• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Маусым, 2020

Орталық сайлау комиссиясы негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті

552 рет
көрсетілді

Биылғы 12 маусымда онлайн-режімде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысы өтіп, онда «2020 жылғы 12 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» қаулы қабылданды.

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төраға­сы Берік Имашев 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі осы жылдың қазан айында аяқталатынын атап өтті. Осылайша 2020 жылдың 12 тамызында республиканың 17 өңірінде Конституциялық заңда белгіленген тәртіп бойынша елі­міздің жоғарғы заң шығарушы органы – Сенаттың бір-бірден депутатын сайлау қажет.

Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру кезінде таңдаушылар – мәслихат депутаттары сайлайды, оларды өз кезегінде жалпыға бірдей сайлауда Қазақстан Рес­публикасының азаматтары сай­лайды. Сенат депутаттарының өкі­­леттік мерзімі алты жылды құрайды. Бұл ретте жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сай­­­­ланып отырады. Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге ОСК басшылық етеді. Тиісті аумақ­тық сайлау комиссиялары Пар­ламент депутаттарының сайлауын өңірлерде дайындауды және өткізуді қамтамасыз етеді.

Отырыста сайлау науқанының негізгі кезеңдері туралы ОСК төр­ағасының орынбасары Конс­тантин Петров баяндама жасады. Оның айтуынша, Парламент Сенатының депутаттығына кан­ди­даттарды ұсыну сайлау таға­йындалған күннен кейінгі күннен, яғни 13 маусымнан басталады және сайлау өткізілетін күнге бір ай қалғанда жергілікті уақыт бойынша 2020 жылғы 12 шілдеде сағат 18.00-де аяқталады.

Парламент Сенатының депу­тат­тығына кандидаттар ұсынуды мәслихаттар, сондай-ақ өзін өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырады. Отыз жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, рес­пуб­ликалық маңызы бар қала­ның не астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын адам Сенат депутаты бола алады. Сот әрекетке қабілетсіз деп таны­ған азаматтарды сайлауға және олардың сайлануға құқығы жоқ.

Соттылығы заңда белгілен­ген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған адам, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсін сот заңда белгіленген тәртіп­пен таныған адам Қазақ­стан Пар­ламенті Сенатының депутат­тығы­на кандидат бола алмайды.

Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша Сенат депутат­тығына кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы құжаттар келіп түскен кезде облыстық, респуб­ликалық маңызы бар қалалардың немесе астананың сайлау комис­сиясы: 1) үш күн ішінде канди­даттың Конституцияда және осы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді; 2) тексеру аяқталған күннен бастап үш күн мерзімде оған таңдаушылардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтарын береді.

Сенат депутаттығына кандидатты облыстың барлық мәслихат­тарын, республикалық маңызы бар қала­ның немесе республика ас­та­на­сы­ның мәслихаттарын білді­ре­тін таңдаушылардың жалпы саны­­­ның кемінде он пайызынан, бірақ бір мәслихаттың таңдау­шы­лар дауы­с­ы­ның жиырма бес пайы­зы­нан ас­пай­тын дауысымен қолдауға тиіс.

Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін бас­талады және сайлау күнінен жиырма күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.

Парламент Сенатының депу­тат­тығына кандидаттарды тір­кеуді облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттың депу­тат­тыққа кандидатты ұсыну туралы шешімі (мәслихат ұсынған жағдайда); депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші; тиісті сайлау комиссиясының кандидатты қолдап таңдаушылардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамасы; кандидаттың өмірбаяндық деректері; оның жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы Мемлекеттік кіріс органы­ның анықтамасы; кан­ди­даттың сай­лау жарнасын енгіз­генін куәлан­дыратын 637 500 теңге сомасын­да құжат болған жағдайда облыс­тық, республикалық маңызы бар қала­лар­дың және астананың сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

Сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқтал­ған кезден, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде сағат 18.00-ден кейін басталады және дауыс беру күні­нің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта, яғни 11 тамызда сағат 00.00-де аяқталады. Сенат депутатының сайлауындағы дауыстарды санау нәтижелері дауыс беру пунктінде өткізілетін тиісті сайлау комиссиясының отырысында белгіленеді. Сенат депутатын сайлау жөніндегі дауыстарды санау хаттамасы таңдаушылардың бірлескен отырысында жария етіледі және оны сайлау күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзімде ОСК-ға жібереді.

Сенат депутаттарын жалпы республика бойынша сайлаудың қоры­тындыларын сайлау өткізіл­ген күннен бастап жеті күн мерзім­нен кешіктірмей ОСК белгілейді.

Орталық сайлау комиссиясы 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі мерзімде, яғни 2020 жылғы 14 қазанға дейін Сенаттың жаңадан сайланған депутаттарын тіркейді.

Отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев «сайлау процесінің заңдылығы мен жариялылығын қамтамасыз етумен қатар, барлық қатысушылардың денсаулығы үшін барынша қауіпсіз жағдайда сайлау өткізу – сайлау комиссиялары үшін басты басымдық», деді.

Отырыстан кейін брифинг өтіп, ОСК мүшелері БАҚ сұрақ­тарына жауап берді. Сондай-ақ брифинг барысында ОСК-ның баспасөз орталығы карантин және қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі жағдайында онлайн-режімінде жұмыс істейтін болады, барлық коммуникациялар техникалық байланыс құралдары арқылы жүзеге асырылады.