Ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, өнері мен музыкалық аспаптарына дейін аралас айыр қалпақты ағайынмен рухани байланысымыздың тарихи тамыры тым тереңде жатыр. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен бауырластық байланыстарды әсіресе өнер әлемінен көптеп мысалға келтіруге болады. Соның бірі – мақамы мен мағынасы ұқсас дәстүрлі ән өнері десек, қазақ-қырғыз мәдениетіне ортақ тұлға, Қырғызстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Тоқтоғұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Саламат САДЫҚОВАНЫҢ өнері көпшілікті өзгеше өрнегімен сүйсінтеді.
– Саламат Момынқызы, Қазақстан, Түркия, Қытай, Германия, Италия, Франция, АҚШ, Жапония, Корея, Ресей, Өзбекстан, Араб елдері сахнасында өнер көрсетіп, «Әлемдік шебер» сертификатын иеленген екенсіз. Мұншалық зор ілтипатқа бөлену – дәстүрлі әншілердің өмірінде өте сирек кездесетін құбылыс. Мұны өнеріңіздің бастау-шыңы деуге бола ма, жоқ әлде мұнан да биік мақсаттарыңыз бар ма?
– Сіздің қойып отырған сұрағыңызға нақты жауап беру үшін әңгімені тым әріден бастауға тура келеді. Мен тоғыз жасымнан бастап әнші болуды армандадым... Бұған әрине көп адам сене қоймауы мүмкін. Бірақ шындығы солай. Біз де бақтың етегінде топтасып сақина салу, орамал тастау сияқты балалық шаққа тән ұлттық ойындармен әуестеніп, құрбылармен құлын-тайдай тебісіп өстік. Есейе келе әндетіп кілем тоқыдық. Ата-аналарымызбен бірге таң атқаннан қас қарайғанға дейін еңбек етіп, арасында кітапханаға бас сұғатынбыз. Касымалы Баялинов, Зуура Сооронбаева, Шыңғыс Айтматов сияқты көрнекті жазушылардың роман-повестеріндегі ару-қыздардың көркем бейнелеріне тамсанып бой түзедік. Мысалы, Ажар, Алтынай, Жәмила,Толғанай тәрізді асыл бейнелерге ілесіп, қиялға құлаш сермесек, басқа да халықтық қазыналарды – жыр-эпостарды, дастан-ертегілерді жастайымыздан жастанып оқыдық. Асқақ Алатаудың ұшар шыңына ұқсас мұз қиялымды сахараға самғатып, алып ұшқан жастықтың арман құсы бәлкім сол сәтте қанат қақты ма, кім білсін, әйтеуір қиындыққа қасқайып қарсы тұра білуді, өжеттік пен қайсарлықты кішкентай кезімізден бастап балғын сананың түбіне түйіп қоя білуді үйрендік. Өнер жолындағы жиған-терген абыройым мен адами қасиетімді жоғалтып алмай, биігімнен таймай, бітіміме нұқсан тигізбей, өмірге өкпе артпай осы дәрежеге жетуіме соның бәрі көмегін тигізген сияқты. Гастрольдік сапарлардан шет қалған сәттерім мен он жылдай Қазақстанға мүлде жолым түспей қойған кездерім еске түссе, көңіл құлазиды. Тіпті үйден шықпай, көптің көңілінен көше жаздап, әділетсіздік пен озбыр жандардың оспадарлығы жаныма қатты батса да сары уайымға салынып жатып алған жайым жоқ. Кісіні дүниеде мүлде елемей қоюдан, бар не жоқ демеуден асқан сұмдық қасірет жоқ-ау, сірә. Адамзат баласының бәрі ізгілік іздеп туады деген сөздің үнемі шынайы өмірмен қабыса бермейтінін, кез келген зұлымдық олардың ізгіліктің не екенін білмеуінен пайда болатынын есейіп барып, еске сақтап жүрміз. Мұны өмірде көрген-түйгені мол үлкен кісілер жақсы біледі. Қазір бәрі көрген түстей ұмытылды. Өткеннің қиындықтарын тәптіштеп жаңғыртқанмен ол күндер бәрібір қайта айналып оралмайды. Мен үшін бүгінгі іс-әрекетім мен ертеңгі тағдырым маңызды.
