«Нағыз қазақ – домбыра» десек, сол қазақтың қазақылығын танытатын тұшымды іс-шаралар Ұлттық домбыра күні қарсаңында да өнерсүйер қауымды қуантты. Қуаныштың себебі – мектеп оқушыларына арналған «Домбыра» оқулығының тұсаукесері.
Өткен жұмада Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра мәдениеті: дәстүр сабақтастығы және білім берудегі мәселелер» атты онлайн-конференция өтті. Алқалы жиын аясында Халықаралық Түркі академиясы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша дайындап шығарған «Домбыра» оқу құралының тұсаукесер рәсімі өтті. Өскелең ұрпаққа арналған оқулықтың авторы белгілі күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры – Жанғали Жүзбай.
– Домбыра – қазақтың жаны. Ұлттық аспапты өскелең ұрпаққа үйрету һәм оны арнайы мектеп бағдарламасына енгізу – бұл ұлттық болмысты сақтауға бағытталған тағылымы мол қадамдардың бірі деп санаймын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 7 маусымында «Ұлттық домбыра күні» мерекесінде домбыраны арнайы пән ретінде мектептерге енгізу керектігі жөніндегі пікірі негізінде осындай ой туындап, кітап жазу ісін қолға алған болатынбыз. Болашақ үшін пайдалы еңбек деп ойлаймын, – деді кітап авторы.
Онлайн форматта өткен конференцияға Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры, өнертану ғылымдарының докторы Тойжан Егінбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал күйші Жанғали Жүзбай, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Дәстүрлі музыка факультетінің деканы, өнертану ғылымдары Phd докторы Ержан Жәмеңкеев, Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Ерлан Дәкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнертану ғылымдарының магистрі Әлқуат Қазақбай, Нұр-Сұлтан қаласындағы оқушылар сарайының бас директоры Ербол Іргебай, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры Сержан Мұсайынов, «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік бірлестігінің «Халық қазынасы» ұжымының жетекшісі Ерлан Рысқали және белгілі ғалымдар, бірқатар салалық, оқу орындары мен өнер саласындағы ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылдың 7 маусымында «Ұлттық домбыра күні» мерекесінде домбыраны арнайы пән ретінде мектептерге енгізу керектігі жөніндегі пікірі жарияланған болатын. Осыған орай жалпы білім беретін мектептерде қасиетті аспабымызды оқыту жұмыстары қарқын алып, «Домбыра» пәніне арналған оқу құралына қажеттілік туындады.