Мұнайлы өңір Мұғалжар ауданының облыс экономикасындағы үлесі салмақты. Осы өңірде қара алтын өндіріп жатқан “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ жыл сайын жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл кәсіпорындар мұнайды көбірек өндіруге, экологиялық жағдайды сауықтыруға қызмет етуде. Осы мәселелерді бұрынғыдан гөрі өркениетке сәйкес шешу үшін акционерлік қоғам биыл Жаңажол кен орнында бірден үш кәсіпорынның құрылысын салмақшы. Осыған байланысты облыс әкімі Елеусін Сағындықов Мұғалжар ауданындағы Жаңажол кен орнына келіп, “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ-тың бірнеше нысандарын аралады. Облыстың индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылатын жобалар қатарына жататын “СНПС Ақтөбемұнайгаз” АҚ-тың бір мезетте үш бірдей өндірістік кәсіпорнының іргетасының қалану салтанатына қатысты. Бұл нысандар – №4 мұнай дайындау зауыты, Жаңажол кен орнында тазартылмаған газды жер қабатына айдайтын сорғылық және кешенді мұнай мен газды айырып айдау стансалары құрылысы. Бұл жобаларға салынған инвестицияның жалпы сомасы 500 млн. АҚШ долларына жуық.
Осы жиында сөз алған “СНПС – Ақтөбемұнайгаз” АҚ-тың бас директоры Сюй Кецянь мұндай ірі үш жобаның бірден жүзеге асырылуы кәсіпорын тарихында алғаш рет кездесіп отырғанын, бұл нысандар пайдалануға берілгенде мұнай өндіруді жылына 9 млн. тоннаға жеткізуге, ал ілеспе газды алауға жағуды анағұрлым қысқартуға мүмкіндік беретініне тоқталды. Бұл кәсіпорындардың газды кешенді өндеуді жүзеге асыратынын жеткізді. Акционерлік қоғамның табысты жұмыс істеуіне қолдау көрсетіп отырған облыстық әкімдікке ризашылығын білдірді. Акционерлік қоғамның табиғат пен өндірістің үйлесімділігін сақтай отырып, облыс экономикасын дамытуға үлес қоса беретіне сендірді.
Салтанатты шарада облыс әкімі Елеусін Сағындықов сөз сөйлеп, бұл күнді еліміздің, облыстың өміріндегі тарихи есте қаларлық сәт ретінде бағалады.
– Бұл жобалар тек облыстың ғана экономикасын дамытып қоймайды, Қазақстанның дамуына ықпал етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында еліміздің таяу болашақтағы он жылдағы міндеттерін және даму қарқынын нақты көрсетіп берді. Оның өркенді өзегі еліміздегі қолға алынған индустриялық-инновациялық бағдарлама болып табылады. Облыста осы кезеңде әрқайсысы 50-100 млн. АҚШ доллары тұратын 131 инновациялық жоба жүзеге асырылмақшы. Міне, бүгін іргетасы қаланып жатқан осы үш нысан осы бағдарлама аясында жүзеге асырылатын жобалар. Биыл акционерлік қоғамның облыс экономикасына 1 миллиард АҚШ долларына жуық көлемде инвистиция салуға ниеттеніп отырғаны қуантады. Бұл бұрынғы жылдарға қарағанда анағұрлым көп. “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ-тың жаңа нысандарды мерзімінде пайдалануға беруде қалыптасқан еңбек дәстүрі бар. Оны 2007 жылы №3 газ өңдеу зауытының алғашқы кезегін іске қосқанда көргенбіз. Кәсіпорын басшысының айтуынша, осы үш нысанның алғашқы кезегі жылдың аяғына таман пайдалануға беріледі. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында құрылыста 600-700 адам еңбек етсе, бұл кәсіпорындар пайдалануға берілгенде 150-200 адам жоғары жалақылы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Тазартылмаған газды жер қабатына айдау стансасы іске қосылғанда ауаға зиянды заттар шығару тыйылады, алауға жағылып келген газ толықтай бұқтырылады. Жалпы, бұл нысандарды пайдалануға беру біршама тиімділіктерге қол жеткізеді, –деді Елеусін Наурызбайұлы.
Кешендегі шарадан кейін облыс әкімі Жаңажол вахталық мұнайшылар қалашығын аралап, жұмысшылардың тұрмыс жағдайымен танысты. Жатақханаларда жұмысшылардың демалуына барлық жағдай жасалған, бөлме сайын теледидар қойылған, ыстық және салқын су келіп тұр. Облыс басшысының қытайлық жұмысшылардың тұрмыстық артықшылықтары бар ма деген сауалына жоқ деген жауап қатқан басшылар, қазақстандық жұмысшылар мен қытайлықтардың бірге тұратынын, бір асханадан тамақтанатынын да жеткізді. Жұмысшыларға күніне үш мезгіл тегін тамақ беріледі екен. Тамаққа бөлінетін қаржыны тағы да көбейткелі отырған көрінеді. Елеусін Наурызбайұлы содан кейін 130 орындық акт залы бар мәдениет үйінде болып, осындағы кітапхана жұмысымен танысты. Медициналық пункттің өзінің жедел жәрдем көлігі бар, бразилиялық құрал-жабдықпен жарақтандырылған. “Медикер” ЖШС компания жұмысшыларына тегін медициналық қызмет көрсетіп отырған көрінеді.
Облыс әкімі бастаған топтың іссапары Мұғалжар ауданының Саға ауылында жалғасты. Мұнда 776 адам тұрады. 2009 жылы аудандық бюджет қаржысына салынған 120 орындық мектеп жарық та, еңселі. Сағалықтарды толғантатын мәселе – балабақшаның жоқтығы. Мұнда мектеп жасына дейінгі 72 бала тіркелген. Облыс әкімдігі тарапынан Саға ауылында жаңадан 50 орындық балабақша салу үшін “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ басшылығына ұсыныс енгізілді. Облыс әкімімен кездесуде сөз алған он бала тәрбиелеп өсірген Ардақты ана Мәрия Қонақбаева мұнайлы өңірдегі өркенді істердің халықтың тұрмысының жақсаруына ықпал етіп отырғанына дәлел ретінде өз отбасын мысалға келтірді. Оның отағасы, алты ұлы осы мұнай саласында еңбек етеді екен. Ауыл көгілдір отынның игілігін көріп отыр, ауыз су көшелерге құбырмен келіп тұр. Былтыр еңселі орта мектеп салынып, пайдалануға беріліпті. Әр үйдің ауласынан ондаған ірі қара, қырық-елу қой-ешкі өреді. Ауылдың ахуалы жақсы, тұрмысы тәуір. Сондықтан да бұл ауылдан ірге көтеріп, көшіп жатқан ешкім жоқ.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.