Сабырмен еңбек ете білген адам түбінде жеңетінін түсіндім. Өнерге кіршіксіз адал, өмірінде адам баласына қиянат жасамаған жанды халқы қадірлеп, түптің түбінде алдынан аңсаған айшуақ таңның арайлап атары хақ. Жанымды жабырқатпай әрдайым қасымнан табылған, тілектес, жанашыр бола білген халқыма, достарыма ризашылығым шексіз. Осының бәрі өнердің қасиетінің арқасы. Адами арыңды биік ұстап, кісілік келбетіңді сақтасаң, Құдай да саған назарын бұрмай тұрмайды. Маңыздысы – мақсат жолында тоқтап қалмау, сенімді жоғалтып алмау.
– Кей әннің бағын орындаушысы ашса, кейде керісінше ән арқылы орындаушының жұлдызы жанып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жатады. Сіздің өнердегі өрнегіңізді өзгерткен сондай әндер болды ма?
– Бір ән арқылы әншінің бағы жанып кетеді деген пікіріңізбен онша келісе қоймаймын. Неге десеңіз, әншілік – тал бесіктен жер бесікке дейінгі тіршіліктің құпия тылсымынан тарту етілетін киелі өнер. Күллі адамзатқа сүйіспеншілікпен ой салатын үлкен жүректі, жігерлі жан ғана ән өнеріне лайық тұлға деп санаймын. Әттең, бірақ жұрт қазір басқаша ойлайды. Сахна сайын даладан саналыны сарқып алар салттан айрылды. Бұрыннан айтылып жүрген халық әндерінің әуезін бұзып, жұртты арзан клиппен алдарқатқан «жұлдыздар» экранды жаулап алды. Әннің ырғағын бұрмалап, жауһар туындыларға көпе-көрінеу қиянат жасап жүргендер әбден жирендіріп бітті. Алдыңғы толқыннан ұялу, қысылып-қымтырылу дегенді мүлдем білмейтін бір толқын келді. Арналар да соларға икемделіп, қолдан «қуыршақ» жасауды әдетке айналдырған. Халық шоу бизнес пен таза өнердің аражігін ажырата алмай дел-сал. Сын оғының таза әншінің жүрегіне дәл қадалып жататыны содан. Мысалы, мен 80-ші жылдардың басында бар болғаны 25-ақ жаста екенмін. Ол кезде ауылға жаңадан түскен келінмін. Аупарткомның мәшинесімен күнде таңертең аудан орталығындағы театрға барамын. Ел арасынан шыққан талантты жастар театрдың жанынан жаңадан құрылған ән-би ансамблінде бас қосамыз. Арамызда түрлі кәсіптің иелері бар. Шетінен өнер десе, ішкен асын жерге қоятын шеберлер. Мені өнерге баулыған алғашқы мектебім – осы алтын ұя. Театрда басты рөлдерді сомдадым, қаншама концерт жүргіздім, бимен, әнмен қатар айналыстым. Ресейде, Польшада ән шырқадым. Ал енді Тоқтоғұл Сатылғанов атындағы мемлекеттік ұлттық филармонияның сахнасына 1987 жылы өткен көркемөнерпаздардың «Тогуз-қайрык» телефестивалінде Токтосун Тыныбековтің «Қыз жыры» әнін орындап шықтым. Құрамында Асанхан Жұмахметов ағамыз бастаған қырғыз музыкасының кілең корифейлері бар қазылар алқасы өнеріме өте жоғары баға берді. Әннің әр шумағын айтып бола бергенде жұрттың дуылдата қол соғып, сахнадан жібермей тұрып алған сәті әлі күнге есімнен кетпейді. Содан бері мен «Қамбарқан» фольклорлық-этнографиялық мемлекеттік ансамблінде өнер көрсетіп келемін. Репертуарымда халық әндерінен басқа қазақтың белгілі композиторларынан Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қоразбаев ағаларымыздың «Әгугай», «Өмірдің көбі кетіп, азы қалды», «Әдемі-ау», «Сағындым Алматымды», «Анашым» сияқты т.