Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздегі санитарлық-эпидемиялық ахуал қаралды.
Тестілеу қуаты – тәулігіне 28 мың
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева коронавирус инфекциясын қоспағанда, инфекциялық аурулар бойынша эпидемиялық жағдай жалпы Қазақстан Республикасы бойынша тұрақты екенін атап өтті. 64 инфекциялық ауру бойынша мониторинг жүргізілуде, 5 айдың қорытындысы бойынша 49 инфекция бойынша сырқаттанушылық төмендеген. Биыл адамдардың оба, тырысқақ, іш сүзегі, құтыру, дифтерия, сіреспе, қызамық және басқа да жұқпалы аурулармен сырқаттануы тіркелген жоқ. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сальмонеллез, қызылша, іріңді менингит, туберкулезбен сырқаттану төмендегені байқалды. А жіті вирустық гепатит (1,8 есе), ботулизм (3 есе), скарлатина 4,3 есе өсті.
Оба және басқа да табиғи-ошақтық инфекциялардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Осы жылдың 5 айында обаға қарсы күрес ұйымдары зертханалық зерттей отырып 223,1 мың шаршы шақырымды және 4 млн эктопаразиттер мен кеміргіштерді тексерді, обаның 14 қоздырғышы бөлінді, бұл қоздырғыштың циркуляциясын көрсетеді. 2020 жылдың 5 айында 1 411 647 адам егілді, бұл егуге жататындар санының 92%-ын құрады. 2020 жылдың І тоқсанында республикада профилактикалық егуден 1 423 бас тарту есепке алынды, 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өскені байқалды. Бұл ретте бас тартқан адамдар арасында егілгендер саны 725-тен 309-ға дейін, 2 есе төмендеді. Бас тарту себептері бойынша ең үлкен үлес жеке сенім бойынша бас тартуға келеді және бұл жалпы бас тарту санының 52,9%-ын құрайды, діни пайымдаулар бойынша – 29%, вакцинаға сенімсіздік – 11,2%, БАҚ-тағы теріс ақпарат бойынша – 6,4%. Бас тартқандар арасында 309 адам егілді.
2020 жылдың 5 айында 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда қызылшамен сырқаттанудың 2,8 есе төмендеуіне қол жеткізілді. «Қызылшаны төмендету мақсатында 9-10 айлық балаларға қосымша вакцинация жүргізілді. 260 мыңнан астам бала егілді. Бұл осы жас тобындағы сырқаттануды 2,5 есе төмендетуге мүмкіндік берді. Бұдан басқа ауырған ересектер арасында 55%-дан астамы 20-29 жас аралығындағы топ екенін ескере отырып, осы жас тобына қызылшаға қарсы қосымша вакцинация жүргізілді, 1 759 459 адам егілді», деді Л.Ақтаева.
COVID-19-ға ПТР-тестілеу үшін 56 зертхана жұмыс істейді, тестілеу қуаты тәулігіне 28 мыңға дейін жеткізілді. Енді мұны бюджет есебінен 30 мың тестке дейін, ал мемлекеттік және жеке сектор зертханалар есебінен 35 мыңға дейін арттыру жоспарлануда. Соңғы аптада (8-14 маусым аралығында) республикада 5 485 жағдай тіркелді. Өткен аптамен (1-7 маусым аралығында) салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе өскен (2908-ден 5485-ке дейін).
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 6 айға маскаға деген қажеттілік 111,2 млн дананы құрайды.
«Бүгінгі таңда 9 отандық кәсіпорынның қуаты тәулігіне 490 мың дана медициналық маска шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында осы жылдың соңына дейін 4 жаңа кәсіпорын ашуды жоспарлап отырмыз», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов аталған мәселе жөнінде. Осы жобаларды іске қосу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайту тәулігіне 1,1 млн дана маска шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бүгінде 380 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты өндірілді, оның ішінде 164 бірлік жөнелтуге дайын, 216 бірлік зауытта сынақтан өтуде. Қалған 200 бірлік осы жылдың шілде айының соңына дейін тапсырылады. Стационарлық аппараттарды қосымша шығару мақсатында түрік және қытай серіктестерімен өндірісті игеру жүргізілуде.
Отырыста Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елде эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілу үстінде екенін айтты. «Орталық-облыс-аудан» қағидаты бойынша тігінен ветеринариялық бақылау заңнамалық тұрғыда қалпына келтірілді. Бұл бақылауға алынған өнімнің тасымалдануына бақылауды күшейтуге және өнімнің «танаптан үстелге дейін» қадағалануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Өткен жылы Қазақстан-Ресей учаскесінде 28 ветеринарлық бақылау пункті және Қазақстан-Қырғыз учаскесінде 4 ветеринариялық бақылау пункті енгізілді. Бұл шара Қазақстан аумағын жануарлардың аса қауіпті ауруларының таралуынан, ветеринарлық-санитарлық тұрғыдан қауіпті мал шаруашылығы өнімдерінің әкелінуінен қорғауға мүмкіндік береді», деді министр.
