Кеніштегі кен аршу жұмыстарына бұған дейін темір жол транспорты пайдаланылып келген. Сарыбай-Соколов тау-кен бірлестігі таяуда өндірісті оңтайландыру мақсатында бұл көлік түрінен бас тартып, кеніш өзегін бойлай тартылған темір жолдардың бірін қалдырмай алып тастады. Жыныс тасымалдау технологиясын өзгерту кеніш жұмысының өнімділігін ұлғайтып, кен өндіру көлемін екі есеге дейін арттырады. Қашар кешеніндегі тиімді жобаны бірлестік басшылығына "Deswik" компаниясының канадалық кеңсесі ұсыныпты, - деп жазады Egemen.kz
"Біз өз серіктестерімізге кен өндірісінің көлемін арттыруға мүмкіндік беретін тиімді технологиялық шешімдер қарастыруды тапсырдық. Енді, міне, алдағы уақытта өндіріс көлемін екі-үш миллион тоннаға емес, ең кем дегенде екі есе арттыруды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, кеніш тау-кен өндірісі секторындағы ең үздік әлемдік тәжірибені пайдаланатын болады", деді ССКӨБ тау-кен кешені бөлімнің жетекші инженері Виктор Моисеев.
Маманның айтуынша, кенді сыртқа теміржол транспортымен шығарғаннан гөрі, автомобиль транспортымен тасымалдаған экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді. Өйткені темір жолдың күтімі, думпкар паркі, жөндеу жүйесі, темір жол көлігін сатып алу қыруар шығынды қажет етеді екен.
Алдағы міндет – автоаударғыштар мен экскаваторлар үшін жаңа транспорт жолын жасау.
"100 пайыздық табысқа жеттік деуге әлі ерте. Алайда аршылған кен қабатын автотранспортпен тасымалдауға көшкелі, біз жұмыс өнімділігінің едәуір арта түскенін көріп отырмыз", деді ССКӨБ Қашар тау-кен кешенінің техникалық бөлімінің басшысы Игорь Стец.
Өндірісті оңтайландыру барысында кеніш шөміші 30-35 текше метрлік ірі экскаваторлар мен 240 тонна жүкті қиналмай көтеретін автоаударғыш жүк көліктерін пайдалануды жоспарлап отыр. Қазір кеніш бедеріндегі автомобиль жолдарының ені 36 метрге дейін кеңейтіліп жатыр.
Қостанай облысы