Бүгінгі күні коммуналдық меншікті есепке алу және оны тиімді түрде басқару ісі жергілікті атқарушы орындардан үлкен жауапкершілік пен шынайы жанашырлықты талап етеді. Өйткені бұл мәселе қақпақыл қылуды көтермейді. Осы істің бұған дейінгі жай-күйіне Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы тарапынан аудиторлық тексерулер жасалған кезде бірқатар былық-шылықтардың беті ашылды, - деп жазады Egemen.kz
Осы орайда Ақтөбе қаласы бойынша өткізілген мемлекеттік аудит пен 103 миллиард теңгеге жуық қомақты қаражатты құрайтын 34 мекеме-кәсіпорын қамтылса, соның ішінде анықталған бұзушылықтардың көлемі 14 миллиард 382 миллион тенгені құрап отыр. Оның белгілі бір бөлігін қаржылық тұрғыдағы қисынсыздықтар болса, бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісінде жол берілген былықтар мөлшері астраномиялық деңгейге асқақтап кете барады. Бұған қоса тиімді жоспарлау нормативтері мен рәсімдерді орындау тәртіптері де шектен тыс бұзылған.
Сарапшы мамандар мұндай көлеңкелі көріністер ең алдымен құрылыс салу мен күрделі жөндеу жұмыстары кезінде орын алғанын алға тартады. Оның бәрін есептеп, тізімге кіргізер болсақ, газеттің тұтас бір бетінің 4/1 бөлігін алатын болғандықтан бұлай істеуден саналы түрде бас тартқанды жөн көрдік. Әйтсе де Ақтөбе қаласындағы "ТабысАқтөбе" ЖШС-да орын алған қаржылық бұрмалаушылықтар қомақтырақ көрінеді. Соның ішінде жалпақтығы түйенің табанындай қомақты сома қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонына орындалмаған жұмыс көлемі үшін төленген. Сондай-ақ жарғылық капиталдағы бюджеттік инвестициялар көлемі қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкес іске асырылмаған. Бұдан келген шығын мен зиян 10 миллион тенгеден асып түседі.
"Бұған қоса аудиттік тексерулер кезінде Ақтөбе қалалық әкімдігінің жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі жер телімдерін мақсатты түрде пайдалануды бақылау ісін жүргізбей келгені анықталды. Сонымен бірге аталған мәселеге қатысты мониторингтік зерттеулер жасау ісі де қолға алынбаған. Соның салдарынан жергілікті бюджет кірісіне 44,1 миллион тенге қаражат өндірілмей қалды", деді орын алған олқылықтар жөнінде Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы.
Оның ой-тұжырымын тағы да толықтыра түссек, жалдау және несие бойынша тұрғындармен уақытында есеп айырысу тетігі де ойластырылмаған. Бүгінгі күні соның салдарынан пайда болған қарыздар көлемі тез өсіп бара жатқаны айқын көрінеді. Қазіргі кезде тұрғын-үй қатынастарына қатысты мәселелердің әлеуметтік маңызы жоғары екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл іске ашықтық пен мөлдірлік сипат тән екені де белгілі. Солай бола тұрса да жалға берілетін жаңа пәтерлерді негізсіз және заңсыз бөлу көріністері орын алғаны қынжылтпай қоймайды. Бұл үдеріс кезінде құрылыстың облигациялық қарыз есебінен салынғаны ескерілмей қалған. Осы үстірттіктің әсерінен Ақтөбе қаласы әкімдігінің бюджет шығындары 8 миллиард тенгеден асып түсті. Сөйтіп бюджетаралық қатынастардың өрескел түрде бұзылуына жол берілген. Сонымен бірге белгіленген уақыт ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік сала бөлімі жұмыссыздарды кәсіптік оқыту және қайта даярлау ісін мүлдем салақсытып жіберген. Әрі олардың жұмысқа орналасу деңгейін бақылаумен жеткілікті түрде айналыспаған. Осылайша 56,8 миллион тенге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылғанын қай қисынға сыйғызуға болады. Осы арада қалалық әкімдіктің ауылшаруашылығы және ветенария бөлімінде де тікелей функцияналдық міндеттерді атқарудың төмен деңгейі анықталды. Яғни аталған бөлім бұл кезеңде асыл тұқымды мал сатып алуға және құнарлы жеміс ағаштарын өсіруге бөлінген екі миллиардтан астам теңгені ту-талақай етіп, қалай болса, солай пайдаланған. Ең бір өкініштісі мұндай жауапсыздық кезінде жоғарыда көрсетілген қомақты қаражаттың мақсатты және тиімді пайдалануға бақылау қою мәселесі назардан тыс қалып қойыпты.
Түйіп айтқанда жоғарыда айтылған жәйттер Ақтөбе қалалық әкімдігінде өткен жылы коммуналдық меншікті есепке алу және оны тиімді түрде басқару ісі төмен, қанағаттанғысыз жағдайда болғанын көрсетеді. Жүргізілген аудит қорытындыларына байланысты Ақтөбе облыстық тексеру комиссиясы да осындай түйінге келіп отыр. Мұның сыртында "Тазалық" мекеме кәсіпорнын тарату рәсімі кезінде әрі "Таза қала" және "Тұңғыш Президент" атындағы орталық саябақ секілді әлеуметтік-көпшілік тұрғыдағы мекемелерді жекешелендіру және сенімді басқаруға беру кезінде орын алған кемшіліктер бөлек бір әңгіменің сыбағасы деуге болады.
Соған сәйкес тексеру комиссиясы облыстық құқық қорғау органдарының атына тиісті материалдар тапсырды деп мәлімдеді газет тілшісіне оның төрағасы Сағат Еңсегенұлы. Құзырлы органдар Ақтөбе қаласы әкімдігінің құрылыс тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, тұрғын-үй қатынастары бөлімі, сондай-ақ "ТабысАқтөбе" ЖШС мен Ақтөбе қаласының тиімді даму орталығы мекемелерінің заңнан тыс іс-әркеттері мен бұзушылықтары жөнінде қандай қорытындыға келмек. Бұған қатысты нендей жауапкершілікке тартпақ? Бұған тек уақыттың өзі төреші бола алады демекпіз.
АҚТӨБЕ