Мәселені Үкімет басшысы А.Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, коронавирус инфекциясына қатысты жағдай күрделі деңгейде қалып отыр. Соңғы екі аптада барлық өңірде науқастар саны көбейді. Мұның негізгі себебі – адамдардың санитарлық талаптарды орындамауы мен бақылаудың нашарлығы. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ведомствоаралық комиссияның шешімімен демалыс күндері бірқатар ірі қала мен тұрғындарының саны 50 мыңнан асатын барлық өңірдің елді мекендерінде қосымша шектеу шаралары енгізілді.
«Бұл шешім жергілікті жерлерде нақты орындалуы тиіс. Әкімдіктер санитарлық нормалар мен қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықтың қатаң сақталуына ерекше назар аударуы керек. Денсаулық сақтау министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес бойынша жаңа шаралар кешенін дайындауды тапсырамын. Әрбір өңірдегі жағдайды ескере отырып, іске асырылып жатқан шараларды түзету бойынша жедел шаралар қабылдансын», деді А.Мамин.
Премьер-Министр жеке қорғану құралдарының отандық өндірісін ұлғайту және олардың халық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету шараларын қабылдауды, жасанды тыныс алу аппараттары мен жеке қорғаныш құралдарының жеткілікті қорын қалыптастыруды, оның мемлекеттік материалдық резервте болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әкімдіктерге ірі кәсіпорындардың өз жұмыскерлерін жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау, Ауыл шаруашылығы министрлігіне әртүрлі инфекциялардың таралуына жол бермеу үшін профилактикалық санитарлық-ветеринарлық іс-шаралардың орындалуын қатаң бақылау тапсырылды.
Үкімет басшысы халықты жыл сайынғы иммундау жоспарын орындауды және коронавирус инфекциясына қатысты қазіргі жағдайды ескере отырып, іс-қимыл алгоритмін жандандыруды тапсырды.
Машина жасау саласы қарқынды дамуда
Үкімет отырысында Қазақстанда машина жасауды дамыту мәселесі қаралды.
Машина жасау саласының дамуы туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, мұнай-газ саласындағы машина жасау туралы Энергетика министрі Н.Ноғаев, саланың өңірлерде дамуы туралы Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов баяндады. Сондай-ақ Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы М.Пішембаев және бизнес өкілдері баяндама жасады.
Машина жасау – еліміздің өңдеу өнеркәсібінің негізгі драйверлері. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша экономикадағы құлдырауға қарамастан, машина жасау саласында өндіріс көлемі 535 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 18,5%-ға жоғары. Қазіргі таңда Қазақстанда машина жасау саласында 3 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олар әртүрлі өнімдерді – бөлшектерден бастап дәлдігі жоғары техникалар шығаруға дейін игерді. Осылайша мұнай-газ, металлургия және аграрлық өнеркәсіп секілді экономиканың негізгі секторларының қажеттілігін қамтамасыз етуде. Сала секторларына байланысты жергіліктендіру деңгейі 35%-дан 95%-ға дейін құрайды.
Үкімет басшысы машина жасаудағы жергілікті қамтуды ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті. «Елдегі автопарктің 70%-ының қызмет ету мерзімі айтарлықтай асып кеткенін назарға алсақ, бұл өте маңызды. Оны жаңарту отандық кәсіпорындардың қуатын жүктеуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісте және жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, елде экологияны жақсартуға мүмкіндік береді», деді А. Мамин.
Премьер-Министр Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешіміне сәйкес, моторлы көлік құралдары өндірісін жергіліктендіру деңгейін кемінде 50%-ға жеткізу керек екенін атап өтті. Осыған орай, автоөндірушілердің өз міндеттемелерін орындауын бақылауға алу қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жергіліктендіруді, өндіріс көлемін арттырып, машина жасау өнімдерінің экспортын кеңейтуді, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, бір ай мерзімде ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
А.Мамин қазіргі уақытта Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы паркінің 70%-ы тозғанын, пайдалану мерзімі өткенін атап өтті. Қазақстанның азық-түлік хабы ретіне қалыптасуын ескере отырып, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту – маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін жаңа перспективалы өндірістерді құру мақсатында елге инвестициялар мен серіктестер тарту қажет. Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту кезінде өз өндірісі есебінен еңбек өнімділігі жақсарып, ауыл шаруашылығы өндірісі артады.
Премьер-Министр энергетика және индустрия министрліктеріне мұнай-газ жабдықтарын өндіретін компанияларды тарту, отандық машина жасау кәсіпорындарының ірі мұнай-газ операторларының сатып алуларына қол жеткізуін кеңейту, сондай-ақ саладағы жүйелі кедергілерді жою жөніндегі кешенді шаралар бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Үкімет басшысы бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық өнімді отандық экспорттаушылар үшін жаңа қолдау шараларын көрсету мүмкіндігін пысықтауды, сондай-ақ Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында осы жылдың 1 шілдесіне дейін Өнеркәсіпті дамыту қорын құруды тапсырды.