Жұқпалы індет қаупі туындағалы бері әлемнің тағдыры медицина саласы мамандарының қолына қарап қалғаны анық. Яғни ақ желең киген жандардың қадірі мен құны артып, тұтас денсаулық саласына деген құрмет пен көзқарас өзгергені анық.
– Осы уақытқа дейін «Не үшін дәрігер болдым?» деген сауалға бас қатырып көрмеппін. Барлық әріптестерім солай ойлайтын шығар. Өйткені медициналық білім алуға ниет етіп, оқуға құжат тапсырған кезде біз өзіміздің таңдауымызды жасап қойдық қой. Мәселен, дәрігер болу үшін басқа мамандық иесіне қарағанда ұзақ жыл оқуға тура келеді. Біздің қатарластарымыз диплом алып, еңбекке араласып, елеулі болып жатқанда біз жас маман болып енді ғана институт бітіріп шықтық. Жалпы, адамның жігері мен құлшынысын алға жетелеп отыратын оның болашақтағы жоспары болса керек. Яғни адам өз жолын дұрыс таңдау арқылы сүйікті мамандығын меңгеріп, оның жемісін адамдарға ұсынуы тиіс. Меніңше, «Не үшін дәрігер болдым?» деген сауалдың жауабы осында жатқан сияқты, – дейді Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы Жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері Әсем Омарова.
Айтпақшы, бұл аудан – жұқпалы індет ошағына айналған аймақтың бірі. Қазір дерттің асқынуы мен таралуы аздап сейілгенімен, қауіп деңгейі әлі де жоғары. Ауруханада коронавируспен күрес кезеңінде үш сатылы стационарлық орталық ұйымдастырылған. Ауруханадағы карантин стационары 13 наурыздан бастап ашылып, қазірге дейін екі жүзге жуық пациент қабылдаған. Ем алған 100 науқас толықтай оңалып, үйлеріне баруға рұқсат алыпты. Ал провизорлық стационар Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап қызметке кіріскен. Осы аралықта провизорлық бақылауға жалпы 86 пациент алынса, оның сексені толық емдеу кезеңінен өтіп, дерттен айыққан екен. Сондай-ақ ауруханадағы инфекциялық стационар да 29 наурыздан бастап коронавирусқа шалдыққан пациенттерді қабылдай бастады. Мұнда 84 пациент жатып, жазылып шыққан.
– Жұмыс қаншалықты қиындағанымен, қабақ шытуға қақымыз жоқ. Қолымыздан келгенінше науқастарды бар күш-жігерімізді салып емдеп, жұқпалы дерттен айығуға үлес қостық. Жақында аурухана жанынан ПТР зертханасы ашылды. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдетті. Науқастар үшін дер кезінде тиісті ем қабылдауға мүмкіндік берді. Өйткені полимерлі тізбекті реакция талдауы арқылы адам бойында коронавирус инфекциясының бар-жоғын жылдам әрі нақты анықтауға болады. Яғни зертхана жұмысы молекулярлы биология тәсілімен жүріп, ферменттердің көмегімен жұқпалы індеттің ізін ерте тауып, емдей аламыз, – дейді инфексионист-дәрігер Әсем Бихасымқызы.
Алматы облысы