б. әндері бар. Жалпы, репертуарымдағы әндердің ұзын-ырғасы 300-ден асады. Арасында тек менің дауысыма арнап жазылғандары да кездеседі. Танымал авторлармен бірге жұмыс істедім. Әр әнді жүрек сүзгісінен өткізіп орындағандықтан, бұларды бөле-жармай, сәбидей аялаймын. Белгілі композитор Қалибек Тағаевтың «Өмір жолы», «Алатау, сенің жазың-ай», «Қалығұлдың жырлары», Қамшыбек Букалаевтың «Адасқан жаңбыр», Арзыбек Бедияровтің «Қайтып кел...» әндерін, сондай-ақ «Гүлдерайым», «Еркем-ай», «Қызыл гүл», «Ай нұры бізге төгілді» сияқты халық әндерін тебіренбей шырқау мүмкін емес. Соңғы жылдары авторлық шығармаларымды, атап айтқанда «Келіңдер, сыйласайық», «Халықтың қалауы», «Бұл өмір» (сөзі Қалқаман Сариндікі), «Қариялар азайып бара жатыр» (сөзін жазған Мұқағали Мақатаев), «Сыйыну» (сөзі Ақберен Елгезектікі) сияқты әндерімді көпшілік жылы қабылдап жүр. Мұхтар Шаханов ағамыздың «Ер Манастың елінде», Шәмші Қалдаяқовтың «Өмір-өзенін» жұрт ұйып тыңдайды.
– Басқа әншілерге қарағанда дәстүрлі өнерді насихаттаушылардың болмысы өзгешелеу қалыптасатын сияқты. Оларға қандай талап қойылады?
– Басқа жанрға қарағанда дәстүрлі әншілерге айрықша талап қойылуы заңды. Сәби кезінде бесік жырын тыңдап өспеген, ата-апасы ертегі оқып бермеген, фольклорлық әдебиеттен сусындамаған кісі комуздың үнімен бірге қалай кең көсіліп, кермиық даланың келбетіне келісті өрнек салады? Дәстүрлі әншілерге осы жағынан көбірек талап қойылғаны абзал. Көнеден келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз бен әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің берік сақталуына бірден-бір ықпал ете алатын бай дәстүрдің бірі – халықтың ән өнері. Басқа елдердің рухани қазынасын ескіліктің сарқыншағы санап, тағылық сипат тағып, ата дәстүрдің тамырына балта кезенген қилы кезеңдерден аман-есен өткен халықтың ендігі алға қойған мақсат-мұраты қолда бар байлыққа ие болып қалу ғана емес, оны көздің қарашығындай сақтап, одан әрі жаңғырту, дамыту екені сөзсіз.
Эстрадалық, опералық әншілерге қарағанда дәстүрлі әншілердің көркемсөз бен шешендік өнерге бір табан жақын тұратыны тағы бар. Сондықтан жыршылық өнерді насихаттаушылар мейірім мен ізгілікті дәріптеу жолында құмырсқадан бетер көп еңбектенуі керек. Еңбексіз, маңдайдан тер тамшылатпай елге жағу мүмкін емес. Құр қиялдан, халқыңның қанында жоқ әдет-дағдыға бой ұрғызып, есер әуенге еліктегеннен түк пайда жоқ. Демеушінің ақшасымен қымбат студияда фонограммамен ән жаздыру өнерге жатпайды. Өз басым дәстүрлі әншілік өнерді бабалардан бергі салт-санамызға ұялаған, ұят пен арға арқа сүйеген тәрбие мектебі, кәдімгі тәй-тәй басқан нәрестеге ұзақ ғұмыр тілегендей мейіріммен өрілген мінез, дана халқымыздың қатарында қарапайым өмір сүруге талаптану деп түсінемін.
