Жаз мезгілі келе салысымен барлық өңірде суға шомылу маусымы басталады. Әсіресе ауа райы ыстық аймақтарда бұл тұрақты үрдіске айналған. Алайда қауіпсіздік шараларын сақтау – басты талап. Себебі қауіпсіздікті қадағаламаудың соңы қасіретке ұрындыруы мүмкін. Жамбыл облысының аумағында 3 өзен, 100-ден аса су өткізу арнасы, 3 көл, 5 ірі су қоймасы және 102 ұсақ су қоймасы бар. Аталған су айдындарында шомылуға арналған 197 тыйым салу белгілері орнатылған.
Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті Зілзалалар қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы судағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі жабдықталмаған жерлерде шомылу екенін ескертеді. Биыл өкінішке қарай, жыл басынан бері облыста 3 адам суға кеткен. Мәлімет бойынша 2 адам балық аулау кезінде суға кетсе, 1 адам шомылу кезінде қайтыс болған. Облыстағы су айдындарында адамдардың қауіпсіздігі үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің және ювеналды полиция өкілдерімен бірлесіп, күн сайын облыстың су айдындарында профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Рейдтің нәтижесі көрсеткендей, тыйым салатын белгіге қарамастан, жасөспірімдер тобы жабдықталмаған орындарда шомылуда. Жаз мезгілінен бастап су айдындарында, «Талас», «Аса» және «Шу» өзендерінде азаматтардың рұқсат етілмеген суға шомылу орындарына 95 рейд жүргізілген. Жүргізілген рейдте 13 тәртіп бұзушылық анықталған. Нәтижесінде, тәртіп бұзушыларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы бойынша 111 120 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ жаз мезгілінде ең көп таралған құқық бұзушылықтар жабдықталмаған жерлерде шомылу, спирттік ішімдіктерді ішу, от жағу, жеке құтқару құралдарынсыз жүзу құралдарын пайдалану екен. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан рейд барысында демалушылармен су нысандарындағы жүріс-тұрыс ережелері туралы түсіндіру әңгімелері жүргізіледі және азаматтарға судағы қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі туралы ескертулер, сондай-ақ су қоймаларының жанында балаларды қараусыз қалдырмауға кеңестер беріледі.
Жалпы, рейдті суға түсу кезеңі аяқталғанға дейін өткізу жоспарлануда. «Рейд кезінде мамандар адамдар арасында суда қаза болу себептерін түсіндіріп, жаднамалар тарату арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Көбінесе балалар суда қайғылы жағдайға ұшырайды. Өйткені олар қауіпсіздік ережелерін мүлдем сақтамайды және шомылу маусымын бірінші бастайды. Сонымен қатар жасөспірімдердің ата-аналары, балаларының қайда кеткенін біле тұра ешқандай іс-шара қабылдамайды. Сондықтан да құтқарушылар кез келген тәсілдермен ата-аналарға жасөспірімдерді қараусыз қалдырмау керектігін айтады», дейді Тараз қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әлиасқар Айтжанов.
Жалпы, жаз мезгілінде суға кету қаупімен қатар, өрттің де шығу ықтималдығы артады. Тілсіз жаудың тіршілікке тигізетін зияны көп. Алайда мұнда да қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау басты талап. Дегенмен, мамандардың айтуынша, елімізде өрттің ең көп саны тұрғын үй секторында орын алады екен. Әдетте, олардың барлығы да электр сымдарында, жылыту құрылғыларында ақаудың болуына немесе оны абайсыз пайдалануға байланысты шығады. Жыл басынан бері Тараз қаласында 74 өрт тіркелген. Өкініштісі, өрттің жартысынан көбі тұрғын үй секторында орын алған. Сол сияқты газға улану оқиғалары да бар. Өкінішке қарай улану салдарынан 1 адам қайтыс болып, 1 адам жарақат алған. Тараз қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Дархан Өскенбайұлының айтуынша, өрттің 40 пайыз жағдайы ішімдік ішу салдарынан туындайды екен. Сондай-ақ ол карантиндік шаралар аясында өрттің шығу қаупінің артатынын да айтты. «Тараз қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы бірқатар іс-шараларды, соның ішінде аула аралау, тұрғындармен кездесулерді, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарының тұрғылықты жерлеріне рейдтерді және тағы да басқа шараларды атқаруда. Жыл басынан бері басқарма қызметкерлері 18 мыңнан астам аула аралау жұмыстарын жүргізді. Оған 54 мыңнан астам адам қамтылды. Қауіпсіздікті сақтау үшін қала тұрғындары балаларды қараусыз қалдырмауы керек. Сондай-ақ тұрмыстық және басқа құрылғыларды пайдалану жөніндегі нұсқауларды орындауы тиіс», дейді ол.
Адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтау үшін рейд жұмыстарының жүргізілгені дұрыс-ақ. Бірақ бірінші кезекте әрбір адам өзінің қауіпсіздігін өзі қамтамасыз етуі керек. Жаз маусымы адамға жайлы, демалуға қолайлы мезгіл болғанымен де, өзіндік қауіп-қатері де бар. Мәселен, суға кету, өрт шығу сияқты қатерлі оқиғалар осы мезгілде орын алады. Сондықтан да әр адам өзінің өміріне өзі жауапкершілікпен қараса игі...
Жамбыл облысы