Барлық істің сапалы орындалуы білікті маманға байланысты. Бірақ біздегі кадр саясаты жітілікпен жүргізілген, озық тәжірибеде деп айту қиын. Облыстық департаменттер мен басқармаларда мәселені шешуге тиісті кадрлардың орны бірнеше ай бойы бос тұрады. Былтыр заңнамаға енгізілген түзетулер бойынша конкурстық процедураларды оңтайландырып, бос орынға кадр қабылдауды үш кезеңнен екі кезеңге түсірген еді. Осының өзінде бос орынға өткізілетін конкурстың уақыты 32 күнге созылады. Ал мұны бос лауазымдық орынды жедел толтыру амалы деп айта алмайсың.
Қазір Солтүстік Қазақстан облысының департаменттері мен басқармаларында ондаған бос орын тұр. Мәселен, жер қатынастары басқармасында басшының, индустриялық-инновациялық даму басқармасында басшының, оның орынбасарының, бір бөлім бастығының, екі бас маманның орны бос. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында басшының және оның бір орынбасарының орындары иесін күтіп тұр. Қаржы басқармасында үш бөлім бастығының, ауыл шаруашылығы басқармасында екі бөлім бастығының, үш бас маманның орны бос. Біраз уақыттан бері денсаулық сақтау басқармасының да бастығы мен оның бір орынбасарының орындары бос. Ұзақ уақыт бойы ішкі саясат басқармасының бастығының орны да бос тұрған еді, жуырда ғана сол орынға адам табылды, әйтеуір...
Әрине осы қызметтердің қайсысы болсын өңірдің дамуына, жедел жұмыстардың шешімін табуына үлесін қосар еді. Ал олар бос тұрған соң, тиесілі жұмыстарын ешкім атқармай, ақыры жұмыстың соңғы нәтижесіне өзінің кесірін тигізеді.
Аты-жөнін көрсетуді қаламаған, бұрынғы басшы болған бір азамат кадр тапшылығын төмендегіше түсіндірді. «Бір басқарма немесе департамент бастығы орнынан кететін болса, оның орнына төмендегі адамды жылжытпайды, жоғарыдан адам сұратады. Ал ондай адамдардың көбі уақытша келіп, бұрыннан қалыптасып келе жатқан жүйесін бұзады немесе қоластындағы кадрларды сапырылыстыра бастайды. Нәтижесінде, жұмыс ақсайды, сонымен бірге жергілікті кадрлардың өсуі тоқырайды», дейді ол.
«Б» корпусының кадрлық резервiнен өтіп келген сондай көптеген қызметкердің құжаттары мен мамандықтары талапқа сәйкес келгенімен, жұмыстың ерекшелігін біле бермейді. Сондықтан тәжірибелі мамандарды ішкі резервтің есебінен толтыру заңмен міндеттелуі керек сияқты.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің хабарлауына қарағанда, облыста штаттық бірліктің жалпы саны 4798. Бұл халқының саны республикадағы ең аз облыс үшін үлкен армия. Қазір сол штаттық бірліктің 527 орны бос тұр.
Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында бос тұрған 400 лауазымдық орынға конкурстан өткен 236 адам тағайындалған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 49 адамға артық. Алайда кадр тапшылығына деген сұраныс негізінен сол деңгейде қалған. Әрине мемлекеттік қызметшілерді оқыту және қайта даярлау да жоспарланған. Биыл жалпы саны 1179 адам оқытылмақ және қайта даярланбақшы екен, алайда пандемияның кесірінен жоспар тек 16 пайызға орындалған.
Департаменттің бір міндеті көрсетілген мемлекеттік қызметтің сапасын бақылау екенін жоғарыда айттық. Үстіміздегі жылдың І тоқсанында мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы сақтау мәселелері бойынша 6 бақылау іс-шарасы өткізіліп, 488 түрлі бұзушылық жасау фактісі анықталған. Іс-тәжірибе көрсеткендей, бұзушылықтардың 99,8%-ы жергілікті атқарушы органдарда орын алған. Департаменттің ұсынысы бойынша мемлекеттік органдардың басшылары, мамандары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Былтыр заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы біршама көтерілген. Алайда ол әлі де төмен қалпында қалып отыр. 20 жылдық еңбек өтілі бар төменгі санаттағы мемлекеттік қызметшінің еңбекақысы республикалық орташа еңбекақыдан төмен. Осының өзі сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. Біздегі соңғы бес жылда жасалған сыбайлас жемқорлықтың 75 пайызын еңбекақылары төмен мемлекеттік қызметкерлер жасаған.
Еңбекақыға қатысты мәселе осындай болған соң да көзі ашық, қолынан іс келетін кадрлар мемлекеттік қызметке ұмтыла қоймайды. Нәтижесінде, бос лауазымдық орындар көп болып, түрлі бағдарламалар мен жоспарлардың да іске асуы сапасынан айырылып жатады. «Мен бір орында істегеніме алты жыл болды. Бөлімнің бастығы мен бір бас маманның орны бос. Барлық жұмысты екі бас маман істейміз. Осы уақытта екі рет бастығымыз ауысты, екеуі де сырттан келгендер. Ал олардың орнына бізді жылжытпайды. Өздерінің таныстарын әкеледі. Еңбекақысы да шамалы, іссапарға көп шығарады. Мен де кетуді ойлап жүрмін», дейді облыстық басқармалардың бірінде істейтін кейіпкеріміз.
Өкінішке қарай, кіші басшылар да, одан жоғарырақ басқарма, департамент басшылары да үлкен бастықтардың жеке сеніміндегі адамдар болмаса қызметте жылжи алмайды. Сөйтіп ынталандыру жүйесі босаң болған соң ешкімнің жұмыс істеуге де зауқы жоқ. Сондықтан жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік қызмет туралы заңға мамандардың төменнен жоғарыға жылжуын талап ететін арнайы норма енгізілуі керек сияқты. Белгілі уақыттан кейін кәсіби біліктілігінің жоғары екенін көрсете білген адамның қызметі өсіп отырса, кадрға деген тапшылық та азаяр еді.
Солтүстік Қазақстан облысы