– Белгілі композитор Түгелбай Қазақовтың «Жаңбыр төкті» әні қазақ-қырғыз сахнасында қатар орындалып жүрген кестелі әннің бірі. Халық әні «Жылқычының ыры», Нурак Абдырахмановтың «Аппақ сүйуу» әні де солай. Ал Қырғыз елінде қазақтың қай әндері көп тыңдалады?
– Тоқсаныншы жылдардың басында Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі Бішкекке гастрольдік сапармен келіп, филармонияда өнер көрсетті. Халық Қаhарманы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, күйші-композитор, дирижер, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиев ағамызды сонда бірінші рет көруім. Күйшінің тектілігі, тұла бойы толған ән, әуен, саз екені бекзат болмысынан байқалып тұрды. Ол кісі домбырада ойнағанда көк жүзінде қанатын кербез керіп, кең даланы тапжылмай сүйген тау қыранындай шабыттанып, сиқырлы әуенмен бірге жұртты қоса арбап, арқаланып кетеді екен. Мұндай құбылысты жақыннан тамашалау қандай ғажап! Нұрғиса ағамыздың «Ата толғауы» күйі концерттік бағдарламалардан түскен емес. Ал жиі орындалатын қазақ әндерінен «Әселім», КСРО халық әртісі Әлібек Дінішевтің репертуарындағы Абайдың «Көзімнің қарасы», сондай-ақ «Есіңе мені алғайсың», «Анашым» сияқты тамаша әндер қырғыз елінің үлкен мерекелік кештерінде жиі орындалып жүр.
– «Қырғыз-қазақ – бір туған» демекші, ондағы бауырлар сіздің өнеріңізді қалай құрметтесе, қазақ халқы да әндеріңізді сүйіп тыңдайды. Алғаш Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» әнін шырқағанда бар болғаны 16-ақ жаста екенсіз. Содан бері репертуарыңызға қазақтың қанша әнін қостыңыз?
– Ауылдан аудан орталығына жарты сағатта жаяулатып жетіп баратынбыз. Еңбек жолымды кіші мекенім Баткеннің Мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі қызметінен бастадым. Ол уақытта фонограмма деген атымен жоқ, барлық әнші жанды дауыспен орындайды. Ең алғаш Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» әнін Мәдениет үйінің эстрадалық ансамблі сүйемелдеуімен орындап шықтым. Білетінім жалғыз осы ән еді. Кейін Алматыға жолым түсіп, «Ауылым әнім», «Қоштасқым келмейді», «Бір ауыз сөз», «Өтерсің өмір», «Махабаттың жазылмаған заңы» сияқты жан дүниеңді еріксіз баурар әсем сазды әндерді тез үйреніп алдым.
– Соңғы уақытта қазақ ақындары өлеңдеріне жазған әндеріңізді жиі орындап жүрсіз. Соған қарағанда қазіргі қазақ поэзиясынан хабары бар кісі сияқтысыз. Бұл ретте кімдердің шығармашылығын бөле-жарып айтқан болар едіңіз?
– Ой-қиял әлеміне терең бойлап дағдылануыма түрткі болған нәрсе – кітап. Бала күнімнен жан дүниемді толтыратын жарық сәулені кітаптан ғана іздедім. «Абай жолының» төрт томдығын астананың әуежайынан сатып алдым. Біраз жыл бұрын Мұқағали Мақатаевты, Фариза Оңғарсынованы әлеуметтік желі арқылы гуглден тауып оқып жүрдім. Қазір Әбіш Кекілбайұлы мен Светқали Нұржанның кітаптарын оқуға құштармын. Сондай-ақ Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, биыл 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін әл-Фарабидің «Қайырымды қаласы» мен «Бақытқа жол сілтеу» трактатын түгел оқып шыққым келеді.
Әдебиет пен тарихқа көңіл бөлген елдің келешегі жарқын болмақ. Бұл бағытта Қазақстанда көл-көсір жұмыс істеліп жатқанын аңғардым. Бәрекелді!
– Адамның бойындағы қай қасиетін ерекше бағалар едіңіз?
