саны 10248 адам болатын бұлар енді көлік және мүлік салығынан, соттарда мемлекеттік баж төлеуден, азаматтық хал актілерін тіркеу кезіндегі төлемнен, нотариаттық іс-әрекеттер жасау және өзге де әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Сонымен бірге «Социалистік Еңбек Ері» мен «Еңбек даңқы» ордендерінің үш дәрежесін алғандар бұрын 9,6 АЕК, яғни қазір 26 668 теңге мөлшерінде қосымша мемлекеттік жәрдемақы алып келген болса, енді олардың жәрдемақысы «Кеңес Одағының Батыры», «Халық Қаһарманы» «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарын алған адамдардікімен теңестіріліп, 138 АЕК мөлшеріне, яғни 385 мың теңгеден артық ақшаға жететін болған. Бұл санаттағылардың өзі де аз қалған еді, енді қалған өмірлерінде үлкен қуанышқа бөленеді.
Сондай-ақ заңдағы тағы бір үлкен жеңілдік – Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне берілген үйдің бұрын нақты мәртебесі болмай, өзі дүниеден өткен соң коммуналдық меншікке қайтару туралы әңгімелер шығып, бала-шағасының наразылығын тудырып жататын еді. Енді үй отбасы мүшелеріне өтеусіз берілмек.
Алайда көтерілген көңілді су сепкендей басқан жайлар да жаңа заңда аз болмай шықты. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандардың жасы ұлғайып, қатарлары азайған кезде оларға жеңілдіктердің қарастырылғаны жөн-ақ, ал бірақ соларға жеңілдіктер бойынша теңестірілді деген тыл еңбеккерлерінің қандай жазығы бар еді? Жеңіс маңызды болғанда оны материалдық жағынан толық қамтамасыз еткен жандарды ұмытуға бола ма? Рас, олар ұзақ жылдар бойы соғысқа қатысушыларға теңестірілді, дегенімен жеңілдіктері берілмеген-ді. Енді қабылданған заңда олардың мәртебесін «Еңбек ардагерлерінің» (7-бап) қатарына енгізіпті. Бұрын 1941-1945 жылдардағы тылдағы қажырлы еңбегі үшін медаль алғандарға басқа жеңілдігін бермесе де жергілікті әкімдіктер соғысқа қатысқандармен тең дәрежеде 9 мамырдың қарсаңында бір реттік сыйлық беретін. Енді «Еңбек ардагері» қатарындағы оларға берілетін сыйлық 1936 жылға дейінгі туған соғыс балалары алатын сыйлық деңгейімен бірдей ғана болып қалыпты. Тіпті соғыс жылдарындағы тылдағы еңбегі үшін орден-медаль алған адамдар мен оны алмағандардың ешқандай айырмашылығы жоқ.
Заңдағы өмірде мүлде жоқ адамдарға қатысты нормаларды оқығанда таңғаласың. Мәселен, «Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына» да қатыстылығы айтылады. Қазір соғысқа қатысқандардың өзінің ең жасы 95-96-да болса, олардың ата-аналары тірі болуы мүмкін де емес қой... Сонда мұндай норманы кім үшін жазды екен?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген 18 баптан тұратын бұл шағын заң Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен оларға теңестірілгендерді ғана қамтыған ба дерсің, өйткені басқа ардагерлер туралы мұнда бір ауыз сөз жоқ. Әрине «Халық Қаһарманы», Еңбек Ері, Кеңес Одағының Батыры, Чернобыль апатының қатысушылары сияқты санаттағылар қамтылған. Бірақ заңды әзірлегендердің мемлекеттің қаржысын үнемдеу принципін қатты ұстанғаны сезіліп тұр. Халықты әлеуметтік қолдау деген аты бар министрліктің ардагерлерді қолдауға келгенде сараңдық танытқаны түсініксіз.
Ардагерлер ұйымдарында талқылау барысында айтылған пікірлер, тіпті депутаттардың да өз ұсыныстары да заңға енбей қалған тәрізді. Солтүстік Қазақстан облысы ардагерлер ұйымының төрағасы Ескендір Елеусізовтің пікірін білгенімізде, ол да қабылданған заңға өзінің көңілі көншімегенін жеткізді. «Біз заң жобасын талқылау барысында көптеген ұсыныс айтқан едік. Соның ішінде ардагерлер ұйымы туралы, оның мәртебесі туралы бір ауыз сөз жоқ дегенді айтқанбыз. Ардагерлер ұйымының басқа қоғамдық ұйымдарға қарағанда, айрықша мәртебесі болуы керек еді. Елге, жерге еңбек сіңірген ардагерлерге деген құрмет, оларды ардақтау мемлекеттің айрықша қамқорлығында болуы керек қой. Біздің ұйымның мүшелері жұмыс істеу белсенділігі жоғары азаматтар тобының емес, тек ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесін жастардың патриоттық рухта тәрбиеленуіне бере алатын адамдардан тұрады емес пе? Осы ерекшелік ескерілуі керек емес пе еді? Тіпті оған мемлекет тарапынан арнайы бюджет қаражаты да қарастырылмай-ақ қойсын, бірақ мәртебесі анықталуы керек еді. Әрине бізді жергілікті билік қолдап отыр. Бірақ ардагерлердің өзіне және оларды қолдау ұйымына арнайы мәртебе берілгені жөн болатын. Сол ескерілмеген. Өзіміз көптен күткен осы заңнан өзімізді таба алмадық. Ал көрші мемлекеттерде, соның ішінде ресейліктердің ардагерлер туралы заңында ол айқын көрсетілген», дейді ақсақал.
Әрине заңның жетіспейтін жақтары әлі өзгертулер мен толықтырулар арқылы қосыла жатар. Сол кездерде еліміздің әлеуметтік мемлекет орнатуды көздеген негізгі мақсатына қол жеткізілер деген үміт бар. Сондықтан барлық ардагерлердің мүддесі ескерілетін жарқын күндер алда болуға тиіс деп ойлаймыз.
Солтүстік Қазақстан облысы