• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Маусым, 2020

Өткен жылы 70% отандық ветеринарлық препарат сатып алынған

208 рет
көрсетілді

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елдегі ветеринарлық және эпизоотиялық жағдай туралы баяндады, - деп хабарлайды Egemen.kz.

С. Омаровтың мәліметінше, ауыл шаруашылығы министрлігі елде эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде.

Ол үшін заңнамалық тұрғыда "орталық-облыс-аудан" қағидаты бойынша тігінен ветеринариялық бақылау қалпына келтірілді. Бұл бақылауға алынған өнімнің тасымалдануына бақылауды күшейту және өнімнің "танаптан үстелге дейін" қадағалануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

"Өткен жылы Қазақстан-Ресей учаскесінде 28 ветеринариялық бақылау пункті және Қазақстан-Қырғыз учаскесінде 4 ветеринариялық бақылау пункті енгізілді. Бұл шара Қазақстан аумағын жануарлардың аса қауіпті ауруларының таралуынан, ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қауіпті мал шаруашылығы өнімдерінің әкелінуінен қорғауға мүмкіндік береді", - деді министр.

Қабылданған шаралар нәтижесінде 2020 жылдың 5 айында кейбір жіті және созылмалы инфекцияларды қоспағанда, Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша эпизоотиялық ахуал тұрақты.

Мәселен, 2020 жылғы қаңтардан мамырға дейін жануарлар ауруларының жіті және созылмалы инфекцияларының 80 ошағы тіркелді.

Ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес белгіленген мерзімде орындалуда. Ағымдағы уақытта жоспарланған 31,7 млн диагностикалық зерттеудің 90,2%-ы орындалды.

"Жануарлар мен құстардың аса қауіпті 19 ауруына қарсы жануарларды вакциналау бойынша жоспарланған 150 млн манипуляцияның 71,1 млн жүргізілді немесе  ағымдағы жылдың 5 айындағы жоспардың 96,8%-ы орындалды. Жұмыс жалғасуда", - деп мәлімдеді С. Омаров.

Бүгінгі күні республика өңірлері ветеринариялық препараттармен жылдық қажеттіліктің 96,2%-ымен қамтамасыз етілді. Ветеринариялық препараттарды сатып алуда отандық өндірушілерге артықшылық берілді, өткен жылғы сатып алуда олардың үлесі  шамамен 70%-ды құрады. Мысалы, биыл нодулярлы дерматит бойынша препараттар толық көлемде отандық Биология және биотехнологиялар мәселелері ғылыми зерттеу институтынан сатып алынды, бұл өткен жылға қарағанда 2,7 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта аталған институттан жақында дайындалған түйе шешегіне қарсы вакцинаны сатып алу жоспарланып отыр.

Бруцеллез бойынша саламатсыз пункттерді тіркеу серпіні төмендеуде. Өткен жылы бруцеллезді диагностикалау тетігі өзгерді, бұл оң нәтиже берген мал басының санын 2019 жылғы 5 ай ішіндегі 32 мыңнан 2020 жылдың сәйкес кезеңінде 28 мың басқа дейін қысқартуға немесе 12,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша бруцеллез бойынша 51 саламатсыз пункт тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 28 пунктке аз. 28,6 млн бас жануардың барлық түрін бруцеллезге зерттеу кезінде 28,8 бас оң нәтиже берген немесе 0,1% бруцеллез жұқтырған мал анықталды.

Сонымен қатар биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда листериоз, анаэробты энтеротоксемия сияқты жануарлардың аса қауіпті аурулар санының төмендеуі байқалады, сондай-ақ өткен жылдары тіркелген аурулар (сібір жарасы, Ньюкасл ауруы, ринопневмания) бойынша саламаттылық сақталуда.

"Министрлік қабылдаған шаралардың нәтижесінде біздің еліміз аусыл, жылқы мен шошқаның африкалық обасы, құс тұмауы бойынша саламатты ел деген ресми халықаралық мәртебеге ие. Шошқаның классикалық обасы, күйіс қайыратын ұсақ мал обасы, сиыр құтырмасы бойынша саламатты ел ресми халықаралық мәртебесін алу бойынша жұмыс жүргізілуде", - деді министр.

Өткен жылы Қытай Халық Республикасымен шошқа етіне, сүт өнімдеріне, жүнге арналған ветеринариялық талаптар, зығыр тұқымына, бидай ұнына және құрамажемге қойылатын фитосанитариялық талаптар келісілді. Бірнеше жыл бұрын Қытай Халық Республикасы енгізген аусыл және нодулярлық дерматит бойынша шектеулер алынып тасталды, бұл өз кезегінде қазақстандық ет өнімдері үшін ҚХР нарығына жол ашты.

Сондай-ақ Қазақстаннан Иранға союға арналған тірі ірі қара малды, сиыр етін, ұсақ малдың субөнімдерін, тағамдық жұмыртқаны экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар келісілді. Жапонияға жылқы етін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификат келісілді.

Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан шығарылатын АӨК экспорты Қытайға 50,5%-ға, Парсы шығанағы елдеріне 3,2 есе, Орталық Азия елдеріне 7,4%-ға, ЕАЭО елдеріне 8,2%-ға ұлғайды.

Жалпы АӨК экспорты өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,4%-ға өсіп, 3,3 млрд АҚШ долларын құрады.

Еліміздің эпизоотиялық саламаттылығын сақтау жұмысы ауыл шаруашылығы министрлігінің ерекше бақылауында.