– Абайдың қара сөзінен: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген тамаша тәмсілді оқыдым. Бұл сұраққа осыдан асырып жауап беру мүмкін бе. Дәл бүгінгі қоғамның тамырын тап басып айтылған сөз емес пе. Ең алдымен, халқыңның сүйіспеншілігіне бөленіп жүруден асқан бақыт жоқ сияқты. Ол үшін өмірге де, өнерге де адал болу керек. Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді дейді.
– «Ұстаз көрген», «үлкен кісіден бата алған» деген сөздер бар. Сіз кімді ұстаз тұтасыз?
– «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деген екен Мұхтар Әуезов. Мен үшін ұстаз – тіршіліктің шырағы! Жұмыр басты пенденің бәрі жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлғаға зәру. Өмірде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – Ұстаз. Бір әріп үйреткен ұстазға өмір бойы бас иіп өтуге міндеттісің. Біз көкірегі ойға толы Жамбылы мен Тоқтоғұлы, Айтматовы мен Әуезові бар, ұстаздықтың ұлағатты ұлы мектебі қалыптасқан халықпыз. Ұстазды ұлағат тұту санамызда талайдан бар. Адам баласы мұнсыз, жеке-дара, оқшау әлемде өмір сүре алмайды. Алайда олардың әлеуметтесуі дәл қазіргідей сынаққа душар болған емес. Соған байланысты дүние-танымымыз, түйсік-пайымымыз бөлек сипат алып бара жатыр. Құндылықты басқаша пайымдайтын саналық әрекет алға оза бастады. Ұстаз бен шәкірт жөніндегі түсінікті жаңа заман адамы миына біздің бұрынғы қабылдауымызда көшіріп сіңдіре салуы екіталай. Біз олардың осы талабымен санаса отырып өмір сүре білуді үйрене бастадық.
– Фонограммамен ән айтатын әншілерге жан-тәніңізбен қарсы адам екеніңізді білеміз. Өкінішке қарай, мұның көмегімен бүгінде екінің бірі әнші атанып жүр. Бұл мәселеге өнер иесі ретінде не айтар едіңіз?
– Бүгінде әншілердің фонограмманы қолдануы – әлеуметтік желіде жиі талқыланып жүрген өзекті мәселенің бірі. Бұл туралы қоғамда түрлі пікірлер айтылып жүр. Жанды дауыспен ән салу үшін әнші талантты болуымен қатар, қаржысы да болуы керектігі сөз етілуде. Себебі әртістің қалтасының қалыңдығы біраз түйткілді шешуге көмектеседі. Меніңше әуелі әншілерге жанды дауыспен ән орындауға мүмкіндік туғызып алуымыз қажет. Ән салғанда алпыс екі тамырың түгел шымырлап, ет-жүрегің бүлкілдеп, халықтың энергетикасын сезініп айтпаған соң, ол кімге керек? Өзіңді өтірік жұбатып, халықты алдап соғып тапқан тиын-тебеніңде не құн бар?! Шынайы өнермен ғана әншінің жұрт алдындағы жүзі жарқын, еңсесі тік. Ән шырқап тұрғанда залдың тынысын, тыңдаушының жүрегінің лүпілін сезінуің керек. Сондай сәттен ләззат алмаған соң, қалай өзіңді әншімін деп есептейсің. Шын мәнінде кімнің кім екені, деңгей-дәрежесі, қай жүйріктің қалай шабатындығы осындайда мәлім. Осы арқылы әншінің мүмкіндігін танып-біле аламыз. Жұрт та қазір шын өнер мен жасанды шоулардың аражігін ажыратып келе жатыр. Жанды дауыспен ән айту әншінің қарым-қабілетін, талантын шыңдауға жол ашады. Онда шынайылық бар. Мәселен, Америкада фонограмманы заңсыз пайдаланған адам заң алдында жауапқа тартылады екен. Ал Қытайда фонограммамен ән айтқан әншіге АҚШ ақшасымен 20 мың доллар айыппұл салынады деп естідім. Түрікменстанда 2005 жылдың тамызынан бастап сахнаға мұны мүлде жуытпайтын көрінеді. Өзбекстанның әншілері 2015 жылдың шілде айынан бері сахнаға тек жанды дауыспен шықса, Индонезия, Малайзия, Ұлыбритания елдерінде өнер иесінің деңгейі лицензиялау арқылы шешіледі дейді. Молдовада ресми концерттер тек таза дауыста өтсе, Әзербайжан елі тәртіпті заңмен бекітіп тастапты.
