• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 17 Маусым, 2020

Дәрмені жоқ кәсіпкерлер Президенттен пәрмен күтеді

589 рет
көрсетілді

Бір топ өңір кәсіпкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан жәрдем сұрап отыр. Олар облыстағы мемлекеттік сатып алу барысындағы заңсыздықтардың белең алуы мен шенеуніктердің заңды белден басып, жекелеген кәсіпкерлердің мүддесін көздеп жүргендеріне наразы.

Бірінші маусым күні Өске­мендегі облыстық кәсіпкер­лер палатасында өткен брифингте Александр Федосов, Болат Бағадаев, Анатолий Томилов, Айнаш Сұлтанбекқызы тағы да басқа кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді. Жиынға облыстық, қалалық әкімдік өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де қатысып, тараптар ашық пікір алмасты.

Облыстың жол саласында 1969 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «ДСУ-14» ЖШС-ның директоры Александр Федосов мемлекеттен бөлінген миллиардтаған қаржының соңғы 2-3 жылда тек 1-2 мердігерге ғана беріліп жүргеніне алаңдаушылы­ғын білдірді. «Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алудың 70 пайызын неліктен «ДСУ-11» және «Востоквзрыв­пром» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ғана жеңіп алатынын түсінбей дал. Биыл­дың өзінде жол жөндеу саласында бір ғана компания 1 млрд 700 млн теңгенің тендерін ұтқан. Ең сорақысы, шенеуніктер заңды өздерінің ыңғайына қарай бұрып ала­ды. Тендерді кімге бергісі келсе, соған береді. Бұл – жал­ғыз менің басымдағы мәселе емес, кәсіпкерлердің көбі мұны ашық айтуға қорқады» дейді ашынған кәсіпкер.

Геологиялық барлау сала­сындағы компания өкіл­дері де өңірдегі тендердің дұрыс өткізілмеуіне өкпелі. Жарты ғасырға жуық жерасты су қорын зерттеп келе жатқан өскемендік кәсіпкер Болат Бағадаевтың компаниясы да соңғы екі жылда мемлекеттік тап­сы­рыстан қағылған. «Біз был­тыр тендерден жеңіп тұрсақ та, мемлекеттік кон­курс­тың нәтижесін облыс әкімдігі теріске шығарды. Соның кесірінен 2019 жылы облыстағы 33 ауылға су мұна­расы орнатылмады.

Тұрғындар қанша жылдан бері ауыз суды күтіп отыр. Менің тағы бір түсінбейтінім, бір қалада тіркел­ген екі компанияның бірінің тендер­ге қатыстырылып, екіншісінің қа­тыс­тырылмайтыны. Карантин жағдайына байланысты мемлекеттік сатып алу­дың ережесіне өзгеріс енгізіп, биыл «Семейгидрология» мен біздің компанияны алып тастап, дені дұрыс мамандары мен бұрғылау құралдары жоқ «Востоквзрывпромға» берді», дейді «Топаз» ЖШС директоры Б.Бағадаев.

 Мұны «Семейгидрология» ЖШС өкілі Қанат Құдайбергенов те растап отыр. «Біздің мекеме көп жылдан бері жерасты суларын зерттеумен айналысып келеді. 2017 жылдан бастап «Востоквзрывпром» деген мердігер пайда болған соң біз барлық тендер­лерден ұтыла бастадық. Биыл төрт тендерге қатысып, төртеуінен де жеңілдік. Баға жағынан алып тұр едік, 39 пункт негізінде жеңіліп қалдық. Бесқарағай ауданының Долон және Қара мырза ауылдарына су құбырын салуға қатысқан едік. Бірақ тендерді Бесқарағайға жақын тұрған (Бородулиха ауданы, Новопокровка ауылы) бізге бермей, сонау 500 шақырымдағы Тарбағатай ауданындағы компанияға берді. Тө­тенше жағдай кезінде мемлекеттік сатып алуға жұмыс атқарылатын жер­де тіркелген компаниялар ғана қаты­сады деген өзгеріс енгізілген. Заң­дағы осы өзгерту неге орындалмайды? Тарбағатай қайда, Бесқарағай қайда?!» дейді ол.

Облыстық кәсіпкерлер пала­­та­сын­дағы жиында «Востокмон­таж­строй» ЖШС директоры Анатолий Томилов былтыр Өскемендегі «Самал» саябағын жөндеу жұмыстарына қа­тысқанымен, еңбекақыларын дұ­рыс алмағандарын жеткізді. «Шенеу­ніктер әуелде «Алаңсыз жұмыс істей беріңдер, бас мердігер барлық шы­ғынды өтейді» деген соң еш алаңсыз жұмыс істей бердік. Тіпті конкурсқа да қатысқан жоқпыз. Шілде айында «ЭкспертизаиАналитика» деген бас мердігердің пайда болғанын, 550 млн теңге сомасындағы тендерді жеңіп алғанын білдік. Ол кезде біз жұмыстың 85 пайызын орындаған едік. Жұмыстың жалпы сомасы – 180 млн теңге. Былтыр қыркүйек айында «Самал» саябағындағы жөндеуге қатысқан 6 компанияға 87 млн теңге берді. Қалған 93 миллионды әлі берген жоқ. Бұған қоса бас мердігер біз ат­қар­ған жұмысқа тиесілі қаржының 25 пайызын ұстап қаламын деді. Біз 6 компания 180 млн теңгенің жұмысын істесек, қалған 370 млн теңге қайда кетті?» дейді кәсіпкер.

Үшінші маусым күні облыс әкім­дігінде аймақ басшысы Да­ниал Ах­метовтің қатысуымен кәсіп­кер­лердің шағымына қатысты жиын өтіп, мәсе­ленің анық-қанығын зерделеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының жұмысының ашық болатынын айтқан облыс әкімі бұл топқа осы іске қатысы бар барлық кә­сіп­керлер мен құзырлы орган өкіл­дері, тиісті басқарма басшылары енге­нін айтты. «Арнайы комиссия бір ап­таның ішінде барлығын мұқият тек­середі. Заңды негізге ала отырып тиіс­­ті қорытынды шығарамыз», деді Д.Ахметов.

Осы жиында бұған дейін бірнеше кәсіпкер тарапынан «Соңғы жыл­дары облыстағы тендерлердің бар­лығын алып жүр» деп айыпталған «Вос­токвзрывпром» ЖШС директоры Дмитрий Сомов сөз алып, өз уәжін алға тартты. «Біздің компания 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Осы салада жақсы тәжірибеміз бар. Жұмысшыларымыз жеткілікті. Мем­лекетке миллиардтап салық құйып жа­­тырмыз. Біздің мүмкіндігіміз сіз­­дер­ден екі-үш есе артық» деген ЖШС басшысы жала жапқаны үшін Александр Федосовты сотқа бер­ген­ді­гін де жасырмады.

Алайда осы күні түстен кейін тағы да Өскеменде бас қосқан наразы кәсіпкерлер облыс әкімдігінің бастамасымен құрылған арнайы жұмыс тобына сенімсіздік білдіріп, бұл мәселе Үкіметтік деңгейде қаралса, тәуелсіз комиссия құрылса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жанайқайымызға құ­лақ асса деген өтініш-тілектерін жет­кізді. «Біз бұған дейін қаншама рет облыстағы құзырлы органдарға шағымданғанбыз. Нәтиже болмады. Сондықтан Мемлекет басшысынан көмек сұрауға мәжбүр болып отырмыз», дейді олар.

Осылайша дәрмені жоқ кәсіп­кер­лер Мемлекет басшысынан пәрмен күтіп отыр.

 

ӨСКЕМЕН