Табиғат таңғажайыптары таусылмайды. Әбден зерттеліп, құпиясы толық ашылған құбылыстың өзінен адамзатқа таңсық көрініс байқалып, тың әсер табылып жататыны соның айғағы. Мысалы, жақында Алматы облысындағы Райымбек ауданы Нарынқол ауылының аумағынан тұрғындар ақ түсті қарғаны көріп, таң-тамаша болысты, - деп жазады Egemen.kz
Жалпы, қазаққа қарға таңсық емес. Біз торғай тәрізділер тобына жататын жыртқыш құсты күн сайын, еліміздің барлық аймағынан көріп жүрміз. Көрер көзге қарғаның екі түрі: қара қарға мен ала қарға жиі шалынады. Ал ақ түсті қарғаны жақыннан көрген адам сирек. Содан шығар, жұрт бұл құсты суретке түсіріп, бір игі жаңалықтың хабаршысындай көріп, қабылдап жатты. Тіпті, әлеуметтік желіде жарияланған ақ қарға туралы жазбаларға "Ақ қарға қасиетті құс, ол құт дарыған жерге қонады" дегендей наным-сенімге негізделген пікір де қаулады. Жұрттың бұлай пайымдауына жыртқыш құстар тобына жататын қанатталардың арасында түсі ақ болып келетін жан-жануардың кездеспейтіні де себеп болған сияқты. Шынымен де, қанаттылар класына кіретін жабайы құс атаулыдан аққу, қаз, дегелек, шағала сияқты жекелеген түрлердің ғана сипатында ақ түс кездеседі екен. Ал қарғаның ақ болғаның кім көрген?
Алайда, әуесқой орнитологтардың әр алуан пайымына ғылым басқа пәтуа береді. Анығында, құстардың түр-сипаты тек көрер көзге анық байқалатын әсемдік символы ғана емес, туа бітті қорғаныс қызметінде де атқарады екен. Сол себептен де жер бауырлап ұшатын құстардың түсі негізінен қара немесе сұр түсті болып келеді-мыс. Өйткені, осы екі түс оларды басқа да қырағы көзді жыртқыш құстардың тырнағынан құтқарады екен. Яғни, құстар ғана емес, жан-жануар әлемі өкілдерінің дені қоршаған ортадағы ең қанық түс – өсімдік пен топырақ түстес болып жаратылатыны ғылым мойындаған құбылыс. Сол себептен де біз айналамыздан қара, қоңыр, көкшіл, сұр, ала, төбел түсті құстарды жиі көреміз. Ал олардың арасынан ақ қарғаның арагідікте көрініп қалуы да қалыпты жағдай екен. Мұны ғалымдар жаратылысқа тән альбинизм сипатымен түсіндіреді. Әрі ізденіп көрелік. "Альбинизмге шалдыққан организмді альбинос деп атайды. Альбиностардың жарықты сезінуі өте жоғары болады. Альбиностар (лат. albus – ақ) – туа пайда болған жануарлар мен адамның тері қабатында және көздерінің нұрлы қабығында түрлі түс беретін пигментті клеткалары болмайтын жеке дара түр. Альбиностық белгі тұқым қуалайды. Ол гомозиготалды организмдегі рецессивті генмен тікелей байланысты, жануарларда меланин, ал жоғары сатыдағы өсімдіктерде хлорофилл пигменттерінің түзілмеуінен пайда болады" деген анықтама береді бұл жайында wikipedia.org. Демек, көп қарғаның ішіндегі ақ қарға туралы наным-түсінікке аса бір конспирологиялық сипат берудің маңызы жоқ сияқты. Бұл табиғаттағы түрлі дамудың бір дәлелі ғана болып қалады. Өкініштісі, өз тобынан дараланып көрінетін мұндай жануарлардың тіршілік ғұмыры ұзақ болмайды екен. Әуелі қатер төндіретін сыртқы дұшпаннан жасырына алмайтын альбинос құстар жыртқышқа жем болатын көрінеді. Және ақ қарғаның Нарынқолдағыдай аулаға қонғанын 2016 жылы Қызылорда облысының тұрғындары да байқаған болатын.
Айтпақшы, орыс халқында "ақ қарға" ұғымы жеке мағына беретін атауға ие екен. Былайша, "Белая ворона" - мағынасы қарай жағымды және жағымсыз сипатталатын ұғым ғана. Әдетте бұл сөзді Чехов өз заманындағы шенеуніктердің мінез-құлқын дәл суреттеуге көп қолданған. Мысалға, жүйедегі қатал, жемқор, білімсіз, тоғышар адамдардың арасындағы иі жұмсақ жанды "көп қарғаның арасындағы ақ қарға" деп айтқан. Жалпы, қарға туралы қазақ түсінігі де жақсы лебіз айтпайды ғой, оған "Жүз жыл жасаған жаман қарға", "Қарға қарғаның көзін шұқымайды" деген сияқты сөздің мәтелі дәлел болса керек.
Алматы облысы