Бұл жерде телеарналар мен радиоға да көп нәрсе байланысты болып тұр. Аузын жыбырлатқан әншісымақтардың қаптап кетуіне олардың қосып жатқан «үлесі» аз емес. Нарық заманында мұндай талаптың орындалуы екіталай екенін білемін. Алайда ұлттық құндылықтарға зиянын тигізіп жатқан кемшіліктермен бірлесіп күреспесек болмайды.
– Белгілі тұлғалардың әлеуметтік желіде өз ресми парақшалары бар. Дәстүрлі өнерді насихаттаудың алаңы ретінде бұл мүмкіндікті сіз қалай пайдаланып жүрсіз?
– Әлеуметтік желіде біраз жыл бұрын мен тек mail.ru поштаға кіргенді үлкен жетістік деп ойлаушы едім. 2008-ден бастап жеке әнші ретінде менің өнеріме әлемдегі көптеген ірі концерттік ассоциациялар, Folk-продакшн компаниялар сырттай қызығушылық танытып, шақырулар келе бастады. Алғашқы кездері поштама келіп түскен мұндай хаттар мен шақыртуларға бара алмайтынымды айтып, жауап жазып жүрдім. Өстіп көп жылымды текке жоғалтып алған екенмін. Өйткені адам өмірге бір-ақ рет келеді. Көбіміз күнделікті тұрмыстың қамын күйттеп, жарық дүниеге келгендегі миссиямызды орындауға құлқымыз соқпай, бос әурешілікпен уақытымыздың қалай ұрланғанына мән бермейміз. Егер өнер иесінің өмірде өзіндік үні мен орны болмаса, соңында жарқырап жиылған асыл қазынасы тұрмаса, онда кім болғаны? Сол сияқты шетелдік әріптестерімнің маған жазған хаттары үлкен ой салды. Organic Music, Folk-продакшн, Max, World Massters сияқты әлемдік деңгейдегі дәстүрлі өнер жанашырларының маған деген ізгі ниеттері мен ықыласының арқасында тәжірибелі әншіге айналдым. Жаңа бір әлемнің есігі алдымнан айқарыла ашылғандай, көп нәрсеге басқаша қарауға үйрендім. «Өнерлі – өрге жүзеді» деген халқымызда қанатты қағида бар. Мұның терең мағынасына әлем танитын тамаша тұлғалармен араласқан сайын қайталай үңіліп, басқаша бойладым. Дүние жүзіне аты мәшһүр зиялы жандармен, кәсіби музыканттармен достастым. Ғаламтордағы желіден өз саламызға қатысты небір білікті мамандармен, әріптестеріммен арайлап атқан таңнан жұлдыз жанған кештерге дейін байланысымызды үзбей, амандық-саулығымызды біліп отыратын халге жеттік. Өркениеттің шексіз мүмкіндіктерін игілігімізге айналдыруға қолымызды жеткізген Жаратушы иемізге ризамын. «Ағаш тамырымен, адам досымен мықты», «Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам» дейді дана халық... Алайда ғаламды алқымнан алып, жаһан жұртшылығын алаңдатқан пандемия дерті бірлескен көп жобамызға қолбайлау болып тұр. Әлеуметтік желіні ашып қараудың өзі қорқынышты. Бейбіт заманда адам өмірінің қиылуы қандай қасірет. Жер бетіндегі бүкіл адамзат баласының амандығын тілеймін. Бауырлас қазақ-қырғыз халқының өнері өркендеп, дами берсін!
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»