Зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге арналған республикалық бюджеттің шығыстары 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы 21% - ға ұлғайды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, - деп жазады Egemen.kz
Өз сөзінде ҚР Еңбекминінің басшысы мемлекет халыққа зейнетақы мен жәрдемақы түріндегі әлеуметтік төлемдердің 39 түріне кепілдік беретіндігін атап өтті. Жұмыс істейтін азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 5 әлеуметтік тәуекел бойынша төлем алады.
2019 жылы әлеуметтік төлемдерге республикалық бюджеттен 3,1 трлн теңге бөлінді. Зейнетақы мен жәрдемақы жалпы 2,8 трлн теңгеден астам сомада 3,9 млн адамға (халықтың 21%) берілді, оның ішінде: зейнетақы төлемдері – 2,2 млн.астам зейнеткер, көлемі – 2,3 трлн. теңге; мемлекеттік жәрдемақылар – шамамен 1,7 млн. адам, көлемі – 570,5 млрд. теңге.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 194,2 млрд.теңге сомасына 825,2 мың адам төлем алды.
"2020 жылы республикалық бюджетте әлеуметтік төлемдерге 3,5 трлн теңге қарастырылған. Зейнетақылар мен жәрдемақыларды жалпы 3,4 трлн теңгеден астам сомада 4 млн адамға беру көзделген, бұл 2019 жылғы ұқсас шығыстармен салыстырғанда 21%-ға көп", – деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.
Министр сондай-ақ, 2020 жылы зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері екі рет көтерілгенін атап өтті.
Осылайша, ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар 7%-ға, базалық зейнетақылар 5%-ға ұлғайды. Үстіміздегі жылғы 1 сәуірінен бастап зейнетақының екі түрі де тағы 5%-ға арттырылды. Нәтижесінде, ынтымақты зейнетақы мөлшері жылдық мәнде 12% - ға, базалық зейнетақы мөлшері-10% - ға ұлғайды.
Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері жылдық мәнде 10% - ға ұлғайды: 1 қаңтардан бастап 5% - ға және 1 сәуірден бастап тағы 5% - ға.
"Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Заңды іске асыру шеңберінде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер мөлшері: еңбек ету қабілетінен айрылған жағдайда – 74,4 мың адам үшін 69%-ға, асыраушысынан айрылған жағдайда – 44,8 мың адам үшін 41%-ға, жұмысынан айрылған жағдайда – 2,5 мың адам үшін 44% - ға ұлғайды.