Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палатаның кезекті отырысында ел Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды, сондай-ақ бірқатар заң жобасы қаралып, қабылданды.
Отырыста Қаржы министрінің міндетін атқарушы Татьяна Савельева 2019 жылы ІЖӨ өсімі 4,5 пайызды құрағанын, оны өндірістің дамуы, инвестициялық жобалардың іске асырылуымен байланыстырды. «Ұлттық қорға жалпы 4,5 трлн теңге түсті. 2019 жылдың аяғына қарай қордың активтері 27,5 трлн теңгеге теңесті. Бюджеттің басымдыққа ие бағыттарын Ұлттық қордың трансферттері есебінен қаржыландыру қалыпты жағдайға айналды. Осыған байланысты қордың жинақтық қызметін заңнамалық тұрғыда күшейту көзделіп отыр», деді вице-министр. Сонымен бірге Т.Савельева баяндама барысында Қазақстан қарызы қауіпсіз шекте екенін мәлімдеді.
Одан кейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов елімізде депозиттер 2,5 пайызға көбейіп, ал олардың долларлану деңгейі бір жылда 5 пайызға дейін төмендегенін мәлімдеді. «2019 жылы банк жүйесіндегі депозиттер 2,5 пайызға көбейіп, 19 трлн теңгеге жетті. Бұған қоса ұлттық валютадағы салымдардың мөлшері 13,1 пайызға өсіп, 10,8 трлн теңгені көрсетті. Бұған теңгемен берілетін ставкалардың жоғарылығы, сонымен бірге айырбастау бағамының тұрақтығылы себеп болып отыр. Ал шетелдік валютамен жиналған депозит мөлшері 8,7 пайызға азайып, 8,2 трлн теңгені көрсетті. Осының арқасында депозиттердің долларлануы 43,1 пайызға төмендеді. Бір жыл бұрынғы бұл бағыттағы көрсеткіш 48,4 пайыз еді», деді А.Баймағамбетов.
Одан әрі Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова еліміздегі қаржы саласындағы бірқатар мәселе туралы баяндады. Ол елде азық-түлік саудасының өскенін, дегенмен халықтың несиелік қарыздары да артып жатқанын хабарлады. «2019 жылы тұтынушылық несие халықтың номиналды табысының өсімінен шамамен 15 пайызға басып озды. Ал несие ала берудің салдары әлеуметтік проблемаларды туындатады. Мемлекет тарапынан айтарлықтай көмектің болғанына қарамастан, кейінгі бес жылда ел экономикасындағы банк секторының рөлі төмендеген. ІЖӨ-дегі оның активтері 40 пайызға дейін азайды. 2015 жылы бұл көрсеткіш 60 пайызға тең еді. ІЖӨ-мен есептегенде банктердің қарыз беретін портфелі екі есе қысқарды. Проблемалық қарыздар артып барады», деді Н.Годунова.
Сонымен қатар аймақтардағы әкімдіктермен бірге жалпы құны 52 млрд теңгені құрайтын 43 жобаның аяқталмай тұрғаны мәлім болды. Есеп комитетінің ақпаратына сай, кейбір жобалардың мерзімі 5 жылға созылған. Ал бұл Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне ие жобаларды қаржыландыру туралы тапсырмасына қарама-қайшы. Сонымен қатар мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы жобалардың тиімсіздігі де сөз болды. Наталья Годунованың айтуынша, 1 теңгелік жеке инвестиция тарту үшін бюджеттен 2 теңгеден алуға тура келеді.
Одан кейін сенаторлар назарына Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы ұсынылды.
Кодекс жобасы бойынша Әділет министрі Марат Бекетаев баяндады. Министрдің айтуынша, Әділет министрлігі Жоғарғы сотпен бірлесіп Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасын әзірледі. Кодекс азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктер жиынтығын бекіту мен жоғары тұрған орган мен сотта билік органдары дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеуді мақсат етеді. Кодекс жобасын Венециялық комиссия, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы қарап, оң қорытынды берген. Құжаттар бірінші тыңдалымда мақұлданып, екінші оқылымда қабылданды.
«Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы таныстырылып, Әділет министрі Марат Бекетаев құжатқа қатысты баяндама жасады. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков аталған құжаттың маңыздылығын алға тарта отырып, елімізде ирандық 523 заңды тұлға мен өкілдің тіркелгенін мәлімдеді. Сенатордың айтуынша, Иран Ислам Республикасы – Қазақстанмен халықаралық құқықтық-нормативтік база қалыптастырған алғашқы таяушығыстық мемлекет. Дауыс беру нәтижесінде сенаторлар заңды қабылдады.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов заң жобасы 4 кодекс пен 29 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтінін айтты.
Заң жобасын қабылдау арқылы «Doing Business» халықаралық рейтингі бағалайтын бизнес-ахуалды жақсарту көзделген. Сонымен бірге тауар нарықтарындағы бәсекелестік ортаның жай-күйін жақсарту, жарнаманы жетілдіру, жекеше кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу процесінің ашықтығын арттыру міндеті де бар. Сенат Спикері бас комитетке заң жобасын екінші оқылымға дайындауды тапсырып, заң жобасы екінші оқылымда қабылданды.
Сенат Төрағасы «Аталған құжат бизнестің мүддесін қорғауға, еліміздің инвестициялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», деп түйіндеді.
Отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жария етті. Н.Жүсіп, М.Бақтиярұлы, С.Бектұрғанов, С.Ершов, С.Еңсегенов, А.Қапбарова, Д.Нөкетаева, Н.Төреғалиев Үкімет басшысы Асқар Маминге «Бурабай» ұлттық паркінің бүгінгі халі мен елдегі тазалық мәселесіне, Қайрат Қожамжаров әскери құрылымдардың жанар-жағармай сақтайтын қоймаларына қатысты сауалдарын жолдады.