Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясына қарсы күресте жанқиярлық көрсеткен медицина қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды.
– Бүгін сіздерге табыс етіліп отырған мемлекеттік награда – қоғамның шынайы құрметі, ақжүрек алғысы деп біліңіздер. Барша медицина қызметкерлері, медбикелер, жедел жәрдем жүргізушілері бірнеше айдан бері қатерлі індетпен жан аямай күресіп, мыңдаған адамды ажал аузынан құтқарды. Науқастардың өміріне ара түсіп, өз денсаулығын да тәуекелге байлады. Қандай қиындыққа қарамастан Гиппократ антына адал болды. Біз осы коронавируспен күресте өздері де індет жұқтырып, сырқаттанып қалған әріптестеріңізге тезірек жазылып шығуын тілейміз, – деді өңір басшысы Ғали Есқалиев дәрігерлерге марапатын тапсырып тұрып.
Бұл күні «Парасат» орденімен – Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Бибігүл Айтбаева, «Құрмет» орденімен – облыстық көпбейінді аурухананың дәрігері Марат Балшамбаев, «Ерен еңбегі үшін» медалімен – облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының реаниматолог-дәрігері Салауат Ағдауов, облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігері Данияр Әренов, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының аға медбикесі Әлия Маужанова, «Шапағат» медалімен – облыстық көпбейінді аурухана медбикесі Әсима Гасина, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен облыстық кардиологиялық орталық медбикесі Венера Мырзағалиевалар марапатталды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Болатбек Қаюповтың айтуынша, бүгінде өңірдегі эпидемиялық ахуал өте күрделі. Инфекциялық және провизорлық стационарларда 717 науқас ем алуда. Оның ішінде 92 науқастың жағдайы өте ауыр. 52 адам оттегі тапшылығын басу үшін арнайы аппаратқа мұқтаж. Аудандық ауруханаларда провизорлық бақылау үшін арнайы кереуеттер дайындалған, 4 аудан науқастарды емдеуге әзір. Ауруханалар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылған, қосымша тағы жеткізілуде.
Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында бүгінде 20 медбике, 30 кіші медициналық қызметкер жетпейді. Орал қалалық көпбейінді ауруханада да 30 медбике, 40 кіші медициналық қызметкер тапшы. Дәрігерлер қазір тәулік бойы қызмет етуде. Індетпен күресте өңірде 700-ден аса медицина қызметкері жұмылса, соның 150-ден астамы вирус жұқтырып, ауырып шыққан.
Covid-19 ең алдымен дәрігерлерге қауіпті болғанын бүгінгі шарадан да аңғаруға болады. Өйткені марапаттауға шақырылған 15 адамның көпшілігі салтанатты шараға қатыса алмапты. Олардың кейбірі ауырып қалған, кейбірі жұмысынан босап келе алмаған.
– Жасыратыны жоқ, біздің өңірдің денсаулық саласында түйінді мәселелер бар. Оның ең үлкені – маман тапшылығы. Жақында медициналық институт, колледж бітірген мамандар келеді. Ауруханаларды медициналық жабдықтармен қамтимыз. Ең бастысы, дәрігерлер сіздер аман болыңыздар! Сіздер аман болсаңыз, жұрт аман болады, – деді өңір басшысы Ғали Есқалиев.
Батыс Қазақстан облысы